Жаңалықтар

Жамбылдық спортшылардың жарқын жеңісі

Жамбылдық спортшылардың жарқын жеңісі

Қай кезде де әулиеаталық өрендердің спорттағы жетістігі ел назарында. Әсіресе, жерлестеріміздің бокс бәсекесі мен бозкілемдегі жарқын жеңістері аймақ абыройын ғана емес, ел намысын асқақтатып келеді. Түрлі додаларда алтын еншілеп, болашағынан үміт күттіретін спортшы екенін әйгілеген таланттарымыз – Аружан Адасхан мен Гүлдана Таңжарықова жуырда халықаралық турнирде өз салмақтарында үздік атанды.

Талдықорған төрінде дзюдодан өткен айтулы жарыста қос бұрымдының бабы келісіп, бағы жанды. Нақты айтқанда, 57 және 63 килограмм салмақта белдескен қаракөздеріміз жылдамдық пен шапшаңдықтың арқасында жеңіске жетті. Жалпы, жарыс жолында қарсыластан бәсі биік болу үшін әрбір спортшы күнделікті жаттығуда өз-өзіне аяушылық танытпасы анық. Өз кезегінде әрбір жаттықтырушы шәкірттерінен осыны талап етеді. Фарида Тастекованың тәлімін алған аруларымыз үкілеген үмітті ақтап, Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының абыройын кезекті рет аспандатты. Қарсылас шақ келтірмеген қыздарымыздың жеңісті жолын Қызылжар қаласында түндігі түрілген жарыста ұлдарымыз да сәтті жалғай білді. Еркін күрестен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел біріншілігінде Мирас Талғатұлы, Жақсылық Қуаныш және Әбдінұр Нұрланбек чемпион атанды. Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының шәкірттері 52, 57 және 63 килограмм салмақта атой салып, шын мықты екендіктерін дәлелдеді. Айта кетейік, дәл осы шаһарда грек- рим күресінен U-20 жасқа дейінгі жастар арасында ел чемпионаты өткен болатын. Тартысты өткен турнирде Абзал Төлеевтің шәкірті Юсуф Ашрапов жеңіс тұғырынан көріне білді. Батыр ұл әрбір белдесуде қарсыластарының осал тұстарын тиімді пайдаланып, жеңісті бір табан жақындатуға күш салды. Нәтижесінде өз салмағында жеңімпаз атанып, тұғыр биігіне көтерілді. Бұл күндері балуандарымыз бозкілемде қарсыластарын алып та, шалып та жықса, боксшыларымыз шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмады. Айталық, Түркістан қаласында бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирде Асылхан Көшербай 67 килограмм салмақта өнер көрсетті. Бақтияр Артаевтай елдің ұлын баптаған әйгілі жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпековтің көзі түскен жас ұлан жеңіс туын биікте желбіретті.  

Әшірәлі КЕНЖЕҒАРА,

облыстық Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының қызметкері.