Жаңалықтар

Әкемнің ерлігімен мақтанамын

Әкемнің ерлігімен мақтанамын

Ел басына күн туған шақта мыңдаған ел азаматтары қолына қару алды. Өзінің амандықтарынан елдің тыныштығын артық көрді. Солардың бірі – менің әкем, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Мектеп Дүйсембиев. Биыл әкемнің туғанына жүз жыл.

Әкем алты айлығында жетім қалған. Жансыз жатқан анасының қасында еңбектеп жүрген жерінен сол кездегі баласы жоқ туыс жеңгесі көтеріп алып, арқалап алып кетіп өсірген. Арада он екі жыл өткенде, әлгі жеңгем өзі ұлды болыпты. Әкеміз 1945 жылы 2 ақпанда Ташкент қаласында тұрған кезінде соғысқа шақырылыпты. Белсенді армия атқыштар танк дивизиясының құрамына қабылданып, 13-ші Гвардиялық механикаландырылған танк дивизиясының сапер взводының командирі болған. Әкеміз бүкіл Еуропаның бірнеше мемлекетінің аумағынан өзге сарбаздарымен бірге жаяу жүріп өткен кісі. Ленинград облысы, Новгород облысы, Пала стансасы, Выру қаласы, Эстония жерлерін миналардан тазартуға қатысқаны да – тарих. 1954 жылы Австриядан туған жерге оралды. Өмірінің қиын жылдарына қарамастан, қазір еске түсірсек, әкеміз ешқашан өзінің қиын тағдыры туралы айтқан емес. «Сендер бақыттысындар, әке де, аналарың да бар. Ал, мен әке-шешемнің түрін де білмеймін. Өте қиын болды. Бір үзім нанға зар болдым», деп көзіне жас алатын. Әкеміз біздің тату, көпбалалы отбасының тірегі болды. Анамызбен ұзақ та бақытты өмір сүріп, бізді адалдыққа, шындыққа, еңбекке тәрбиеледі. Сексен жасында атқа мініп, тоқсан жасына дейін көзәйнекті газет оқығанда ғана қолданатын. Құлағының есту қабілеті де жақсы болды. Әкеміз біздің жүрегімізде ұмытылмас із қалдырды. Дегенмен, соғыс қимылдары жүргізілген елдерден оралуы күрестің басы ғана. Қиындыққа қарамастан, әкеміз табандылық пен әділдіктің үлгісі болды. Ол кісінің әңгімесі өткен жылдардың жай ғана шежіресі емес, бүгінгі және келешек ұрпаққа, немерелеріне, шөберелеріне үлгі- өнеге. Оның ерлігі бейбіт заманда да жалғасты. Далада электр сымына ілініп қалған жасөспірімді аман алып қалған ісін сарысулықтар аңыз етіп айтады. Қазір сол аман қалған азамат отбасын құрып, өсіп- өніп отыр. Адамға өмір сыйлаған асқар тауымызды мақтан тұтамыз. Әкемнің қарапайымдылығында шек жоқ еді. Көп бос сөз сөйлегенді ұнатпайтын, оның орнында кім болса да нағыз шыншыл болса ұзақ әңгімелесетін. Әкеміз атқарған қызметтері үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Оның ерліктері туралы естеліктер мұрағаттар мен Ресей Федерациясының «Соғыс батыры» сайтында сақтаулы. Майдангер әкеміздің есімі Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы мемориалдық кешенге жазылған. Сарысу ауданында да мемориал кешенінде әкеміздің есімі жазылған. Біз есімізде мәңгі сақталатын, кымбатты әкемізбен мақтанамыз.  

Алтынкүл ДҮЙСЕНБИЕВА,

зейнеткер.

Тараз қаласы