Мен кіммін?.. Сен кімсің?.. Ол кім?..
Мен кіммін?.. Сен кімсің?.. Ол кім?..
Дүниеге түрлі көзқараспен қарауға болады. Он сегіз мың ғаламның игілігі адам үшін жаратылған бір әлем. Мұнда көруге болатын немесе болмайтын сан түрлі құбылыстар бар. Сол сияқты, оқуға тиіс немесе қажеті жоқ кітаптар да жеткілікті. Дегенмен, ой көзімен қарасақ, тіршілікте жауабы табылатыны не табылмайтыны беймәлім сауал көп. Саналы адамды ылғи да «Мен кіммін?!.» деген сауал ойландырады. Расында да мен кіммін өзі деген ойдың болатыны рас. Бәріміздің де пайғамбар емес, адам-пенде екеніміз айтпасақ та белгілі. Бірақ, сол адам дейтін құбылыстың өзі өмір бойы жұмбағы шешілмей, жауабы табылмай келе жатқан арал сияқты. Әрине, сан сауалдар тізбегін «Мен кіммін, қайдан келдім, не істеп жүрмін, қайда барамын?», деп те жалғастыра беруге болады. Алайда, адамзат үшін бастапқы сауалға жауап табу ең маңызды тірлік болып тұр. Өкініштісі, қоғамда қазір мен кіммін дегеннен гөрі, ол кім, сен кімсің деген сауал басым болып тұр. Адамның кім екені тіршіліктегі атқарған лауазымымен, алған атақтарымен, жинаған дүниесімен өлшенбейді. Бұл көрсеткіштер «Мен кіммін?» деген бір ғана сауалға бір сәттік қана жауап болуы мүмкін. Бірақ, адамның өмірімен, тағдырымен тұтастай алып, жауап іздегенде, мұның мәні болмай қалады. Ұлы Тәңір бізді қалай жаратты, қандай мінез-құлық, тағдыр берді, сонымен өмір сүреміз. Бізді бақылап тұрған ішімізде де, сыртымызда да бір Құдірет бар. Ал, енді адамның өзін тәрбиелеуі екінші мәселе. Түрлі шектеулерге құрылған комплекс емес бұл. Бұл ұлы Жаратушының тағдырға, жүрекке түсірген сәулесі деп білеміз. Ал, енді өзіңде жоқ болмыспен өмір сүру тіршілігіңе кереғар келетіні де белгілі. Уақыт бізді басқарады, өз әмірін жүргізеді. Бірақ, сол уақыттың ішінде біздің үніміз, қолтаңбамыз, сертіміз болуы тиіс қой. Міне, «Мен кіммін?!» деген сауалдың бастауы мен үшін осы жерден басталатын сияқты... Бұл сауалға әр адам өзінің болмысында бар нәрселермен ғана жауап іздеп көруге болады. Бәрімізде де солай. Ал, енді өзінде жоқ нәрсені адам сырттан өзіне таңып көрсете алмайды. Себебі, оны басынан кешпеген, түсінбейді. Осы орайда, бұл сауалға шығармашылық тұрғыдан талдау жасап, жауап іздеп көрген дұрыс секілді. Шығармашылық дегенде көз алдымызда міндетті түрде әдеби құбылыстар елестемеуі керек. Тағдырдың, күнделікті өмірдің өзі түсінгенге шығармашылық. Бәрібір кімнің болсын тағдырын сол Құдіреттің ұлы қаламы жазады. Тағдырың қандай, кім болып өмір сүріп жүрсің, енді «Мен кіммін?!» деген сауалдың жауабы осы жерден қылаң беретін сияқты. Әрине, бұл бірақ нақты жауап емес. Ақыл – адамның ұлы байлығы. Дегенмен, ақыл айту, ақылды болып көрінгісі келу деген нәрсе адамның трагедиясы екенін де ұмытпаған дұрыс шығар. Енді ақыл көзі ашылған әрбір адам белгілі бір сауалдарға жауап іздейді. Ол оны таба ала ма, жоқ па, ол екінші мәселе. Кейде бір талпыныстың өзі кейбір нәтижеден артық болып жатады. Әркімнің таныған өз Құдіреті бар. Өзіне қоятын сауалы бар. Жауабын тапқысы келетін сауалы бар. Біз де сол қатарда жүрген адам-пенденің біріміз. Адам өмір жолында сан түрлі бақытты бастан кешеді, түрлі кедергілерге ұшырайды, қателеседі, қателігінен сабақ алады, әйтеуір түрлі құбылыстардың жетегінде болады. Менің ойымша, адамды ұстап тұрған да сол Құдіретке деген сенім, үміт. Сол Құдіретке жақсылап үңілсек, көп сауалдың жауабы табылатын сияқты. Бұл жерде діни тұрғыда ойлаудың қажеті жоқ. Құдірет дегеніміздің өзі әркімнің түсінігінде әрқилы құбылыс қой. Сондықтан да әрбір адамның кеудесінде бір Құдіретке құштарлық болады деп білемін. Ол құштарлық оны қайда бастайды, қайда жеткізеді, тағдыр деген таразыға байланысты. Ал, мен кіммін дегеннен гөрі, ол кім, сен кімсің деген сауалдардың жетегінде әлі жүргеніміз өкінішті, әрине...
Хамит ЕСАМАН