Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Салтанатты жиынға батырлардың туған-туыстары мен оқушылар, ардагерлер қатысты. Жиында алғаш сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев отты жылдарда Отан үшін жан аямай күрескен майдангерлердің жарқын бейнесін еске алып, жеңісті жақындатқан жауынгерлер халық жадынан ешқашан ұмытылмауы керектігін атап өтті. – Балтабай Адамбаев тек соғыс ардагері ретінде ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді араласқан азамат еді. Ол сұрапыл жылдардан кейін саналы ғұмырын ғылым мен әдебиет жолына арнап, бірнеше кітаптардың, жүзден аса ғылыми еңбектердің авторы атанды. Бұдан бөлек, халық ауыз әдебиетінің зерттеушісі ретінде бірқатар еңбектерді жариялап, ақындық қырымен де танылды. Осы ретте Петр Вотинцевті де айрықша атап өтуге болады. Ол ауған жеріндегі екі жылдық әскери іс-қимылда ерлігімен көзге түсіп, поэтикалық шығармалары арқылы да мұра қалдыра білді. Біз бүгінгідей бейбіт күнге жеткізген жауынгерлерімізді ұмытпай, өскелең ұрпаққа олардың тағылымды өмір жолын насихаттай беруіміз қажет, – деді Е.Солтыбаев. Салтанатты жиында қос батырдың ұрпақтары олардың өмір жолымен таныстырып, көз көргендер естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушылар соғыс ардагерлерінің майданда жазылған өлеңдерін оқып, шығармаларын дәріптеді. Сол арқылы музей қоры тағы бір мәдени мұрамен толысты. – Бүгінгі күнге дейін «Даңқ» залында 1000 шаршы метрде барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежірелер топтастырылған. Олардың ішінде 600- ден астам Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне арналған арнайы бұрыштар жасақталған. Бүгін осы қатарға өңірдің екі батырының есімі еніп отыр. Олардың ерлік істерінен бөлек, мәдени мұралары өскелең ұрпаққа мол тағылым болары сөзсіз, – деді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева. Екі кезеңнің жүгін арқаласа да, бір мақсат пен мүдде жолында жан аямай күрескен майдангерлер бейбіт күнде ел игілігі үшін қызмет қылған. Мәселен, Балтабай Адамбаев бірқатар энциклопедиялардың соавторы болып, «Ақбөбек», «Аманат», «Тұлпардың ізімен» сынды жыр жинақтарымен қатар, «Нәубет», «Жауынгер жолы» повестерін, «Жауынгер» романын жарыққа шығарды. Ал, Петр Ботинцев «Оазис», «Простор» альманахтарына мақалалар жариялап, өлеңдері таңдамалы шығармалар жинағына енген. Талайды тарихтың тереңіне үңілткен тағылымды іс- шара соңында экспозияция бұрышы таныстырылып, жиын мерекелік концертке ұласты.
Нұрболат АМАНБЕК