Жаңалықтар

Достыққа адал Михия

Достыққа адал Михия

Қазақ халқымен тағдыр табыстырғанда Михия Раджамов бар болғаны екі жасқа толмаған нәресте еді. Жасынан жетімдік көріп, әкесінің ағасы Раджаптың қолында өсті.

Саратов қаласында зоотехникалық малдәрігерлік техникумды бітіргенде Михияға Ресей жерінен де жақсы ұсыныс түсіпті. Бірақ, ол әулеті жақсылық көрген қазақ елін ұмытпай, Әулиеата жеріне келіпті. Жуалы ауданының «Болшевик» ұжымшарында бас зоотехник болса, Жуалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник қызметін табаны күректей 11 жыл атқарыпты. Оның Бауыржан Момышұлы ауылынан тапқан қазақ достары көп. Мұнан соң Байзақ ауданындағы мал бордақылау кеңшарына директор болып тағайындалған. Сол уақытта 8500 ірі қара бордақыланған. Көп ұзамай бордақыланатын ірі қара саны 10 мыңға жеткен. Осылайша, кеңшар директоры ретінде өзін тек жақсы қырынан көрсетті. Бұл бәлкім, Ресейді таңдамай, қазақ жеріне барамын деген ақ пейілінің өтеуі болды ма екен? Ол Байзақ ауданынан да көп нағыз достар тапты. Сол қазақ достарымен әлі де хабарласып тұрады. Кейіннен директорлықты өткізіп, Жаңа Жамбыл фосфор зауытына цех бастығы болып ауысты. Ол жерде де жаман болған жоқ. Істің көзін тапты. 1997 жылдан бастап он жыл «Жеңіс» өндірістік кооперативінде төраға болды. Ұл-қыздарына қазақ тілін үйретті. Ұл-қыздары да қазақ тілінде таза сөйлеп, жергілікті ұлт өкілдерін құрметтейді. 56 жыл отандасқан жары Валентина Раджамова бақиға озған. Михия ақсақал қазақ, түрік, кәріс, орыс тілдерін біледі. – Түркияда қызым тұрады. Мен енді Түркияда шақырса да барып тұра алмаймын. Менің Отаным – Қазақстан. Осы елге сәби кезімде келдім. Осы елде есейдім, білім алдым, қызмет еттім. Отбасын құрдым. Бүйрегім қазақ даласына бұрып тұрады. Өскен жерің ыстық. Үнемі қазақ халқының кең пейілін көрдім. Сондықтан, қазақ тілінде таза сөйлемеуге хақым жоқ. Қазақ халқына ризашылығым шексіз, – дейді Михия Раджамов.  

Байзақ ауданы