Жауынгерлік дағдыларға дайындық
Жауынгерлік дағдыларға дайындық
Отан қорғау – әрбір азаматқа қасиетті парыз. Күні кеше еліміздің әскери даярланған резерві антына адал жас курсанттармен толықты. Олар қырық күн бойы әскери өмірдің қағидаларын меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар жауынгерлік әдіс-тәсілдерге машықтанды. Оларды әскери өмірге бейімдеу ісіне запастағы офицерлер атсалысты. «Қазіргі уақытта біздің әскери-техникалық училищеде үш мамандық бойынша дайындаламыз, атап айтқанда АК-74 атқышы, газсыздандырушы химик және ұшақ типті ұшқышсыз ұшу аппаратының операторы бағытында оқытылады. Оқу бағдарламасы теориялық және практикалық тапсырмаларды орындау кезеңінде курсанттар материалды толық меңгеріп, шеберлік шыңдайтындай етіп құрастырылған. Кез келген істе тәжірибе маңызды. Сондықтан, практикалық сабақтар курсанттарға жаңа тақырыптарды одан да жақсырақ және егжей-тегжейлі түсінуге көмектесті. Курс барысында АК-74 атқыштары тактикалық, атыс және барлау дайындығын пысықтады. Газсыздандырушы химиктер АРС-14 автожанармай құю станциясында арнайы және тактикалық оқу-жаттығулар мен жұмыс кезінде шеберліктерін шыңдады. Әуе қорғанысы күштерінің ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлары әртүрлі географиялық аумақтарда оқу-жаттығудан өтті,– дейді ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық училищесі Тараз қалалық филиалының директоры, полковник Қанат Бошай. Айта кестек, аталған Әскери-техникалық училищесінің Тараз қаласындағы филиалы ел аумағындағы бірден бір оқу орны. Сондықтан облыстың түкпір-түкпірінен келген жігіттер мұнда білім алып, тәжірибе шыңдайды. «Мен Әскери-техникалық училищеге оқуға Қордай ауданынан арнайы келдім. Оқу қиынға соқпады, әсіресе тәжірибелі ұстаздар кез келген міндетімізді анық түсіндірді. Мен қазір әскери мамандыққа ие болғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да Отан қорғау жолында адал қызмет ететініме сенімдімін», – дейді «Ұшқышсыз ұшу аппаратының операторы» бағдарламасы бойынша білім алған Талғат Дәулетбаев. Тараздық курсант Мейіржан Намазбаев пен Жуалы ауданынан келген Владимир Воронов та әскери мамандықтарды меңгерудегі табыстарын мақтан тұтады. Олардың әрқайсысы әскери пәндерден жоғары баға алып, салтанатты жиын барысында үздіктер қатарынан көрінді. Әскери ант қабылдап, оқу курсын аяқтаған курсанттарға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық училищесінде оқуды аяқтағанын көрсететін сертификаттар табыс етілді. Жоғары техникалық мектеп түлектері осы сертификаттармен жергілікті әскери басқару органдарына барып, оларға әскери билет беріледі.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ