Өз бақытын өзгелерге өмір сыйлаудан тапқан
Өз бақытын өзгелерге өмір сыйлаудан тапқан
Атының өзін аузына алмауға тырысатын, «жаман ауру» аталып кеткен дерттің Бақыткүлге жабысқанына біраз болды. Алматыда білікті дәрігерлерге қаралып, ұзақ ем алды. Әйткенмен, қайтара тексерілгенде басындағы қатерлі ісік қайта үлкейе түскені анықталды. Еліміздің бас шаһарының біріндегі білікті дәрігер дәрменсіз
болған соң, амалсыз ауылына қайтты. Бірақ, №1 Тараз қалалық ауруханасындағы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Досжанов жайлы естігенде мұның үзілген үміті қайта тұтанғандай болды. Екінші рет ем алу үшін біршама уақыт өткізіп, таныстарының айтуымен тәжірибелі дәрігерге келген. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас қой. Өмірден түңілуге шақ қалған Бақыткүл дәрігердің бірер кеңесінен кейін-ақ өмірге деген құлшынысы оянғанына, батпандап кірген ауруды жеңіп, әлі талай рауандап атар таң шапағын көретініне нық сеніммен қарайтын болды. Бұған, тіпті, өзі де қайран қалды. «Дәрігердің бірінші қаруы – сөз» деп бекер айтылмағанын бұл сонда ғана барып түсінген. Бақытжан Тұрарбекұлы басшылық жасайтын бұл бөлімде бас-сүйек жарақаты бар, миы шайқалған, омыртқа, жұлыны үзіліп, сынған, сал ауруына шалдыққан, инсульт алған, қатерлі ісік, обырмен ауырған науқастар емделеді. Мұнда түскен науқастарға ота жасау да аса ауыр әрі күрделі. Дәрігердің айтуынша, бөлімде жылына шамамен 350-370 ота жасалады. Әр ота ең кемі 6-8 сағат уақытты алады. Алматыда білім алып, Ресейдің Қазан, Украинаның Киев қалаларында білімін жетілдірген ақ желеңді абзал жанның бөлімінде емделу үшін өзіміздің облыстан бөлек, Шымкент, Қызылорда, Бішкек қалаларынан да дімкәстар келіп жатады. Жоғары оқу орнын бітірісімен, яғни, 1990 жылдан бастап қалалық ауруханада тер төгіп келе жатқан Бақытжан Тұрарбекұлы өзінің отыз бес жылдық еңбек өтілінде талай шәкірттің қанат қомдап, медицина саласында еркін самғауына да септігін тигізді. – Менің еңбек өтілім бес жылға енді жуықтады. Оның ішінде төрт жыл нейрохирургия бөлімінде жұмыс істеп келемін. Дегенмен, мен бүгінде күрделі оталарды да жасап жүрмін. Бұл ең алдымен, білікті ұстазымның, Бақытжан Тұрарбекұлының арқасы. Өйткені, ол кісі бізге үнемі «Шәкірттерім менен де білікті, білімді болуы керек» деп, небір қиын, күрделі оталарды да қаймықпай жасауға үйретті.Үйретіп қана қоймай, үлгі етіп көрсетеді де. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын ми ісігімен ауыратын мойынқұмдық бір азамат терең ұйқыға, яғни, комаға түсіп кеткен болатын. Отбасы мүшелері үміттерін үзіп, науқасты алып кетпек болды. Сонда Бақытжан Тұрарбекұлы оларға қарсы шығып, ота жасауға рұқсаттарын әрең алды. Қуанышқа орай, ота сәтті өтіп, бүгінде ол кісі «Сіз болмағанда мен қазір басқа әлемде жүрер ем» деп, Таразға келген сайын Бақытжан Тұрарбекұлына рахметін айтып кетеді. Сонымен қатар, Бақытжан Тұрарбекұлы зақымданған беломыртқаны транспедикулярлық бекіту арқылы емдеу тәсілін біздің облысымызда алғаш ендіріп, қолданған дәрігер. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл тәсіл беломыртқаға темір орнату арқылы сүйектерді жалғап, бекітеді де, науқастың ертерек аяғынан тұрып кетуіне септеседі. Мұндай отаны қазіргі таңда санаулы облыстарда ғана, бірен-саран дәрігерлер ғана жасай алады, – дейді дәрігердің әріптесі әрі шәкірті Руслан Байшенов. – Бүгінде білімді, талапты, шетелдерде оқып келген жастарымыз көп. Әйткенмен, олардың басым бөлігі медицина саласында көп тұрақтамай, басқа жұмыстарға кетіп жатыр. Өйткені, бізде қазір біріншіден, оқу мерзімі ұзақ, жұмысы өте ауыр, жалақысы аз. Мектепте озат оқыған жастардың денсаулық сақтау саласына оқуға түсіп жатқандары да жылдан-жылға азайып барады. Сондықтан мені медицинаның болашағы алаңдатады. Қазір шетелге барып емделіп жүрген отандастарымыз аз емес. Егер біздің елімізде де медицина саласын заманауи, озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсе, біз де соған сай жұмыс жасап, жоғары нәтижелерге қол жеткізер едік, – дейді Бақытжан Досжанов. Дәрігермен әңгімелесе жүріп, науқастардың палатасына қарай аяңдадық. Жетінші палатадағы Ермек Шайлазимов мұнда тура Жаңа жыл қарсаңында түскен екен. Вагон машинисі болып еңбек ететін ол Т. Рысқұлов ауданындағы Мөңке стансасында апатқа ұшырайды. Тіпті, сал болып қалу қаупі туған науқасқа тез арада ота жасалып, жоғарыда айтып өткен әдіс бойынша беломыртқа темір арқылы бекітіледі. Бірер күнде науқас өзі аяққа тұрмақ. Келесі палатадағы ем қабылдаушы, меркілік Серікбай Ахметовтің жансақтау бөлімінен жай палатаға ауысқанына көп болмапты. Сонда да дәрігерді көре сала, алғысын жаудыра бастады: – Мен өзім екінші топтағы мүгедекпін. Бір апта бұрын қан қысымым күрт көтеріліп, есімнен танып, тіпті, сөйлей алмай қалған болатынмын. Ота жасалғанға дейін қан қысымым мүлдем түспей қойыпты. Соған қарамастан, Бақытжан Тұрарбекұлының арқасында ота сәтті өтіп, міне, сіздермен тілдесіп отырмын. Сәтін салса, жақында өзім жүретін боламын. Осындай білікті дәрігер болмағанда аман қалар ма едім, жоқ па, беймәлім. Осы бөлімдегі барлық абзал жандарға алғысым шексіз, – дейді ағынан жарылып. Ауыр науқастың бірді-екілісін көрген мен, одан әрі басқа палаталарға барудан бас тартып, «Түрлі ауыр дерт дендеген жандарды, күнделікті осындай көріністі көріп жүруге жүректеріңіз қалай шыдайды екен...» дедім өзімнен-өзім күбірлеп. Онымды естіп қойған дәрігер «Аурулармен бірге ауырып қалуға болмайды ғой бізге енді» деді жай ғана жымиып...
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».
Тараз қаласы.