Снайпер Сүлейменов
Снайпер Сүлейменов
Батырларға жасалған құрмет – ерлікке құрмет. Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев: «Біз кезінде ерлігі еленбей қалған батырларымызға «Халық Қаһарманы» атағын беруді игі дәстүрге айналдырдық. Ең жоғары әскери атақ 2022 жылы Ыбырайым Сүлейменовке берілді» деген болатын. Қаһармандығы кеш болса да еленіп, жерлесіміз Сүлейменовтің жоғары атаққа қол жеткізуі – үлкен мақтаныш. Ыбырайым Сүлейменов майдан шебінде 239 фашистің көзін жойған нағыз батыр. Кеңестер Одағының Батыры болуға әбден лайық еді. Бірақ, оның сәті түспеген. Майданның 100-атқыштар бригадасының құрамында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге жүріп, жойқын жаумен бірге шайқасады. Қаруластарының айтуынша, жойқын шабуыл кезінде Ыбырайым Мәншүкке: «Басқа бағытқа жылжып кет. Шабуыл өте қауіпті» деп кеңес берген екен. Бірақ, Мәншүк батыр ағасының бұл тілегін қабыл алмай, шайқаса берген. Сол жойқын шабуыл кезінде екеуі де опат болған. Отан үшін өлімнен де қаймықпаған ерлер есімі ел есінде. Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов та осы бригаданың құрамында сарбаз болған екен. Әзілхан Нұршайықов өзінің естеліктерінде: «Ұлы Отан соғысы кезінде қазақтар арасынан Ыбырайым Сүлейменовтен асқан мергенді көрмедім. Есіл ерге Кеңестер Одағының Батыры атағы берілмей қалды. Бірақ ресми Батыр атағы берілмегенмен, ол халық жүрегінде батырлар қатарында өмір сүрді. 1943 жылы 15 қазандағы жойқын шабуыл кезінде Невель қаласы үшін шайқасты 239 фашистен бөлек тағы алпысқа жуық жаудың көзін жойған. Өзі де мерт болған. Бірақ, ерлігі мәңгі жасайды. Батырдың сүйегі жатқан Невель қаласында бір көше мен бір бұрылыстың атауы Ыбырайым Сүлейменовтің есімімен аталады. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, «Төрткөл» колхозына, Жамбыл қаласындағы үлкен көшеге батырдың есімі берілген. Мен 100-бригада батырларын, әсіресе солардың ішінен шыққан ересен екі ер Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменовті өмір бойы аузымнан тастамай айтып келемін. 1977 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Автопортрет» атты кітабымда жарияланған «Невель түбінде» атты повесім қазақ халқының осы екі боздағына арналады» деп толғана жазған еді. 2021 жылы қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Өшпес ерлік» мақаласы республикалық газетте жарияланған болатын. 2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ыбырайым Сүлейменовке «Халық Қаһарманы» жоғары атағы берілді. Бұл – ерлікке деген ересен құрмет. Осы жоғары марапат Астана қаласында өткен салтанатты жиында батырдың 86 жастағы немере қарындасы Айткүл Сүлейменоваға тапсырылғаны белгілі. Батырдың қарындасы Айткүл Сүлейменова қазір 88 жаста. – Ағама «Халық Қаһарманы» атағы берілгенде, батыр рухының алдында бір парызымыз өтелгендей болды. Мерген ағама атақ беру мәселесі отыз жылға жуық уақыттан бері көтеріліп келді. Кезінде өзінің замандас, қаруластары Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов көтерді. Президентке дейін ашық хат жазылды. Әрине, ештен кеш жақсы. Ұзақ жылдар сарыла күткен лайықты марапаттың берілуі – қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. Ыбырайым ағадан жалғыз тұяқ Алмагүл атты қыз болған. Ол кісі осыдан оншақты жылдан астам уақыт бұрын өмірден өтіп кетті. Әттең, марапат қызының тірі кезінде берілгенде деп ойлайсың. Бірақ, ол қыздан ұрпақтар бар. Жеңістің 50 жылдығы кезінде Тараз қаласында Ыбырайым ағаға арнап Құран оқытып, ерлігін еске алдық. Ал, мен Ыбырайымның туған ағасы Сүйіндіктің қызымын. Ел Президентінің қолынан ағамның «Халық Қаһарманы» атағын алдым. Енді еш арманым жоқ, – дейді Айткүл Сүйіндікқызы. Айткүл Сүлейменова облыстық ауруханада ұзақ жыл мейірбике болып еңбек еткен екен. Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» залында Айткүл апайдың тыл ардагері ретінде суреті де ілінген. Біз Ыбырайымның жалғыз ұрпағы Алмагүл Ыбырайымқызының Қаратау қаласында тұратын қызы Айгүл Сүлейменовамен де хабарластық. Айгүл Сүлейменова: «Атамызға «Халық Қаһарманы» атағы берілгеніне өте қуаныштымыз. Бұл – ел тілегі. Осы көпшілікке, елге рақмет. Қазір Астана қаласында да Ыбырайым атаның бес немересі, менің бауырларым тұрып жатыр. Атамызға берілген атақ ерлікке жасалған тағзым, – деді ол. Отанға қатер төнгенде ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі – ұрпаққа үлгі. Алда келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесінің 80 жылдығы қарсаңында Ыбырайым Сүлейменов рухына да Құран бағышталып, еске алу іс-шаралары өтіп, назарға алына беретініне сеніміміз зор.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы