Жаңалықтар

Тасқынмен күрес: әлемдік тәжірибе

Тасқынмен күрес: әлемдік тәжірибе

Биылғы көктем қазақстандықтар үшін ауыр болды. Қыста жауған қалың қар салдарынан елдегі өзен суларының көлемі ұлғайып, он өңірді қарғын су басты. Ел іші әбігерге түсіп, мыңдаған адам үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды. Қарғын судан келген зардап көлемін айтудың өзі ауыр. Табиғаттың мұндай тосын мінезін күтпеген жергілікті әкімдіктер абдырап, төтенше жағдайға дер кезінде тойтарыс бере алмады. Әлемдік тәжірибеге үңіле отырып, тиісті дайындықтар жүргізіліп, мықты техника жұмылдырылған жағдайда мұндай залалдың бетін қайтаруға болатынын аңғардық. Мұны өзімізді сынап, өзгені асқақтату үшін емес, болған жайдан сабақ алмаққа зерттедік. Зерттеу нысаны ретінде – Америка, Қытай, Үндістан және Канаданы таңдадық.

Канадада, АҚШ-та және Үндістанда су тасқыны жиі орын алады. Мысалы, 1954 жылы қазанда Канададағы Онтарио штатында қатты нөсер жауып, 80-нен астам адам қаза тапты. 1987 жылы шілдеде Монреалда қатты жаңбырдан 40 000-ға жуық үйді су басып, екі адам көз жұмды. АҚШ-тағы Вермонт штатында табиғи апат жиі болып тұрады. Мәселен, 2023 жылғы су тасқыны штаттағы соңғы 12 жылдағы ең ауқымды апат саналады. Вермонттағы жауын- шашын мөлшері орташа жылдық нормадан асып түскен. Үндістан да су тасқынына жиі тап болады. 2023 жылдың желтоқсанында елдің оңтүстік аймақтары қатты жаңбырдан зардап шекті. Екі өңірдің қалалық аудандары су астында қалды. Билік мыңдаған адамдарды эвакуациялады. Әрине, басқа елдердің тәжірибесі Қазақстанға 100 пайыз сәйкес келе бермейді. Су тасқынымен күресу әдістері климатқа, бюджетке және бассейндердің жалпы көлеміне байланысты. Мысалы, Үндістанда климат тропикалық, ал Техас пен Вермонтта торнадо жиі болады. Бұл су тасқынына да әсер етеді.

АҚШ

Америкадағы су тасқынын бақылау тарихы 1950 жылдардың ортасынан бастау алады. Осы жылдан бастап елде құрылысқа жатпайтын шаралар әзірленіп, су тасқынының залалын азайту жоспары ұсынылған. Өз кезегінде АҚШ үкіметі 1969 жылы су тасқынынан сақтанудың ұлттық бағдарламасын (NFIP) енгізді. Ол су тасқынынан сақтануды субсидиялау және су тасқынынан зардап шеккен (су тасқыны кезінде су басқан өзен аңғарының бөлігі) жерлерді пайдалануды реттеу бағытындағы қауымдастықтарға қойылатын талаптарды біріктірді. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаға тасқын қаупі бар өңірлерде тұратын Америка азаматтарының шамамен 20-30 пайызы қатысады. Бұл әрекеттер шын мәнінде Америкада мезгіл сайын болатын су тасқыны мен су тасқынынан келетін залалды азайтуға көмектесті. Алайда, мұндай тиімді әрекеттерге қарамастан, табиғи апаттың жыл сайынғы зияны артып келеді. Мысалы, ХХ ғасырдың аяғында залал көлемі төрт есеге артып кеткен. Бұл су астында қалуы ықтимал аймақтарға адамдардың жаппай қоныс аударуы және өзен ағысы бойындағы жерлерді игеруінің салдарынан болған жағдай. Құрылыс нысандарының көбеюі мен тұрғындардың күнделікті әрекеті табиғатқа пайда әкеліп жатқан жоқ.

Америкада су ресурстары қалай басқарылады?

«Сақтансаң – сақтайды» деген сенім америкалық суды басқару жүйесінің ұраны іспетті. Үкімет су тасқынын кешенді басқаруды жүзеге асыру үшін үлкен көлемде деректер жинайды, оны сақтайды және таратады. Мысалы, Америка геологиялық қызметі (USGS) ұлттық су ресурстары және АҚШ өзендерінің көпшілігіндегі өлшеу станциялары туралы негізгі ақпаратты ұсынып отырады. Зерттеу Миссисипи өзенінің төменгі және оның салаларындағы 84 учаскені, сондай-ақ Миссисипи өзенінің жоғарғы және оның салаларындағы 406 учаскені (Огайо мен Миссуриден басқа) қамтиды. Сонымен қатар, инженерлік әскер Миссисипидегі таңдалған өлшеу станцияларын қашықтан бақылайды. Суды басқаруда пайдалану деректеріне арналған өзен бассейні, одан бөлек Ұлттық мұхит және атмосфера басқармасы (NOAA) қолжетімді тарихи деректер негізінде ауа райы және су тасқыны туралы болжамдар жасайды. Негізінен мемлекет су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты жергілікті жұмыстарды үйлестіруге және заңнамалық актілерді әзірлеуге баса назар аударады. 2022 жылы АҚШ-тағы Вермонт университетінің ғалымдары су астында қалған жерлерді қалпына келтіру су тасқынынан болатын залалды 20 пайызға төмендетуі мүмкін екенін жария етті. Су астында қалған жерлерді қалпына келтірудің бірнеше жолы бар. Мысалы, жағалау сызығының пішінін өзгерту немесе өсімдіктерді көбейту. Осының арқасында топырақ суды көбірек сіңіреді, бұл өз кезегінде су тасқынының таралу жылдамдығын бәсеңдетеді. Сонымен қатар, Вермонттағы жергілікті билік су тасқыны аймағында орналасқан мүлікті бұзып, үй иелерін биік жерге көшіру үшін олардың үйлерін сатып алумен айналысады. BBC мәліметтері бойынша, бүгінгі күнге дейін үкімет 150-ге жуық үйді сатып алған. Техас штаты да су тасқыны қаупі жоғары аймақта. 2022 жылы АҚШ-тың Өкілдер палатасы Техастың жүздеген миль жағалауын қорғауға арналған 34 миллиард долларлық жағалау тосқауылын салу туралы заң жобасын мақұлдады. Жоба «Ике Дайк» деп аталатын ұзындығы 3,2 шақырымдық бетон қақпаны қамтиды. Қақпа 2008 жылдың қыркүйегінде өткен «Айк» дауылының құрметіне осындай атау алған. «Чикагода 2099 жылға қарай жауын-шашын қазіргіден 20 пайызға көп болады деп болжануда», – деп жазады BBC. Бұл жауыннан қорғану идеяларының бірі – жаңбыр суының сүзілуіне және жерге енуіне мүмкіндік беретін бетоннан, асфальттан немесе төсеніштерден жасалған инновациялық жабын жасап шығару. Жалпы, асфальт қалалардағы су тасқынының негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Өйткені, асфальттан су жерге сіңбейді. Бұл қиындықты азайту үшін қалада жасыл аймақтарды көбірек салу қажет. Мұның бәрі «Жасыл аллея» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. 2001 жылдан 2017 жылға дейін Чикагода 300-ден астам жасыл аллея салынды.

ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ

Қытайдағы су тасқынына қарсы күрес негізінен су тасқынына қарсы құрылыстар салу арқылы жүзеге асырылады. Су тасқынына қарсы шаралар өзен бассейні және аймақтық деңгейде реттеледі. Оларға су тасқынын реттеу, оларды ұстап тұру және сақтау үшін су айдындарын салу, жоғарғы өзендегі су тасқыны шыңын азайту, өзен арнасын қайта құру, су тасқыны бағытын реттеу және кеңейту үшін бөгеттерді нығайту кіреді. 1949 жылдан бастап Қытайда әртүрлі деңгейлерде су тасқынына қарсы штабтар, кеңселер, ұйымдар және жұмыс топтары құрылды. Олардың ең үлкені мемлекеттік кеңестің жанынан 1950 жылы 7 маусымда құрылған су тасқынына қарсы күрес жөніндегі орталық штаб. Сонымен қатар, 1993 жылы мемлекеттік кеңес жанынан құрылған су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік штаб. Штаб су тасқынына жауапты министрліктер мен бюролардан тұрады. Олар су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы көмек жұмыстарын жүргізуге және ұйымдастыруға бағытталған. Сонымен қатар, Хуанхэ, Янцзы, Сунгари және Хуайхэ өзендерінде су тасқынына қарсы штабтар құрылған. Одан бөлек, елдің жекелеген аймақтарында және үкімет бөлімдерінде су тасқынына қарсы кеңселер бар. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу бойынша жауапкершілік өзеннің әр бассейнінің басқармаларына немесе әкімшілік бөлімшелеріне жүктелген. Жоғарыда айтылғандардан басқа, су тасқынына қарсы штаб су ресурстары мен гидроэлектроэнергетика нысандарын қорғауға да жауапты. Осылайша, Қытайдағы су тасқынына қарсы күрес заңдар мен ережелерге толық сәйкес жүргізілуде. Ол біртұтас жоспарлау, қарқынды жоспарлар құру және су тасқынының алдын алатын барлық факторларды ескеру қағидаты бойынша жүргізіледі. Су тасқынына қарсы күрес бойынша жұмыстар жан-жақты жоспарланып, әртүрлі деңгейлерде жүзеге асырылады. Ал, бассейндік басқаруды өңірлік басқармалар жүйелі түрде жүргізіп отырады.

ҮНДІСТАН

Үндістан су тасқынына қарсы күресте халық алдында мемлекет жауапты деген пікірді ұстанады. Осылайша, Үндістан үкіметі табиғи апаттарға, соның ішінде су тасқынына қатысты төтенше жағдайлар жоспарын құрды. Құжат Үкіметтің және үкіметтік емес ұйымдардың әрбір бөлімінің міндеттерін нақтылап берді. Сонымен қатар, Үндістанда дағдарысты басқару жөніндегі Ұлттық Комитет жұмыс істейді. 1999 жылы ауыл шаруашылығы министрлігі апаттарға қарсы жоспарлау комитетін құрды. Бұл құжат жан-жақты және мінсіз деп танылып, ұлттық, мемлекеттік және округтік деңгейлерді қамтыды. Су тасқыны кезінде халыққа көмекті жергілікті органдар көрсетеді. Залалдарды егжей-тегжейлі есептеу кезінде арнайы көмекші қорлар іске кіріседі. Оның біріншісі, апаттарға қарсы күрес жөніндегі ұлттық қор. Қорға жиналған ақшалай қаражат апат кең ауқымды деп айқындалғаннан кейін мемлекетке беріледі. Екіншісі, апаттарға қарсы күрес жөніндегі көмекші қор. Кез келген апаттармен күресу үшін жұмыс істейді. Апаттардан қорғау жөніндегі көмекші қор үшін ақшалай қаражатты жыл сайын Үкімет бөледі және оны мемлекет басқарады. Сонымен қатар, Үндістан табиғи апаттармен күресуде ел Үкіметі ЮСЭЙД жобасын жүзеге асыруда. ЮСЭЙД – АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі. Бұл жоба су тасқыны ағынын картографиялаумен, жергілікті дауылдар мен су тасқынын болжаумен айналысады.

КАНАДА

Канада да су тасқынымен ұзақ уақыт бойы бөгет салу, су арналарын бұру сияқты дәстүрлі әдістермен күрескен. Уақыт өте келе болған жағдайлар мұндай әдістер су тасқынынан болатын зиянды азайтпайтынын көрсетті. Өйткені, елдің көптеген аймақтарындағы қалалық инфрақұрылым бөгеттердің артында немесе өзендердің бойында орналасқан. Су рұқсат етілген деңгейден асып кетіп елге үлкен зиян келтірген. 1975 жылы Канадада су тасқынынан келетін зиянды азайту бағдарламасы жарияланды. Оның нәтижелері бойынша қауіпті аймақтардың карталары, сондай-ақ, жерді пайдалану ережелері жасалды. Билік бүкіл ел бойынша су тасқыны қаупі жоғары 300-ге жуық орынды анықтады. Су тасқыны туралы болжау және ескерту жүйелерін, сондай-ақ, олармен күресудің құрылымдық шараларын жүзеге асырды. Бұл құжаттар қаладағы құрылысшылар мен қалың жұртшылыққа тапсырылды. Провинциялық және муниципалдық шенеуніктер өздерінің ережелерін, заң актілерін және халықты ақпараттандыру бағдарламаларын осы мәліметтерге негіздеді. Бұл аймақтарда үйлер мен кәсіпорындар салу ұсынылмады. Оның орнына саябақтарға, демалыс орындарына және басқа да ашық кеңістіктерге басымдық берілді. 1996-1997 жылдары бағдарлама қаржылық шектеулерге байланысты қысқартылды. Кейінірек бағдарлама су тасқынын бақылау әрекетінің орнына су тасқынымен күресу үшін арнайы орындарды бейімдеу идеясын алға тартты. Қазір Канададағы провинциялар мен аумақтардың көпшілігінде аймақтардағы су тасқыны жағдайы туралы ақпарат, сондай- ақ, олармен күресу бойынша практикалық нұсқаулар бар.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ