Жаңалықтар

Қасиетті мекенім

Қасиетті мекенім

«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

  Баяғы ауасы – әтір самалы ескен, Балауса балғын шақты алам еске. Құлпырған гүл бәйшешек арасында – Нұр тұнған қасиетті далада өскем!

Қай шебер табиғатпен таласа алған? Таза су, тәкаппар тау, тамаша орман. Осынша ұлан-ғайыр кең даланы Жаратқан қазағыма бере салған! Қабылдап ырзалықпен бұйырғанын, Қарауға қанағатпен бейім қауым. Адамды құрметтеуді биік қойған, О, менің текті халқым, мейірбаным!

***

Бұл өлке біздер үшін бақ, құт дер ек. Осында бақыт кілтін таптық дер ек. Айырылып ата-жұрттан қалмау үшін Бауырлар, бірлік керек, сақтық керек.

Дұшпанның жобаларсың түр-тұлғасын. Қайткенде болу керек рухың басым. «Ақтабан шұбырынды» еске оралып, «Алқакөл сұламалы» күн тумасын! «Қаратаудың басынан көш келеді, Мөлтілдеп қара көзден жас келеді». Тарихи оқиғаны суреттеген Түседі жыраулардың еске өлеңі. Ерлердің бағдарласақ ерлік ісін, Заманның сараласақ белгілісін, Тарихта барлық соғыс Болған екен Жер үшін, Отан үшін, теңдік үшін. Азаттық – жүрегімнің асыл әні. Көк туым көзіме оттай басылады. Тәуелсіз, еркін елде ұрпақ үшін Арманның бар гүлдері ашылады. Тұрсын деп түн де тыныш, таң да құтты. Қарсы алып керуенін мәңгі уақыттың. Ұлтының мүддесі үшін, ертеңі үшін, Тас түйін бола білген ел бақытты! Құйылып көк аспаннан көркіне нұр, Жатыр-ау мейірленіп алтын өңір. Бағынбай басқа жұртқа, Енді қазақ Сүрсе екен өз жерінде еркін өмір! Саналы жас ұрпаққа тіл қатамын. Тереңде – мағынасы бұл батаның. Иманды жүрекпенен сүйе білсең, Бақыттың тұғыры ғой нұрлы Отаның! Ойланбай күн кешудің өзі айып қой. Қай кезде ақындарда азайыпты ой? Жас ұлан, басқа жақтан бақ іздеме, Өз елің, өз Отаның ғажайып қой!  

Күләш АХМЕТОВА, ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты