Жаңалықтар

Республикалық турнирде еңсеміз жоғары

Республикалық турнирде еңсеміз жоғары

Әулиеата жерінің бокс тарихында жеткен жетістіктері орасан. Қазіргі кезде де бәсіміз жоғары. Оны рингте жұдырықтасқан жігіттеріміз де, бұрымдыларымыз да талай мәрте дәлелдеп жүр.

Семей қаласында 2008-2009 жылдары жасөспірім қыздар арасында өткен республикалық турнирде облыстық Олимпиада жеткіншектерін даярлайтын орталықта жаттығатын жамбылдық бұрымдылар екі алтын, төрт күміс, бір қола медальмен оралды. Атап айтқанда, 54 килограмм салмақта Жанерке Әбдірахманова, 70 килограмм салмақта Алина Досалы барлық қарсыластарын еркін ұтып, алтыннан алқа тағынды. Тек финалда ғана сүрінген 46 килограмдағы Аружан Бақтыбек, 60 килограмдағы Русалина Шарипова, 66 килограмда Диляра Тұрсынбек, 75 килограмда Албина Лес күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, 63 килограмм салмақта өнер көрсеткен Карима Жарылқасын қола медальді қанағат тұтты. Боксшы жерлестеріміздің бапкері – Мейірбек Шеңгелбаев. «Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Әр өңірден келген боксшылардың да осалы болған жоқ. Дегенмен, біздің қыздарымыз намысты қолдан бермей, жалпы 7 медальға қол жеткізді. Бұл жеңімпаз және жүлдегер шәкірттерімнен алда да үміт күтемін», – деді ол.  

Есет ДОСАЛЫ