Жаңалықтар

Халқының тіліне қамқор болған қайраткер-қаламгер

Халқының тіліне қамқор болған қайраткер-қаламгер

Шөкеңнің сатирасы, ақындығы, жазушылығы бір төбе де, байырғы халықтың тілі мен ділін түп тамырынан қиюға белсене кіріскен коммунистік Кремль билігінің 1970-80 жылдардағы өктемдігіне тұңғыш рет күреске шыққан көзсіз батырлығы бір төбе. Мұны – ақынның шығармашылықта ғана емес, қоғамдық өмірде де қол қусырып қарап отырмайтын қайраткерлік қасиеті, күрескерлік жанкештілігі деп айтуға болады. Мұны – мұзды мұхиттай сірескен тоталитарлық жүйенің шойын шынжырын жалғыз өзі үзбекке ұмтылған қаһармандығы деуге де болар.

Ұлтқа болсын деген осы ұлағатты еңбегі үшін ол кейін «ұлтшыл» атанды. МҚК-нің «салпаңқұлақтары» шам алып, ізіне түсті. «Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырған ұлтшылдардың» бірі ретінде қызыл жағалы чекистердің жертөлесіндегі қапастың қаталдығын да көрді. Оған «Ш.Смаханұлы қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға бастама көтерді және оған өзі белсене қатысты», «Ол өзі ашқызған қазақ мектептері мен балабақшаларының салтанатында билікті жеңген қаһарман ретінде құрметтелді» деген арыздардағы «деректер» мен «дәйектер» себеп болды. Неге? Себебі, ірілі-ұсақты қалалардағы шіренген қазақ зиялыларының көбісі сол кезде қағынан жеріген құландай едірейіп, өздерінен туған ұл-қыздарын «ұлы тілде» оқытуды өскендік, өнгендік, біліктілік, білімділік санап, өз ана тіліне менсінбей, оның нан сұрап жерлік қауқары қалмағанына мүсіркей қарай бастаған. Осы көрсоқырлыққа жаны шырқыраған Шөкең 1976 жылы КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаевқа, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі С.Б.Ниязбековке, Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі Б.Ә.Әшімовке, Қазақ ССР Оқу министрі Қ.Балахметов төртеуіне Алматыдағы шағынаудандардың бірінен жаңа қазақ мектебін ашуды сұрап хат жазды. Бұған дейін «Мен – қазақ ақынымын!», «Мен – қазақ жазушысымын!», «Мен – қазақ ғалымымын!», «Мен – қазақ әртісімін!» деп кеуде қаққан мықтылардың бірде-бірі мұндай ерлікке бармаған. Бара да алмаған! Тіпті, «Қазақстанда осындай мәселе бар екен- ау» деген ой миларына кіріп те шықпаған. Ал, мектептің жанындағы ата-аналар комитетінің ішінде жүріп, олардың қазандай қайнаған жандүниесіндегі күресерге дәрмен жоқ ызаны түсінген Шөкеңе С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебінің 600-ге жуық оқушысының Алматының қиыр шетіндегі шағынаудандардан қатынап оқитыны бес саусағындай мәлім болатын. Ары-бері 25-30 шақырым жол жүріп, уақыттарының 3-4 сағатын босқа ысырап болатынынан да хабардар еді. Ер Шөкеңнің министр Қ.Балахметовтен «В связи с этим, Вам поручается изучить вопрос о необходимости и возможности открытия в г. Алма-Ате школы с казахским языком обучения или отдельных казахских классов при существующих школах и свои предложения сообщить к 15 декабря с.г.» деген екіұшты хат алатыны да осы тұс. Министрдің білім басқармалары мен бөлімдері атқаратын жұмысты өзіне арта салғанынан көңіліне күдік алған Шөкең енді ҚК Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қабылдауына жазылды. Мәселені жанашырлықпен тыңдаған Димекеңнің «Құдайым-ау, осы уақытқа дейін маған өстіп бір адам келді ме?!» деп қабырғасы қайысатыны да осы кез. Шөкең осыдан кейін ғана Балахметовтен «№6-шы шағынауданнан қазақ тілінде жаңа мектеп ашатын болдық» деген, орысша болса да, нақты жауап алды. Бірақ арада он жыл өткенде Шөкеңнің басына елі үшін еткен осы еңбегі қара бұлт боп үйірілді. Ол – 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы көтерілістен кейінгі қудалау болатын. Желтоқсанның ызғырығы тәннен бұрын жанды мұздатқан сол тұста Шөкең ҚК ОК-ның жандайшап идеологтары ұйымдастырған, «авторсымақтары» ҚК ОК аппаратының нұсқаушылары мен жалдамалы журналистерінен тұратын «Тот» деген тотығы шыққан мақаласымаққа да кейіпкер болды. Мақаласын орысша жазатын бір қазақ Мәскеуден шығатын «Правда» газетіне «Ш. Смаханұлы Алматыдағы қазақ балаларын ана тілінде тәрбиелейтін «Ертөстік» балабақшасының ашылуына бастамашы болды және соның тұсаукесер салтанатында оны іс-шараның «бас қаһарманы» ретінде құрметтеді» деп мысқылдай отырып «әшкерелегені» де бар. Айта берсем, Шөкеңнің ерлік істері өте көп. Алматыдан ашамыз деген қазақ мектептері мен балабақшаларына шәкірт пен бүлдіршін жинауға да ол тікелей өзі кірісті. Шөкеңнің әйелі Аманкүл жеңгем жазу мәшіңкесін басудың хас шебері болатын. Шөкең болашақ қазақ мектептері мен балабақшаларына бала жинау үшін хабарландыруды осы Аманкүл жеңешемнің мәшіңкесіне тергізген. Сосын өзі көше бойындағы бағаналарға желіммен жапсырған. Бірақ оқу бөліміндегі ізін аңдыған жаулары Шөкең жапсырған хабарландыруларды артынан білдірмей ілесіп, жұлып тастап отырған. Мұны «Шөкең бірдеңеге ұшырап қалмасын» деп соңынан ілесіп жүрген Аманкүл жеңгеміз көрген. Бірақ Шөкең хабарландыруды жеңгемізге қайта жаздырып, қайта жапсырудан жалықпаған. Шөкеңнің сатирасы да кіл классика. Оның «Апатқа ұшыраған шопырдың хикаясы» деген сықақ өлеңі – нағыз шедевр! Ол әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоймаған өлмес туынды. ...Оймақтай жер Сау қалдырмай денемнен, Арақ мені ұрып кетті-ау төбемнен. Сайтан қуар сасқанды, Бәле былай басталды: Жалақымды алдым «сүф» деп, Қалтаға салдым бүктеп, Үйге барудан тартынып, Ішкім келді «жартылық». Машинамды қаңтарып, Буфетке кірсем Аңтарылып Сыңар іздеп тұрған, Екі Құдай ұрған «Ей, қымбатты досым», – деді, «Үштің бірі боп қосыл», – деді. Бүлкілдеп тұрса көмейім, Мақұл демей не дейін. Қағып сап едім екі жүзді, Бойым балқып, етім қызды. Сайтандардың бағына, Мырзаланып тағы да: «Мә, ақша, әкел» дедім, «Мен сендердің әкең» дедім. Көңілдері көлдей тасып, Құйды дейсің басып-басып. Олар да енді өзімнен қарыз алып, Тағы да төрт-бес жүзден Қағып салдық. Бір кезде қарасам аспанға, Ұқсайды қанды бұлт басқанға. Жаратқанға шоқындым да, Светофордың Үш көзі бірдей көкпеңбек Болғаннан соң Жөнеп кеттім өктемдеп. Біреулер: «Өлдім-ау!» деп Жылап жатты. Біреулер: «Сені ме!» деп Сыбап жатты. Біреулердің ысқырғанына Тіпті пысқырмадым да. Білмедім одан арғысын, Құдайдың көріп қарғысын, Дүние астан-кестең жапырылып, Ып-ыстық қанға кеттім батырылып... Емханаға жатқаныма ай бопты, Машинам сондай-ақ жайрапты. Он екі мүшем түгел бүлініпті, Қарыным жеті жерден тілініпті. Шығып кеткен бір көзім ойылыпты, Орнына иттің көзі қойылыпты. Қос қолым білегімнен бірдей сынып, Еттен саусақ жасапты жырып-тіліп. Бас сүйекке, біле алмадым анығын, Салса керек тасбақаның қабығын. Бұрын даусым шығар еді саңқылдап, Мұрын да жоқ, пұшық болдым маңқылдап. Екі аяқ – ол да протез, Жүре алар емеспін, сірә, тез. Меруерттей тісім жоқ, Баяғы ажар-түсім жоқ. Азан шақырып қойған атым – Сұңқар еді, Сұлулығыма қыз-қатын іңкәр еді. Енді міне, сұрқылтаймын, Пенсия бола ма деп, Мекемеге Арыз айтып Дамылсыз қыңқылдаймын. «Ер Шөкеңнің сатирасынан не бар?» дегенде, мен оның осы бір-ақ сықақ өлеңімен тарихта қалатын ақын екенін айта алам. Шөкеңнің пародиясы да мірдің оғындай. Белгілі классик жазушы Хамза Есенжановтың үш кітаптан тұратын «Ақ Жайық» деген атақты трилогиясы бар. Соның үшеуі де «Ақ Жайық» деп аталады. Осыны Шөкең: Бірінші кітап – «Ақ Жайық», Екінші кітап – «Ақ Жайық», Үшінші кітап – « Ақ Жайық». Жайыққа Жайық қосылып, Суға кетіп қалмайық», деп пародиялаған ғой. Бұл жердегі «су», әрине, әдебиеттегі көпсөзділікке, құрғақ баяндаушылыққа ұшырап қалмайық деген жеңіл базына. Бірақ, жеңіл базына болса да, салмағы зілбатпан базына. Ал, мұның бәрі Шөкең шығармашылығындағы сан алуан сын- сықақтар мен шымшымалардың мыңнан бірі ғана. Ол осы «шымшыма» деген жалқы шумақтан тұратын сықақ өлеңді де әдеби айналымға алғаш боп қосқан дарабоз сатира сарбазы. Міне, осындай қаламгер-қайраткердің 100 жылдық мерейтойын Үкімет, Қазақстан Жазушылар одағы және Жамбыл облысы әкімдігі республикалық ғылыми-тәжірибелік мәжіліс ұйымдастырумен, ақындар мен жазушылар арасында сықақ өлеңдер мен әзіл әңгімелерге республикалық әдеби бәйге жариялаумен, ақынның өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлігі турасындағы эсселер байқауымен «Шона күндерін» өткізсе дейміз. Сонымен бірге, сатирашы-ақынның сын-сықақтары мен прозасынан тұратын көптомдығын шығарып, өлеңдеріне жазылған әндерден («Жамбыл жастарының вальсі», «Мамам қайда дейсің- ау», «Ойнақтаған Ортеке» және т.б.) үлкен концерт ұйымдастырып, мәдени және әдеби мереке ретіне тойланса дейміз. Бұл, әрине, аталарының ұлағатты ісі ұрпақтарына үлгі болса екен деген көпшілік тілегі. Ал, оған Ер Шөкеңнің еңбегі әбден лайықты!  

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.

Тараз қаласы