Отанға қызмет – мәртебелі міндет
Отанға қызмет – мәртебелі міндет
Жас сарбаз келісімшарт бойынша әскери қызметке ауысуға шешім қабылдаған бойда одан талап етілетін он екі айлық әскери қызметтің аяқталуын күтудің қажеті жоқ. Қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері борышын өтеу барысында келісімшарттық қызметке көшу тәжірибесін сәтті қолдануда. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар айында жиырмадан астам мерзімді әскери қызметші әскер қатарына шақырылғаннан кейін небәрі алты ай өткен соң жаңа мәртебеге ие болды. Осыдан үш ай бұрын аға атқыш Илья Катулевский әріптестерімен бірге қатардағы әскери борышын өтеп жүрген еді. Ол әскерге былтыр көктемде Жамбыл облысы, Жуалы ауданынан шақырылған. Гвардиялық гарнизонда, танк бригадасында тәжірибе шыңдады. Алғыр жауынгер алғашқы алты айда әскери әрекеттерді сәтті меңгерді. Илья келісімшарт бойынша әскерге шақыру мүмкіндігі туралы бірнеше рет естіп, ой елегінен өткізе бастайды. Әскери борышын өтемей тұрып-ақ келісімшартқа ауысуға болатынын командирлерден білген соң, кешіктірмеуді жөн санайды. – Әскери қызметте жүргенімде мен он күнге демалысқа жіберілдім. Демалыста азаматтық өмірде не істеймін, қайда жұмыс істеймін деп көп ойладым. Әскерге дейін мен колледж бітірдім, бірақ тұрақты жұмыс таппадым және алдағы уақытта қай салада еңбек ететінімді нақты білмедім. Басында достарымның істеріне де қызығушылық танытып көрдім. Бірақ олардың да көбі жұмыссыз жүр. Отбасыммен ақылдаса келе, әскери салада еңбек етемін деп шешім қабылдадым. Менімен бір уақытта әскерге шақырылған әріптестерім әлі де әскери борышын өтеп жатыр, ал мен келісімшарт бойынша әскери қызметте жүргеніме үш ай болды, – дейді жас жауынгер. Демалыстан оралған соң құжаттарын рәсімдеп, үш жыл мерзімге алғашқы келісімшартына қол қойды. Қазір ол үшін Отан қорғау мерзімдік міндет емес, өмірлік ұстаным. Сол секілді қатардағы жауынгер Бақдәулет Миятбек те әскерге борышын өтеуге келіп, салада қызмет етуге ден қойған. «Еліміздің қарқынды дамуы үшін әскери саланың да рөлі зор. Бала күнімнен әскерилерге қызығып өстім. Борышымды өтеуге өз еркіммен келдім. Осы тұста салада еңбек ету бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Қазір мен үйімде түстеніп, жалақы алып, еңбек етіп жүрмін. Алдағы уақытта да ант берген ісіме адал боламын деген сенімдемін», – дейді ол. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штаб батальонының дәл осындай оншақты мерзімді әскери сарбаздары келісімшарттық қызметке ауысып үлгерген. Бұл енді олардың алдағы үш жылдағы жаңа кезекшілік бекеті болмақ. Дәл осы кезеңде олардың барлығы алғашқы келісімшартқа қол қойды. – Бұл сарбаздар жан-жақты дайындалған мамандар және кәсіби қасиеттері жағынан олар тәжірибелі келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден еш кем түспейді. Әскери борышын өтеу кезінде олар алғашқы әскери дайындықты игерді, алдағы уақытта тек дайындықтарын арттырады. Жас әскери қызметшілерге қажетті барлық жеңілдіктерге қол жеткізді. Бұған тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы, некеге тұру және бала туу кезінде материалдық көмек көрсету, медициналық сақтандыру, жыл сайынғы сауықтыру жәрдемақысын алу, жаңа қызмет орнына көшу кезінде көтерме жәрдемақы және көшу шығындарының өтемақысы кіреді. Жас әскери қызметшілер келісімшарт бойынша қызметте тәжірибе жинақтағаннан кейін таңдауының дұрыстығын өздері бағалайтын болады, – дейді штаб батальонының командирі, подполковник Эльдар Толубаев. Дұрыс шешім қабылдау арқылы алтын уақытын босқа өткізбей, Отан қорғауға ден қойған жастарға алғашқы келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін тағы да таңдау мүмкіндігі берілетін болады.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ