Жаңалықтар

Балық өсірген байлыққа кенеледі

Балық өсірген байлыққа кенеледі

Өңірде жыл санап балық шаруашылығының әлеуеті артып келеді. Оны облыс аумағында көбейіп жатқан су айдындары мен осы салаға бөлініп жатқан субсидия көлемінен де аңғаруға болады.  Қазіргі таңда облыста балық шаруашылығына бағытталған 2021-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Бұл ретте өңірде балық өсірумен айналысатындар көбейіп, өнімдерді шетелге экспорттау мүмкіндігі ұлғаюда.

Балық шаруашылығымен айналысу бұған дейін табысты кәсіп санатында емес еді. Алайда, аталған бағдарлама іске қосылғалы өңірде балық өсіріп, байлыққа жетем дейтіндер күрт көбейді. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Ғалиевтің айтуынша, биыл облыста жоспар бойынша 1375,9 тонна балық, оның ішінде 904,6 тонна сазан, 47,3 тонна форель өсіру жоспарланып отыр. Салыстыру үшін 2022 жылы 483 тонна, 2023 жылы 867,6 тонна, оның ішінде форель 623,6 тонна, сазан 244 тонна болған еді. Жыл басынан бері өңірде 1251,6 тонна балық ауланған, оның ішінде Балқаш көлінде 1224,1 тонна, жергілікті балық шаруашылығы су қоймаларында 27,5 тонна балық ауланған. Қазіргі уақытта облыста жергілікті маңызы бар 131 балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі (2022 жылы 142 балық шаруашылығы су айдыны болған) бар. Жергілікті маңызы бар 97 су объектісі 95 табиғат пайдаланушыға бекітілген. 34 балық шаруашылығы су қоймалары бос тұр. Балық аулауға квота бір жылға беріледі. 2023 жылдың 1 шілдесінен 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін лимит 1772,4 тоннаны құрады, оның ішінде Балқаш көлі бойынша 1730 тонна, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары бойынша лимит 42,4 тонна. Бүгінде жамбылдықтар сазан өсіруге көбірек қызығушылық танытып отыр. Себебі, сазанның тез өсуіне соншалықты ерекше талаптың қажеті жоқ. Шығын аз кетеді. Шамамен екі жасында сазанның салмағы 1,5-2 келіге жетеді. Мәселен, «Жанболат» шаруа қожалығы бір жылда 25 тонна, «Бағдатбек» шаруа қожалығы екі тонна, «Тоба» шаруа қожалығы 40 тонна, «Жуалы и К» ЖШС 117 тонна, «Сандель-Агро» ЖШС бес тонна, «Арслан» жеке кәсіпкерлігі бес тонна, «Алтын бұлақ» шаруа қожалығы 50 тонна сазан өсірген. Балықтың форель сұрыпы сазаннан кейін екінші орында тұр. Бұл балықты өсіріп жатқан шаруашылықтар аз емес. Мысалы, «Атамекен» шаруа қожалығы бір жылда 20 тонна форель, «Ислам» шаруа қожалығы 50 тонна, «Сүйіндік» шаруа қожалығы 45 тонна, «Саурамбаев» жеке кәсіпкерлігі алты тонна, «МЕРЕДИАН» ЖК 10 тонна форель өндірді. «Янтарь» ЖК 90 тонна, «Айжан» ЖК 95 тонна, «Қордай балық» ЖШС 220 тонна, «Балық өнеркәсібі» ЖШС 2,6 тонна, «Тараз Эко Фиш» ЖШС 20 тонна форель өсіріп, көл-көсір пайда көріп отыр. Меркі ауданындағы «Bester Yard» ЖШС жамбылдықтарды көптен бері африкалық сомның етімен қамтамасыз етіп келеді. Бұл жылуды жақсы көретін балық, сондықтан бассейндегі температураны 26 градустан сәл жоғары ұстау керек. Уылдырықтың сау болуын қамтамасыз ету үшін көбейту процесі жасанды түрде жүргізіледі. Мұнда соңғы уақытта сомнан бөлек, форель өсіріледі. Қазір бес мың шабақ бар. Болашақта бекіре өсіру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде үш мың балық алдыруға келісімшарт жасалған. «Bester Yard» ЖШС жылына 20 тоннаға жуық африкалық сом алады. Өнімдер жергілікті нарықта сатылады. Қытай сом етіне қызығушылық танытып отыр. Бірақ өндіріс көлемі аз болғандықтан балықты жеткізу тиімсіз. Құрылысы жүріп жатқан жалпы қуаттылығы жылына 130 тонна балық өндіретін зауыт бұл мәселеден жол табуға көмектеседі деп күтілуде. Зауыт биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Болашақта балық филесінен шұжық өндіру де серіктестіктің маңызды жоспарларына еніп отыр. – Мұндай шұжықтарды өндіру идеясы соңғы кездері балық өсіретін шаруашылықтар санының айтарлықтай өскенімен байланысты. Көпшілігінде балық өнімдерін өңдейтін цех бар. Дегенмен, ауқым әлі де аздау. Мұндай жағдайларда балық шұжығының танымалдылығы артпаса, кемімейді. Себебі, балық филесінде бірқатар май қышқылдары болады, ал оның пайдасы мол, – деп түсіндірді ЖШС директоры Татьяна Боровикова. Балық өндірісінің ұлғаюы бизнестің осы салаға қызығушылығының артуына, әсіресе салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуіне тікелей байланысты. Балық шаруашылығының салық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ, инвестиция есебінен өтемақы алуға мүмкіндігі бар. Бұған қоса, олар жем құнының бір бөлігін және шабақтарды, дәрі-дәрмектерді және бағалы балық түрлерінің аналығын сатып алу құнын жабатын субсидияларға сенім арта алады. – Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен субсидиялауға 281 миллион теңге бөлінді, оның 204,3 миллион теңгесі балық азығын сатып алу шығындарының 30 пайызын субсидиялауға және 76,7 миллион теңгесі балық егістік материалдарын субсидиялауға, – деді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Ғалиев. Өткен жылы Kezekte.kz BALYQSHI ақпараттық платформасы арқылы 18 тауар өндіруші балық жемі мен асыл тұқымды балық сатып алу шығындарын субсидиялауға 45 өтінім берген. Шығындарды өтеуге берілген субсидиялар көлемі 222 миллион 714 мың 069 теңгені құраған. Ағымдағы жылы балық шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлініпті. Оның ішінде балық азығын сатып алуға кеткен шығындардың 30 пайызын өтеуге 130,1 миллион теңге, балықтың тұқымдық материалын сатып алуға 65,9 миллион теңге жұмсалған. Т.Рысқұлов ауданындағы Аманжол Шіндебаевтың «Номад» шаруа қожалығында 2022 жылдан бастап балық шаруашылығы қарқынды дами бастады. Осы уақыт ішінде мұнда 200 тонна форель өндірілген. Аманжол Шіндебаев балықтың ішкі нарықта сұранысқа ие екенін айтады. Мұнда өндірілетін балықты шетелде де жақсы қабылдайды. Сонымен қатар, кәсіпкер тағы бір үлкен жоба – балық азығын шығаратын зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. Олардың сапасы импорттық әріптестерінен жоғары болатынын айтады. Өндіріс көлемі бастапқы кезеңде тәулігіне 40 тоннаны құрамақ. Қазірдің өзінде қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. – Ресейде біздің балыққа сұраныс күннен-күнге артып келеді. Алғашында 50 тонна балықты жергілікті нарыққа өткізіп, қалғанын Ресейге жөнелттік. Енді көрші ел жеткізу көлемін көбейтуді сұрап отыр. Одан бөлек, арнайы цех салуды бастадық. Бұл жылына 400 тонна форель өндіруге мүмкіндік береді. Бірінші міндет – өзімізді жеммен қамтамасыз ету, ал өнеркәсіптік ауқымға жеткенде ішкі нарықты қамтамасыз ету. Балықтың дәмі жемнің сапасына байланысты. Бұл химикатсыз табиғи өнім болады. Қазір нарықтағы жемнің барлығы дерлік импортталады, бағасы келісіне 1100 теңгеден басталады. Ал, біз бағасы 1500 теңге тұратын сапалы тамақ аламыз. Бір келі балық өсіру үшін 1,1 килограмм жем қажет. Соңғы уақытта жергілікті нарықтағы балық әлдеқайда арзандап кетті, бұл біз үшін тиімсіз болып отыр. Елестетіп көріңізші, 2022 жылы форельдің бір келісі 3500 теңге болса, қазір 2200 теңгені құрайды. Барлық шығынды есептегенде 2500 теңге. Яғни, біз шығынға ұрынып отырмыз. Жемді өзіміз өндірсек, айтарлықтай пайда табамыз. Бізге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіліп, құрылыс, құрал-жабдық, жем, шабақ сатып алуға кеткен шығындардың бір бөлігі өтеледі», – дейді Аманжол Шіндебаев.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ