Төл тіліміздің мәртебесі биік
Төл тіліміздің мәртебесі биік
Бұл бойынша облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы тұрақты жұмыс істеп, жүйелі айналысып келеді. «Биыл қаңтар-сәуір айларының аралығында үш тіл бойынша барлығы 2288 тыңдаушы оқу курстарына қамтылды. Оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену курсына 1874 тыңдаушы тартылды. Мемлекеттік тілге оқытуда этностар тығыз шоғырланған елді мекендерге басымдық берілуде. Қамтылғандардың 83,4 пайызы (1564 адам) өзге этнос өкілдерінен құралған. Қордай ауданы бойынша 2023 жылы 1008 адам (99,2 пайыз, 1000 адам өзге этнос) қазақ тілін оқу курсына қамтылса, биылғы жылы 1200 адамға жеткізу жоспарланған. Жүйелі жұмыстар жалғасын табуда», дейді аталған басқарманың тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметова. Бірнеше тіл білгеннің артықтығы жоқ. Көп тілді меңгеріп, шетелдік азаматтармен аудармашысыз сөйлесіп тұру – мәртебе. Дегенмен, ең алдымен мемлекеттік тілді білу – басты міндет. Ана тілі – құндылығың, ана тілі – анаң. Ананы қастерлеу қандай парыз болса, ана тілін ардақтау дәл сондай – парыз. Қазіргі таңда өзге тілді біліп, ана тілін білмеу өз қандастарымыздың арасында да белең алып тұр. Мұндай келеңсіз жайттың бар екенін жасыруға болмайды. Бірақ, мұндай олқылықтың уақыт өте келе жойылып, төл тіліміздің төрге озатынына сенемін. Себебі, ең құнарлы тіл – қазақ тілі. Тіліміз туралы Алаш қайраткерлері, ұлт зиялылары тайға таңба басқандай айқын айтып кеткен. Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов: «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі» десе, Ғабиден Мұстафин: «Түрлі-түрлі байлық бар, солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім», – депті. Ал, Жүсіпбек Аймауытов болса: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына», депті. Аймауытов «Қазына» деп тамсанған тілімізде сөйлеуге көптеген кейбір жас ұрпақтың арланатыны қалай? Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғанған көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы. Онда дәм де, мән де болуы керек», – дейді. Мұнан артық тілімізге қандай құрмет керек. Бүгінгі жастар осы ұлт қайраткерлерінің тілге деген құрметінен тағылым алулары қажет болар. Тіпті, біздің ана тілімізді өзге ұлт өкілдері де мойындап, таза қазақ тілінде сөйлеп жүргендеріне талай жыл болды. Қазір таза қазақ тілінде еркін сөйлеп тұрған орыс, неміс, қытай ұлтының өкіліне ешкім таңданбайды. Өзбек мәдени орталығының мүшесі Абдурахман Зайнутдинов: «Қазақ тілін ерекше құрметтеймін. Ол – қазақ халқына деген құрметім» десе, «Махмуд Қашқари» ұйғыр мәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева: «Қасиетті қазақ тілін меңгеріп, жергілікті халықпен бірге ынтымағымыз жарасып келеді. Төл тілді білгеннен зиян шеккен жоқпын. Республикалық, халықаралық деңгейдегі жиындардың делегаты болып, маңызы жоғары талай конференцияларға қатыстым. Мәселе онда емес, құнары мол қазақ тілін меңгергеніме ерекше қуанамын», дейді. Ал, Жамбыл облысының «Барбанг» күрд этномәдени орталығының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабри Асанов та, облыстық қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің белсенді өкілі, Исмайл Хаджимұратов та қызу қолдады. Ал, дүнген ұлтының өкілі, Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Динара Нұралиева: «Қазақ халқы – менің достарым. Қазақ тілін меңгеру – парызым. Мемлекеттік тілде еркін сөйлегеніме қуанамын. Қазақтың тілін ғана емес, белгілі адамдарын, ұлт зиялыларын, композиторларын, әсіресе, Шәмші Қалдаяқовты ерекше құрметтеймін», – дейді. Ал, облыстағы ең жас айтыскерлердің бірі Алина Айдаралы қазақ тілінде сөйлеу былай тұрсын, мемлекеттік тілімізде айтысып, жеңістерге жетіп жүр. Алинаның бір маңызы жоғары айтыста: Менің де жандүнием тұнық бірақ, Көңілім достық жайын ұғып тұрады. Ұлтым балқар болғанмен, жаным – қазақ, Жүрегім қазағым деп ұрып тұрады, деп толғануын төл тіліміздің жеңісі, олжасы деп қабылдауға тиіспіз. Қазақ тілі – ең құнарлы, ең шұрайлы тіл. Төл тілімізді өзіміз түгіл өзге ұлттар аса құрметтеп, мемлекеттік тілде ән салып, мемлекеттік тілде айтысып жүр. Ал, біздің өз ұрпақтарымыз ана тілін ардақтауға, құрметтеуге міндетті. Тіпті, қазақ тілінде Қазақстан Республикасында тұратын барлық тұрғын сөйлеуге тиіс. Себебі, мемлекеттік тіл.
Есет ДОСАЛЫ