«Белаз»-бен жүріп, бейнет кешкен
«Белаз»-бен жүріп, бейнет кешкен
Байзақ ауданының Кеңес ауылында бастауыш сыныптарды оқыған ол кейіннен Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) ауысып, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясын 1958 жылы бітіріп шығыпты. 1960 жылы бұрынғы Жамбыл қаласындағы №33 кәсіптік училищені «шофер-тракторист» мамандығы бойынша тәмамдап, туған жері Байзақтың «Кеңес» ұжымшарында механизатор болып еңбек жолын бастағаны күні бүгінгідей көз алдында. Мұнан соң үш жыл бойы КСРО әскері қатарында болып, Отан алдындағы борышын Сібір даласында өтеп қайтқан. Әскерде де көлік жүргізуші ретінде көзге түскен. Әскерден оралысымен ұжымшардың жұмысына, сол баяғы көк тракторымен араласып кетті. Көп ұзамай қорапты автокөліктің де кілті қолына тиген. Жұмыстан аянып қалған кезі жоқ. Науқандық жұмыстардың барлығында көш басында Барат жүрді. Алты жыл тер төгіп, еңбек озаты атанды. 1971 жылы отбасы жағдайына байланысты бұрынғы Жамбыл қаласына қоныс аударғанда ауылдастар мен ұжымдағы әріптестері қимай шығарып салды. Ұжымшар басшысы да тындырымды жүргізушіден айырылғысы келмей: «Сырттай оқытып алайын, бригадир боласың», – деп те өтініп көрді. Бірақ, Барат алған бетінен қайтқан жоқ. «Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар» демекші, Баратқа екі қолға бір күрек Тараздан да табылды. «Жамбыл су құрылысы» тресінің автобазасына жүргізуші болып орналасты. Аз ғана уақыттың ішінде бірінші сыныпты жүргізуші дәрежесіне дейін жетті. Оған сол жылдары «Штаттан тыс автоинспектор – ерікті халық жасағының мүшесі» куәлігі сеніп тапсырылды. Озат еңбек қашанда еленетіні белгілі. 1988 жылы Кеңестік Компартиясы Орталық комитетінен ұсыныс түсіп, КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі, шетелдердегі жер өңдеу және су шаруашылығы құрылысын жүргізу жөніндегі бас басқармасының ұйғарымы мен «Шетелсуқұрылыс» жүргізу жөніндегі бұйрығымен Ирак республикасындағы «Тигр – Евфрат» бас коллекторының, «Бағдад – Басра» су каналының құрылысына қатысып, алып «Белаз – 540» көлігін тізгіндеп, өз міндетін абыроймен, мінсіз орындап қайтты. Сонымен қатар, Барат Мыңбосынов Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының, қазіргі Абай даңғылы мен Қонаев, Сүлейменов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің жүзеге асуына үлес қосты. Сондай-ақ, «Теріс-Ащыбұлақ», «Тасөткел», «Жиенбет», «Дарбаза» су қоймаларының және «Амангелді» газ магистралінің құрылысын жүргізуге белсене атсалысты. Кейінгі жылдары бұрынғы Жамбыл қаласындағы Зауыт аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып, сол кездегі саяси жұмыстардың ілгерілеуіне ықпал етті. Ол әр жылдары «Жамбыл су құрылысы» тресі басқарушысының Құрмет грамотасымен, КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Зауыт аудандық партия комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ардагерлер арасында асық ату бойынша қалалық спартакиаданың чемпионы. Осыдан біраз уақыт бұрын Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов кеңес мүшелерімен бірге отырыс өткізіп, Барат Мыңбосыновты «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағына ұсыныпты. Алайда, бұл ұсыныс Тараз қалалық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау таба қоймапты. Дегенмен, Барат Мыңбосыновтың сіңірген еңбегі «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағын алуға әбден татиды. Ал, Барат Мыңбосынов болса: – Мен атақ-дәреже іздемеймін. Бірақ, кейде еңбегіңнің ақталғанын қалайтының рас. Себебі, 55 жыл бойы техниканың кабинасынан түспей, ақ тер, көк тер болып еңбек еткеніміз де рас. Оны тиісті жауапты орындар бағаласа дұрыс болар еді, – дейді.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы