Жаңалықтар

Күрделі мәселе күн тәртібінде

Күрделі мәселе күн тәртібінде

Өткен жылы Талас және Жуалы аудандарындағы тұрғындар арасында Сібір жарасын жұқтырғандар табылғаны белгілі. Тексеру кезінде олардың ветеринарлық куәландыруы жоқ малды сойғаны анықталды. Аталған екі ауданда Сібір жарасына қарсы екпе егу шаралары жүргізілді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әкімдікте өткен кеңесте Сібір жарасының, Конго-Қырым геморрагиялық безгегінің ошақтарын жою және алдын алу жұмыстарының нәтижесін жауаптылардан сұрады. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев республикалық қор есебінен жыл басында қажетті вакцина бөлініп, бүгінгі күнге облыс аумағында Сібір жарасына қарсы 2,5 миллион манипуляция орындалғанын айта келе, ревакцинацияның екінші кезеңі күзде жүргізілетінін жеткізді.

– Сібір жарасы мен басқа да ауруларға қарсы екпе жұмыстарының сапалы және нақты жүргізілуін бақылауға алу мақсатында іс-шаралар өткізілуде. Біздің мамандар елді мекендерге барып, ондағы ветеринария қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Елдің арыз-шағымдарына қатысты мамандар ісі зерделеніп, мал иелерін атқаруға тиісті заңды міндеттерімен таныстырды. Оларға аса қауіпті дерттен қорғану керектігі айтылды, – деді Н.Құрмантаев. Сондай-ақ ол, аймақта Сібір жарасының 189 ошағы тіркелгенін айта келе, олардың маңынан топырақ сынамалары жылына бір рет бактериологиялық тәсілмен тексерілетінін жеткізді. – Биылдыққа бұл бойынша күдікті жағдай тіркелмеген. Ветеринариялық іс- шаралар жоспарын орындау барысында бір Меркі ауданы аумағында бөлінген вакцинаның арасынан сапасына күдікті, атап айтсақ, құтыда препаратқа тән емес бөгде заттың болуы және зең пайда болған вакциналар бар екені анықталды. Бұл жөнінде дер кезінде акт жасау арқылы облыстық аумақтық инспекцияға және ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне хабарлама жолданып, 17-18 сәуірде ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталығының мамандарымен қажетті тексеру жүргізілді. Қазір нәтижесін күтіп отырмыз, – деді Нұржас Нұржанұлы. Сондай-ақ, аталған басқарма басшысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы саналатын Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ, Шу аудандарындағы 46 елді мекенде үш кезеңде көлемі 6,4 миллион шаршы метрді құрайтын 20 297 қора-жай мен 156 мың шаршы метр буферлік аймаққа және барлығы 560 мың ауылшаруашылық жануарын залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп жатқанын сөз етті. Кеңес барысында аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Нұржас Құрмантаевтан мал тоғытуға арналған қанша күпке бар екенін, әлі қаншауын салу керектігін сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 151 күпке бар және жеткілікті. Жаңадан күпке салу қажеттігі әзірге туындамаған. Бұдан кейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындары Сібір жарасын жұқтыру дерегі анықталған Жуалы, Талас ауданы әкімдерін сөзге тартып, былтырғы жағдай қайталанбас үшін қандай алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанына назар аударды.  

Нұржан ӘЛІШ