Сүйегі серттен, қаны қасиеттен жаралған
Сүйегі серттен, қаны қасиеттен жаралған
Қалай сені жұбатам, аңыра, Ана, Сау қайт деп Тәңіріңе жалын, Ана. Мына отырған иеміз құласа егер, Саған жар, әке бізге табыла ма? ... Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған, Жоғалды сол бетімен бірақ та арман. Сенбеймін әкең өлді дегенге мен, Себебі ол үйімізден тірі аттанған, – деп өзінің де балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали айтпақшы, қаншама қаракөз осы бейбіт күнді жәудіреп күтті десеңізші. Шама-шарқымызша өткенге көз жүгіртсек, адамзат тарихында ірілі-уақты он бес мыңға жуық соғыстар өткен екен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, құрбандықтары мен алапаттығы жөнінен ең жантүршігерлігі осы Ұлы Отан соғысы болды.Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер еді. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін қилы соғыс жүріп жатты. Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды... Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыл ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын шүберекке түйген жауынгер халық екендігін ерлігімен тағы да мойындатты. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті, арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал, айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада елу жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының Батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Мұны сол кездегі 2,5-3 миллион қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Жас кезден-ақ адамдарға сұғылған, Талай-талай айыр барын ұғынғам. Көз алдымда... Соңғы жылы соғыстың, Құйттай бала алашаға тығылған. Айырда емес барлық кінә, халайық, Кемпірде емес барлық кінә, бар айып. Соғыс деген Қара Кемпір қарайды Тарихтан екі көзі алайып..., – деп ақын Өтежан Нұрғалиев Гомерше эпикалық сарында суреттеген сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. «Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады... Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі», – деп даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқан осы сөз келешек үшін жүрек ұранына айналды. Олардың қай-қайсысы да мәңгілік құрметке лайық. Сөнді талай адам деген шын шырақ, Мезгіл тұрды сол адамға құн сұрап. Өшкен көздер жанарының түбінде, Ақырғы үміт қатып қалды жылтырап. Қаһарлы күн, қаһарлы күн... өткенді Еске аламын, көрген сайын көктемді. Соғыс, соғыс! Керек емес мылтығың, Мылтық ұстар қолым да жоқ... жетті енді! – деп Жұмекен Нәжімеденов жырлағандай, ендігі ұрпақ үшін елімізде тек білім мен ғылымның, өнер мен өркениеттің ғана майданы болсын деп тілейміз. Ал, ондағы әрбір жеңісіміз батыр бабалардың рухына арналғай!
Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ.