Олжалы оралған оғландар
Олжалы оралған оғландар
«Заманауи қару-жарақ пен техниканың үлесін, әсіресе, жоғары дәлдігі бар құралдар, ұшқышсыз аппараттар мен роботтандырылған кешендердің санын арттыру қажет. Ал, әскердің ұтқырлығын көтеру үшін әскери-көлік авиация мен жауынгерлік машиналар паркін көбейту керек. Сарбаздарымыз қайсар, батыл, сондай- ақ білімді болуы шарт. Жауынгерлердің бойына отаншылдық, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Олар нағыз азамат деген атқа лайық болуы қажет. Бір сөзбен айтсақ, армия – бұл рухани тәрбие орталығы. Біз қатыгездік, әлімжеттік сияқты қоғамға қауіпті үрдістерге жол бермеуіміз керек»,– деп атап өткен еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкілармиялық кеңесте. Бұл ретте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әлеуеті де жыл санап артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Бүгінде жауынгерлеріміз заманауи әскери қару-жарақтар мен құрылғыларды меңгеріп, адал міндетін мінсіз атқаруда. Әлемдік әскери сынақтарда да ешкімге есе жібермей, ел абыройын арттыруда. Мәселен, күні кеше ғана Луговой горнизонының сарбаздары «Пәкістан әскерінің командалық рухы – 2024» халықаралық байқауынан елге алтын медальмен оралуы да отандық әскери саланың әлеуетін әуелеткен нәтиже деп айтуға болады. Айта кетсек, айтулы жарыс Пәкістанның Равалпинди қаласында өткен еді. Әскери-спорттық турнирдің кезеңдері жау нысанасын анықтау, тұтқиылдан шабуыл жасау, артиллериялық атысты реттеу сынды кезеңдерді қамтыды. Сондай-ақ, барлаушылардың міндеттеріне медициналық көмек көрсету және шартты түрде жараланған адамды эвакуациялау, аумақты миналардан тазарту, түнде су кедергісін еңсеру, Калашников автоматын ату кіреді. Жарыстың қиындығы күрделі тапсырмаларды жау басып алған бейтаныс таулы аймақта орындауында болды. Жарысқа барлығы Бахрейн, Иордания, Ирак, Қазақстан, Катар, Сауд Арабиясы, Мальдив аралдары, Марокко, Пәкістан, АҚШ, Таиланд, Түркия, Өзбекстан және Шри- Ланка командалары қатысты. Әскери өмірге аты мәшһүр осыншама азулы мемлекеттермен бірге иық тіресіп, жерлестеріміздің жүзден үздік, мыңнан дара шығуы шынымен де ауыз толтырып айтарлықтай үлкен абырой. – Өткен жылы Қазақстан құрамасы алғаш рет «Пәкістан әскерінің командалық рухы» жарысына қатысты, содан кейін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері Пәкістанға аттанды. Биыл Қазақстанның намысын қорғау «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлаушыларына сеніммен тапсырылып, сарбаздарымыз бұл сенімді абыроймен ақтап, елге алтынмен оралу бақыты бұйырды. Туыстарымыз, әріптестеріміз де бәрімізге жауынгерлік рух беріп, үлкен қолдау көрсетті. Әрине, барлаушыларымыздың жақсы дайындығы, олардың ептілігі мен төзімділігі жеңіске жетуде маңызды рөл атқарды. Жарысқа қатысу үшін топты дайындау Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу-жаттығу орталығының базасында жүргізілді. Өйткені бұл полигонның географиялық-климаттық жағдайы қазақстандық әскери қызметшілер үшін өз міндеттерін тұрақты орындайтын жағдайға ұқсас. Жарысқа дайындығымыз жүз пайыз тыңғылықты болды. Байқау барысында да қарқынымызды бәсеңдетпей, сол қарқынды ұстандық. Біздің жауынгерлеріміздің үйлесімділігі мен ұйымшылдығы, тамаша тау дайындық шеберлігі, жоғары физикалық төзімділік пен табандылық команданы жеңіске жетеледі. Бізге сенім артқан саладағы әріптестерімізге алғыс айтамын, – дейді 03811 әскери бөлімі командирінің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары, подполковник Абзал Жәнібеков. Ал, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы барлау басқармасының бастығы Ербол Серғазин жарысқа қатысу үшін топтың дайындығы ағымдағы жылдың қаңтарында басталғанын айтуда. – Топты әскери бөлім командирінің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары, подполковник Абзал Жәнібеков пен таудағы дайындық нұсқаушысы, майор Ұлан Етекбаев дайындады. Жер бедерінің үлгісін жасау және жауынгерлік бұйрық беру кезеңінде тапсырманы орындауға бір жарым сағат бөлінсе, қазақстандық команда тапсырманы небәрі бір сағатта орындап шықты. Топ командирі, аға лейтенант Жандос Бектұр жиырма сұрақтың барлығына дұрыс жауап беріп, команда үздіктердің бірі деп бағаланды. Радиациялық химиялық және биологиялық қорғаныс бойынша сынақтар мен нормативтерді тапсыру кезінде үшінші санатты сержанттар Ержан Сейіт пен Ысмайыл Нұржігіт және аға сержант Дәулет Зиятбек жарысқа қатысушылардың барлығының ең жақсы уақытын көрсетті. Біздің жігіттер медициналық көмек көрсету стандартын орындауда үйлесімді әрекет етті, – дейді ол. Сол секілді үшінші санаттағы сержант Асқат Есеналиев, ефрейторлар Ержан Сәлипұлы мен Дәулет Мұхамбет тапсырманы мүлтіксіз әрі қысқа мерзімде орындап шықты. Ал, жаралыларды эвакуациялау кезеңінде ефрейтор Серік Ынтықбай салмағы 50 килограмм болатын екі қапты алып жүруден алдына жан салмады. Қазақстандықтардың тамаша физикалық дайындығы, үйлесімділігі, төзімділігі мен жоғары командалық рухы олардың жарыста сәтті өнер көрсетуінің кепілі болды. – Біздің команда жарыстың барлық кезеңдерінде, байланыс нормаларын сақтауда, бағдарлау және картамен жұмыс істеу, кенеттен жауға қарсы тұру кезінде де шебер әрекет етті. Артиллерияны бағыттауда да біздің жігіттер нысанаға дәл тиді. Таудағы дайындықты жақсы білу қазақстандық әскери қызметшілерге су кедергісін сәтті жеңуге көмектесті. Ал рейд, топты шығару және эвакуациялау кезеңінде Пәкістан армиясының генералдарының бірі қазақтардың әрекетін бақылап, қазақстандық барлаушылардың ұйымшылдығын жоғары бағалады. Айта кету керек, айтулы жарыс толығымен ағылшын тілінде өтті. Қазақстандық команда мүшелері ағылшын тілін меңгергенімен, егжей-тегжейлі қиындықтарды еңсеруге команданың аудармашысы, подполковник Бейбіт Машқанов көмектесті. Өз кезегінде бұл да ұжым әрекетінің сәтті әрі нәтижелі болуына оң әсер етті. Бұл дода қиын, бейтаныс ұрыс жағдайына жақын жерде психологиялық дайындығымыз бен физикалық төзімділігімізді тексеруге тамаша мүмкіндік болды, – дейді подполковник Ербол Серғазин. Осылайша, Отан қорғаушыларымыз халықаралық аренада өзінің жан- жақтылығын іспен дәлелдеп олжалы оралып отыр. Олардың алдыңғы шептен көрініп, алтыннан таққан алқасы енді Қазақстан Қарулы Күштері мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеңіс арсеналын толықтырды.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ