Жаңалықтар

«Тараз» өз алаңында басым түсті

«Тараз» өз алаңында басым түсті

Футболдан ел чемпионатының бірінші лигасында өнер көрсетіп жүрген «Тараз» командасына жанкүйерлердің көңілі күпті. Қашан «Премьер-Лигаға оралады деп күтіп жүр. Дегенмен, жергілікті жас жігіттерден құралған жерлестеріміз биыл маусымның алғашқы ойындарын сәтті бастады.

Бірінші лига ойындарының алтыншы турында «Тараз» өз алаңында Оралдың «Ақжайық» командасын қабылдады. Алма кезек шабуыл болғанымен, ойынның бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Қызықтың барлығы екінші 45 минуттың ішінде болды. Ойынның 48-минутында тараздық Санжар Төленбек есеп ашып, жерлестерімізді алға шығарды. Санжардың шамамен 25 метр жерден қақпаға шірене тепкен соққысына қарсылас команданың бірнеше қорғаушылары тосқауыл бола алмағанын айта кетуіміз керек. Ойынның 62-минутында Дияс Орынбасар есепті еселеді. Дегенмен, екі голдан соң сәл босаңсып қалды ма, 69 минутта «Ақжайық» ойыншылары есеп айырмасын қысқартты. Осыдан кейін де тараздықтар серпілді. Ойынның 75 минутында Диас Орынбасар қақпашыны еркін алдап, осы ойындағы екінші голын соқты. Осы жеңісінен кейін де «Тараз» турнир кестесіндегі төртінші орнын сақтап қалды. Олардың 6 ойыннан жинаған 12 ұпайы бар. Жерлестерімізден аз ғана ұпаймен озып тұрған «Жетісай», «Екібастұз», «Каспий Ақтау» командалары да алтыншы турда қарсыластарын ұтып, ұпай жоғалтқан жоқ. Жерлестеріміз осы қарқынынан танбаса, алда жанкүйерлерін қуанта беруге мүмкіндіктері бар.