Бөлшек сауда саласына шағым көп
Бөлшек сауда саласына шағым көп
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың айтуынша, тұтынушылардан келген шағымның негізгісі бөлшек сауда саласына қатысты екен. – Бөлшек сауда саласына 108 шағым түсті. Бұл – жалпы келген шағымдардың 50,5 пайызын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бөлшек саудаға қатысты шағымдар 51 пайызға өскен. Бөлшек саудаға байланысты шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту басым, одан кейін күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартулар орын алған. Ал, жалпы келіп түскен өтініштердің 134-і толығымен қанағаттандырылды, яғни 65 пайызы. Нәтижесінде тұтынушыларға 11,1 миллион теңге қайтарылды. 20 өтініш өз құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдарға қайта жіберілді, 72 тұтынушы сауалдарына қарай түсініктеме алды. Биылғы бірінші тоқсанда облыс бойынша аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 18 тексеру жүргізді. Оның ішінде сауда саласында 11 тексеріс сауда нысандарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін, 7 тексеріс тұтынушының шағымына жауап бермеу бойынша іс жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 16 бұзушылық анықталып, ұйғарым енгізілді. 14 бұзушыға ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды және әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 204-4-бабы бойынша орта бизнес субъектісіне 156 мың 910 теңге мөлшерінде екі айыппұл салынды, – дейді Байқадам Еркінбекұлы. Облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімін дер кезінде анықтау мақсатында департамент дүкендерге, маркеттерге, сонымен қатар әлеуметтік желілерге аптасына екі рет мониторинг жүргізіп отырады. Егер де мониторинг барысында бағаның ресми статистика бағасынан асып отырғаны байқалса, аталған кәсіпкерлерге «Сауда саласын реттеу туралы» заңнамасының талаптары түсіндіріліп, оны жөнге келтіру жұмыстары оперативті түрде атқарылады. Аталған жұмыстар департаменттің, Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайттарында жарияланып тұрады.
Қамар ҚАРАСАЕВА