Жаңалықтар

Мәртебелі міндет, қастерлі борыш

Мәртебелі міндет, қастерлі борыш

7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтағы әскерилерді салтанатты түрде құттықтап, егемен еліміздің тыныштығы жолында жан аямай еңбек етіп жүрген майталман мамандардың ерлікпен пара-пар ізгі ісіне толағай табыстар тіледі.

«Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» ұланғайыр Ұлы Даланы ұрпаққа аманаттап кеткен бабалардың ерлік жорығы қанмен жалғасып, тәрбиемен тамырласып, текпен беріліп келе жатқаны тарихтан аян. Сонау қазақ хандығының алтын қазығы қағылып, тұңғыш рет туы тігілген қасиетті Әулиеата топырағында да Отан-Ана жолында сайдың тасындай азаматтар аз емес. Кеше облыс басшысы атажұрттың амандығы мен тәуелсіз еліміздің тыныштығы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген антына адал әскерилерді кәсіби мерекесімен құттықтады. – Сіздерді Отан қорғаушы күні және Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 32 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – ел әскерінің қуаты мен айбынын айғақтайтын асқақ мереке. Отаншылдық рухы қай заманда да қазақ халқының бойында қалыптасқан айрықша қасиет. Отанды қорғау, оның қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау, қалтқысыз қызмет ету – әрбір қазақстандықтың қастерлі борышы. Біз дүние жүзіне қашанда бейбітшілікті ту еткен, ынтымағы жарасқан ел ретінде таныла білдік. Бүгінде халқымыз береке мен бірлікте алаңсыз еңбек етіп, тыныштықта өмір сүріп келеді. Бейбітшіліктің арқасында ел экономикасы қарқын алып, дамыған елдермен іргелес тұруға қол жеткізіп келеміз. Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміздің қорғаныс саласын дамытуға және кәсіби, әлеуеті жоғары қуатты әскер құруға бағытталған кешенді реформалар жүргізілуде. Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың мәртебелі міндетіне, аға буынның ерлік және жауынгерлік дәстүрлерінен бастау алған патриоттық үлгісіне айналды. Биылғы Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні мерекесі – алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған іс-шаралармен тұспа-тұс келіп отыр. Президентіміздің тапсырмасымен биыл әскери және күштік құрылымдардың өзге де қызметкерлерін батырларымыз Бауыржан Момышұлының, Сағадат Нұрмағамбетовтың және Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілген үш дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл – даңқты халық батырларына көрсетілген құрмет, Қарулы Күштер құрамына артқан үлкен сенім деп білеміз. Бабаларымыздың ел тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін кеудесін оқ пен отқа тосқан жанқиярлық ерліктері ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Тәуелсіз елдің бүгінгі айбынды сарбаздары бабалардың батырлық пен ерлік жолын абыроймен, лайықты жалғастыруда. Олардың қатарында өңіріміздегі 28 әскери бөлімнен тұратын, 17 мыңнан аса әскери қызметкерлері бар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Ұлттық ұлан және шекара қызметін айрықша атап өтуге болады. сіздердің ел тыныштығын сақтаудағы еңбектеріңізді ерекше атап өткенді жөн санадым. Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізді күзетіп, халқымызға қорған болған әскеріміздің айбыны арта берсін. Темірдей тәртіпке бағынып, отбасынан Отанды биік қойып, ел тыныштығы мен халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ететін сіздерге қашанда арқа сүйейміз, сіздермен мақтанамыз. Қарулы Күштер қатарында өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сардарлар мен сарбаздарымызға алғысым шексіз,– деген аймақ басшысы өз сөзінде ел басына күн туған табиғи апат салдары барысында да әскерилердің батыл әрекеттері бағалауға тұрарлық екенін атап өтті. – Өздеріңізге белгілі, еліміздің бірқатар өңірлерінде су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы сын сағатта халықтың ортасынан табылып, алдын алуға байланысты жедел шаралар қабылдады. Баршамызды табиғи апатты бірге еңсеруге шақырды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халқымыз су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетіп, белсенді түрде қол ұшын созды. Бүгінде төтенше жағдай жарияланған аймақтарға жәрдемдесу, қолдау көрсету әлі де қарқынды түрде жалғасуда. Біз қиын сәтте ағайынды қолдауды тоқтатпаймыз. Себебі, біз үшін елдің тыныштығы, халықтың амандығы бәрінен қымбат. Су басқан өңірлерде қазіргі қиын кезеңде әскерилер алдыңғы шепте жүріп, қол ұшын созуда. Олардың қатарында өңіріміздің де әскери қызметкерлері бар. Бейбіт күннің сарбаздары ел мен жер үшін қашанда қандай қиындыққа дайын екендігін тағы дәлелдеді, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұл ерен еңбектерін зор құрметпен қабылдап, ерекше алғысымды білдіргім келеді. Еліміздегі қандай жағдай, тіпті қай қиырында болмасын ең алдымен әскери қызметшілердің жүруі көзсіз батырлық деу орынды баға. Біз бұл күні әскери қызметке ғұмырын арнаған ардагерлерге, әскери қызметшілерге құрмет көрсетуіміз орынды. Еліміздің бейбітшілігі мен жарқын болашағы үшін атқарып жатқан игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, – деді Ербол Шырақпайұлы. Салтанатты іс-шара барысында аймақ басшысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қалыпты тіршілігін көздің қарашығындай қорғап, патриотизмнің озық үлгісін іспен көрсетіп жүрген бірқатар әскерилерге мерекелік марапаттар табыстады. Сән-салтанаты жарасқан іс-шара Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ