Жаңалықтар

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

ҚАДІРЛІ ЖАМБЫЛДЫҚТАР! ҚҰРМЕТТІ СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІ, ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ЖӘНЕ ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР!

  Баршаңызды Отан қорғаушы күні және Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сұрапыл соғыста жауынгерлеріміз алдыңғы сапта жүріп, асқақ рух, өшпес ерліктің, қаһармандық пен қайсарлықтың ерен үлгісін көрсете білді. Жамбыл жерінен майданға аттанған жүз мыңдаған сарбаздың көбісі Отанына оралмады. Еңбек даласында да көптеген жерлестеріміз аянбай тер төкті. Олардың бәрі Жеңісті жақындатуға күш салды. Осылайша, бірлік пен батылдықтың арқасында ортақ жеңіске қол жетті. Бұл тарихи күн қазақстандықтар үшін де үлкен маңызға ие. Бабалар рухына тағзым етіп, ардагерлерімізді ардақтау, олардың ерлік жолдарын ұрпаққа үлгі ету азаматтық парызымыз. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды! Арамыздағы ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне, сол кезеңнің куәгерлеріне деген құрмет, көмек көрсету – бүгінгі ұрпақтың негізгі міндеттерінің бірі. Сондай-ақ, биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына да 32 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің қорғаныс саласын дамытуға және кәсіби, әлеуеті жоғары қуатты әскер құруға бағытталған кешенді реформалар жүзеге асуда. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі айбынды сарбаздары да бабалардың батырлық пен ерлік жолын абыроймен, лайықты жалғастыруда. Бейбіт күннің сарбаздары ел мен жер үшін қашанда қауіп-қатерге дайын екендігін дәлелдеп келеді. Егемендігіміз бен бейбітшілігімізді күзетіп, халқымызға қорған болған әскеріміздің айбыны арта берсін! Қарулы Күштер қатарында өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сардарлар мен сарбаздарымызға алғысымыз шексіз! Баршаңызды Жеңіс және Отан қорғаушы күні мерекесімен құттықтай отырып, еліміздің бейбітшілігі мен жарқын болашағы үшін атқарып жатқан игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!  

Облыс әкімі Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ.