Жаңалықтар

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ: Жалпыұлттық акция жалғасып келеді

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ: Жалпыұлттық акция жалғасып келеді

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұратын үйлердің ауласын абаттандыру және санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Қаланың белсенді жастары атсалысқан бұл іс-шарада олардың ардагерлермен сұхбаттасуы да ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.

Сонымен бірге, қаладағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының ауласы жабайы шөптерден тазартылып, жастардың қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Облыс орталығында көне шаһардың шырайын келтіріп, келбетіне сән қосқан еңселі нысандар баршылық. Солардың бірі – «Тектұрмас» этно-тарихи кешені десек, көздің жауын алып, алыстан менмұндалап тұрған көрікті нысан бүгінде қала тұрғындары ғана емес, туристердің де жиі келетін орнына айналған. Сондықтан, кешеннің айналасын абаттандыру аса маңызды болып саналады. Бүгінде бұл бойынша қала әкімінің тапсырмасымен жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Айталық, қазір аталған аумақтың айналасына 3600 ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Былтыр мамандар 2600 шырша мен қарағай ексе, биыл мың түп ағаш егуді қолға алуда. Оларды уақтылы күтіп-баптау, суғару жұмыстары шаһар басшысының тікелей назарында болмақ.

***

Сарысу ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығында қарттар мен ардагерлерге көмектесіп, соларға берілген жылылық сезімі арқылы басқаларға өнеге көрсетілді. Жайылма ауылдық округіндегі Әйтеке би атындағы орта мектебінің жастары мен жоғары сынып оқушылары «Өнегелі ұрпақ» акциясы аясында, Жайылма ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Тәжікүл Шардарбекованың шаңырағында болып, үйінің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Ардақты ана жастардың еңбегіне, көрсеткен құрметіне ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді. Қарттарға қамқорлық көрсетіп, көмек қолын созуға арналған акция ауданда одан әрі жалғасып келеді.

***

«Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында, Байзақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен №3 Байзақ колледжінің ерікті жастары Сарыкемер ауылдық округінің тұрғыны Галина Андреевнаның үйінің аумағына тазалау жұмыстарын жүргізіп, аула маңын жабайы шөптер мен қоқыстан тазартты. Мемлекет басшысының бастамасына қолдау көрсете отырып, өзге де тұрғындарды тазалық акциясына атсалысуға шақырған жастар қарттарға қамқорлық, құрмет көрсетуді өздерінің басты мақсаты санаған. – Мен осындай мейірімді жастардың бар екеніне қуанып отырмын. Бүгін жастар үйге келіп жылы сөздерін айтып, үй шаруасына көмектесіп, ауламды және бақшамды тазалап берді. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрса екен деймін. Елімізде көмекке мұқтаж жандар бар. Жасымыз келгеннен кейін үй шаруасына жарамаймыз, – дейді қарт ана. Сондай-ақ, осы күні мемлекеттік қызметшілер арасында құрылған «Руханият» волонтерлік қозғалысының мүшелері Сарыкемер ауылдық округінің тұрғыны Людмила Кужелеваның ауласын абаттандырып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

***

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұйымдастырылуда. Ел бірлігін сақтап қана қоймай, тазалыққа насихаттайтын акцияның «Өнегелі ұрпақ» апталығы Қордай ауданында да жалғасын тауып келеді. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген қанатты қағиданы өмірлік ұстанымға айналдырған аудан жастары туған өлкені көріктендіріп, көнекөздердің алғысына бөленуде. Жастар тал көшеттерін егіп, арықтарды тазартуда да белсенділік танытуда. Ардагерлердің ауласына ағаштардың түптерін алып келіп, ауладағы арам шөптерді жұлып, қоқыстарды тазалады. Жалпы, жылда көктем келісімен орталықтың аумағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын жүргізу дағдыға айналған. Биыл бұл іске айтарлықтай басымдық беріліп отыр. Акцияның төртінші апталығында олар аудандағы жалғызбасты 40-тан астам қарттың тізімін жасақтап, апта басынан тазалық жұмыстарына кірісіп кетті. Аудан жастары ең бірінші Қордай ауылындағы №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына барып, аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қарияларға құрмет көрсетуден бастады. Осылайша, 19 ауылдық округтегі жастар ісімен айналысатын мекеме мамандарының ұйымдастыруымен бүгінгі күнге дейін қырық қарттың үйіне барып, үй шаруасына көмектесті. – Ойламаған жерден үйімізге бір топ жастар келіп, үй шаруасына көмектесіп, ауланы тазалады. Көктем мезгілінде даланың жұмысы көбейіп, біз сияқты қарттарға қиындық туғызып жатады. Бүгін бір айлық жұмысымыз бір-ақ күнде бітті. Мұндайда халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған. Үйге келген әрбір жасқа, шаңырағында үлкенді сыйлауға бағыт-бағдар, тағылымды тәрбие берген ата-аналарына да алғыс айтамын. Мейірімді, қамқор жастарымыз бар кезде ел ертеңіне де сеніммен қараймыз. Жастарымыздың жолы әрдайым ашық, абыройлары биік болсын,– дейді Қордай ауылының тұрғыны, зейнеткер Арасан Ильясбекова. Ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың батасын алған жастар туған өлке табиғатын аялап, қоршаған ортаны қорғау ісін алдағы уақытта да жемісті жалғастыратындарын айтуда. Игі акцияның аяқталуына дейін аудан жастары тағы да 10 ауылдық округтегі көмекке мұқтаж қариялардың шаңырағына ат басын бұрып, шаруасына көмек қолын созуға ниетті.

***

Мемлекет басшысының бастамасы аясында қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының төртінші апталығы Мойынқұм ауданында да жалғасын табуда. Акцияның «Өнегелі ұрпақ» атты апталығы аясында Мойынқұм ауылы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының мектеп парламенті мен «Жас ұлан» ұйымының оқушылары елді мекендегі жалғызбасты мүмкіндігі шектеулі қарияның ауласына сенбілік жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерінің түбін қопсытып, ауланы қоқыстан тазартты. Үй иесі Ерғали Сағынаев мектеп оқушыларына алғысын білдіріп, жылы лебізін жеткізді. – Қоршаған ортаға құрметпен қарау баршамыздың қастерлі парызымыз. Туған жерді аялап, өскен өлкемізді жаңғыртуға бағытталған мұндай іс-шаралардың өскелең ұрпаққа берері көп. Сондықтан жастар арасында осы сипатты акцияларды көптеп ұйымдастыру маңызды. Бұл жеткіншектердің өз Отанына деген патриоттық сезімін қалыптастырып, кіндік қанымыз тамған өлкеміздің бөлінбес бөлшегі екендігін сезіндіре түспек, – деді қария. Алдағы күндері аталған апталық аясында Мойынқұм ауданы бойынша барлық ауылдарда іс-шаралар жоспарланып, осы бағыттағы жұмыстар легі аудан тұрғындары тарапынан жалғасын табады.

***

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Меркі ауданында іс-шаралар жалғасуда. Ақтоған, Ақарал ауылдық округтерінде сенбілік ұйымдастырылып, көшелер қоқыстан тазалануда. Сондай-ақ, елді мекен тұрғындары өз аулаларын тұрмыстық қалдықтардан арылтып, айналасына тал-дарақ егуде. Ауыл әкімшілігі мен мектеп ұжымы атсалысқан көктемгі дала жұмыстары дәстүрлі түрде өтіп жатыр.

***

«Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы Жамбыл ауданында да жалғасын табуда. Акция аясында Бесағаш ауылдық округі Түркісіб ауылының жастары ардагер Райса Герингердің үйіне барып, ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Еріктілер ауладағы арам шөптерді жұлып, талдарды ақтап, күл-қоқыстарды шығарды. Қоршаған ортаға қамқорлық танытып, үлкенге құрмет көрсетуді өздеріне парыз санаған жастар қайырымды іске атсалысудың мақтаныш екендігін жеткізді. – Біз бүгін бейбіт заманда өмір сүріп, тәуелсіз елдің азаматы болып жүрсек, ол ата-әжелеріміздің ерен еңбегі. Сол кісілердің маңдай терінің жемісі. Өз уақтысында қарияларымыз болашақ ұрпақ үшін деп ештеңеден аянбады. Ендігі жерде оларға құрмет көрсету өскелең ұрпақ біздің парызымыз деп білемін. Сондықтан да бүгінгі акция аясында қарияларға қолғабыс жасап, алғысы мен батасын алсақ деп келдік, – деді ауыл тұрғыны Айдана Шамеева. Ал, ардагер жастармен әңгіме айтып, жас ұрпақтың жолы ашық болуын тілеп, батасын берді. Өткен мен бүгіннің арасын жалғап өскен өлкенің өркендеуіне үлес қосуды мақсат еткен игілікті іс ауданда бір мезетте Қарой, Өрнек, Жалпақтөбе ауылдарында да жалғасын тапты.

***

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық ауқымды экологиялық науқан шалғайдағы Шу ауданында қарқынды жалғасуда. «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында бір мезгілде жалпы білім беретін 45 оқу ошағының 9-11-сынып оқушылары «Түлектердің ағаш егу» челленджіне белсене атсалысты. Мәселен, Сәду Шәкіров атындағы білім ошағының бітіруші түлектері акция аясында ұшқан ұясының ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, тал-дарақтар отырғызды. – Туған өлкеміздің гүлденуіне атсалысу бәріміздің міндетіміз. Ұстаздардың жетекшілігімен сыныптастарыммен бірге мектеп ауласына тал-дарақ отырғызып, күл-қоқыстан тазарттық. Жалпы, меніңше, бұл – өте жақсы бастама. Мектеп түлектері ұшқан ұямыздың гүлденуіне лайықты үлес қосып келеді, – дейді Сәду Шәкіров атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Аяжан Амантай.

***

Т.Рысқұлов ауданында аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайтқан экологиялық акция аудандық аурухана аумағына тал отырғызумен жалғасты. Ұжым жиырмаға жуық ардагерді шақырып, жас мамандармен бірге тал-дарақтар отырғызылды. Басшылық құрамның пікірінше, бұл бастама қос тарап арасында байланыс орнатып, өзіндік тәжірибе алмасуға сеп болмақ. Луговой ауылында «Жас ұлан» ұйымының мүшелері, мектеп оқушылары жасы 90-нан асқан бірқатар ардагерлердің үйлеріне барып, үй шаруасына көмектесті. Аула аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, ардагерлердің үйіне ауыл әкімі Мұратбек Сванов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбек Әлпейісов те барып, қариялармен әңгімелесті. Жас еріктілер барған ауданның Құрметті азаматы, ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Жүнісбай Тоқтыбаев бес ұл, үш қыз тәрбиелеп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ақсақал. Жүнісбай ақсақалдың әкесі де теміржол саласында еңбек етіп, әйгілі Түркісіб теміржолын салуға атсалысқан азаматтардың бірі. Тазалық акциясы аясында Құлан агротехникалық жоғары колледжінің ұжымы оқу ғимаратының маңынан шағын аллея ашып, алғашқы 60-қа жуық шырша талын отырғызды. Ал, Құлан ауылындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектепке «Бір отбасы, бір ағаш» атты тал егу акциясы ұйымдастырылды. Науқанға оқушылармен бірге ата-аналар, мұғалімдер де қатысып, мектеп ауласына шырша және жеміс ағаштарын отырғызды.

***

Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығы жалғасуда. Апталық аясында Жуалы ауданы, Күреңбел ауылындағы жалғызбасты қариялардың үйлеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шараның жас ұрпаққа берері мол. Себебі, өскелең жастардың бойында патриоттық рухты оятып, еліне, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырады. Осыған орай, жуалылық жастар «Өнегелі ұрпақ» апталығы шеңберінде Ақсай ауылдық округінде зейнеткер Құрманкүл Қойманованың да ауласында тазалық жұмыстарын жүргізді. Мұндай іс-шаралар барлық қазақстандықтарды тазалық пен тәртіпке шақырары сөзсіз. Игілікті іс Нұрлыкент ауылында жалғасын тауып, жастар егде жастағы зейнеткерлердің үйлерінің маңайын тазалауға көмекке келді. Атап айтқанда, Борис Трунов ақсақалдың үйінің ауласы тазаланып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына округ жастары да қатысып, қарттардың үйіндегі қыс бойы жиналып қалған қоқыстарды шығарып, ағаштардың түптерін әктеді. Қарттар да жастарға алғыстарын жеткізіп, рақметін айтты. Тазалық жұмыстары Боралдай ауылдық округінде де жалғасты. Округке қарасты Ертай ауылында «Ардагерлер аллеясы» аумағы абаттандырылып, ағаш отырғызылды. – Өңірдің тазалығына бейжай қарамай, қамқорлық көрсетуге насихаттап жатқандарыңызға алғыс айтамыз. Көктемде айнала құлпырып, бұлақтардың көзі ашылып, саябақтарымыздың сәні кіріп қалды. Енді осы тазалықты ары қарай сақтап, айналамызға жанашырлықпен қарау біздің міндетіміз. Балаларды осыған тәрбиелейміз, – дейді ауыл тұрғыны Амангүл Жанбаева.

***

«Таза Қазақстан» атты бес апталық республикалық экологиялық акциясында Талас ауданы, Ақкөл ауылдық округінде де бірқатар тазалық жұмыстары жүзеге асты. Атап айтқанда, ауылдың кіреберісіндегі «Бақ құсы» монументі ақталып, сырланды. Абай көшесінде орналасқан балалар ойын алаңшасы аймағына гүлзарлар отырғызылып, 50 дана тал көшеттері егілді. Ақкөл және Ыбырай Алтынсарин орта мектептерінің аумағына шырша көшеттерін отырғызу жұмыстары да сәтті жүзеге асты. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші алаңына көпжылдық гүл көшеттері отырғызылып, ауылдық Мәдениет үйінің маңында өсіп тұрған талдарды балақтау және тазалық жұмыстары жүргізілді. – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан іс-шара біздің ауылға да оң әсерін беріп жатыр. Тұрғындардың белсенділігінің арқасында Ақкөл ауылы тазарып, жаңарып келеді. Бұл игі бастаманы ауылдың үлкен-кішісі болып тегіс қолдап отырмыз, – дейді ауыл ақсақалы Сәбен Қойшыбай. Аққұм ауылына кіреберіс жасыл белдеуге 250 түп қарағаш егілді. Ауылдағы арка сырланып, көшелер тазаланды. Үш тонна күл-қоқыс шығарылып, мекеме алдындағы тал-дарақтар, бұталар ретке келтірілді. Шөптер шабылып, ауылға су келетін екі шақырым арық атыздар тазаланды.  

Дайындаған «Aq jol» газетінің тілшілер тобы.