Жүз жыл жасаған жауынгер
Жүз жыл жасаған жауынгер
Жеңіс жалауы желбіреген уақыттан бастап, Кеңес одағының аумағын, барша қалалары мен ауылдарын қуаныш кернеген. Ауылда қалған қариялар, ерте есейген балалар майданнан кім келеді деп елеңдеп отырған шақ. Әзім ақсақал да 1947 жылы туған жерге оралыпты. Майданнан оралған соң Қызыл Ту, Қызыл Октябрь колхоздарында, есепші- кассир болып еңбек еткен. Отбасының өнегелі отағасы болды. Сегіз ұл, екі қызынан немере, шөбере сүйіп отыр. Майдангер ауыл-аймағына сыйлы болған. Есепші-кассир қызметін ұзақ жылдап атқарып, 1980 жылы зейнет құрметті еңбек демалысына шыққан. Отан қорғауға қатысқаны және майдан даласындағы ерліктері үшін «Красная Звезда», «1, 2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Маршал Жуков», «Визволения Украины», «70 лет Вооруженных Сил» орден-медальдарымен марапатталған. Жақында ақсақалдың 100 жасқа толғанын әулеті, ағайын-туыс, ауыл болып атап өтті. Аудан әкімі де өзінің құттықтауын жіберіп, құрметін көрсетті. Майдангер Әзім Жармұханбетұлы: «Калинин майданында ұрысқа түстік. Әр күніміз, әр сағатымыз қауіп пен қатерге толы кездерді басымыздан кештік. Пушканың тобында бөлімше командирі болу оңай емес. Қандай қиындықтан қашпай, өзімізден жоғары командирлердің бұйрықтарын адал орындадық. Елге аман оралсақ, туған жерді көрсек, өсіп-өнсек деп тіледік. Борап тұрған оқтың арасынан Жаратушының қалауымен аман келіп, өсіп-өндім. Жаратқанға шүкіршілігімді айтамын», – дейді ғасыр жасаған ақсақал.
Есет ДОСАЛЫ
Меркі ауданы