Мерекелік кештерге тыйым салынды
Мерекелік кештерге тыйым салынды
- Еліміздің кейбір аймақтарындағы су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Бірыңғай сынып сағаты аясында сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайтын болады, – дейді баяндамашы. Оның айтуынша, облыста 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталған соң бітірушілерге аттестат тапсыру рәсімдері өтеді. Биыл өңірде 387 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне, 816 оқушы үздік аттестатқа үміткер. 22867 оқушы тоғызыншы сыныпты тәмамдайды. Олардың қорытынды аттестаттау емтихандары 29 мамырдан 10 маусымға дейін созылады. – Балалар тоғызыншы сыныпта төрт пән бойынша бітіру емтихандарын тапсырады. Жазбаша емтихан өздері оқитын қазақ, орыс немесе өзбек тілінде эссе түрінде, математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан, қазақ тілінен жазбаша емтихан, орыс немесе өзбек тілінде оқытылатын сыныптарда әдебиет және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан және таңдау пәнінен жазбаша емтихан тапсырады. Бұл физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүние жүзі тарихы, әдебиет (оқу тіліне сәйкес), шет тілі (ағылшын, француз, неміс тілі) немесе информатика, – деді Ләззат Қызылқұлова. 11-сынып түлектерін қорытынды аттестаттау 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан, алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан, Қазақстан тарихынан ауызша емтихан, орыс немесе өзбек тілдерінде оқытатын мектептер мен сыныптарда қазақ тілі және әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептер мен сыныптарда орыс тілі және әдебиетінен жазбаша емтихан, таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан тапсырады. Сонымен қатар, 2023-2024 оқу жылында 5-8 сыныптардың және 10-сыныптардың білім алушылары академиялық жыл аяқталған соң «Қазақ тілі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша өтетін аралық аттестаттауға қатысады. Емтихан тапсыру уақытын білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі белгілейді және мектеп директорының бұйрығымен бекітіледі. Брифинг соңында Ләззат Қызылқұлова қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, оқушыларды емтиханға сапалы дайындау мақсатында ақша жинауға, арнайы іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға, автокөлікпен саяхаттауға, мерекелік кеш ұйымдастыруға агенттік жалдауға тыйым салынғанын атап өтті.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ