Қазақтың тілі мен дәстүрі
Қазақтың тілі мен дәстүрі
Алғашында қазақшаға шорқақ орыс қызының алдына қойған мақсаты – қазақ тілінде ойын еркін жеткізіп, тілді толық үйрену болды. Шымылдық түріліп, беташар өткен күннен бастап, қазақ ұлтының барлық жөн-жосық, жоралғысын толық меңгеруді мақсат тұтты. – Қазақ киелі ұлт қой. Келінді төрге оздырмауы – әруақты сыйлағаны, жаулық тағуы – тазалықтың белгісі. Қазақ қарттардан бата алғанды жақсы көреді. Себебі, «Батаменен ел көгереді» деп түйген. Сондықтан, сәлем салуы – үлкендерге деген ерекше құрметі, әрі ақ батасын алудың ерекше әсем көрінісі. Жасым егде тартып, жетпістен асса да әлі күнге қайын ағаларымды, апаларымды көргенде сәлем саламын. Жас күнімде де солай болған. «Жақсы сөз – жарты байлық» демекші, ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты апалардан «Өркенің өссін, көсегең көгерсін» деген ыстық ықыласқа толы жақсы тілек естіп расында өркендеп, өстік. Төрге шықпадым, үлкеннің жолын кеспедім, жаулығымды шешпедім. Одан жаман болмадым, қазақ деген текті халықтың текті ұл-қызын өмірге алып келіп, көпбалалы ана атандым. Мұның барлығы алған ақ батамның, үлкендердің маған деген ыстық ықыласының арқасы деп ойлаймын. Бүгінде босаға аттаған жас келіндерге әдепті бұзбаған келін, көпбалалы ана, қазақтың әжесі ретінде, орамал жабу, отқа май тамызып, кішкентайлардың тұсауын кестіру бақыты жиі бұйырады. Қазақтың әр сөзінде кие, әр тірлігінде мағына, пейіл бар. Қазақтан тамыр жайып отырған соң, дәстүрі мен тілін насихаттауды парызым деп санаймын, – дейді Люба әжей. Сүйген жарына алты перзент сыйлап, қазақтың келініне тән барлық асыл қасиеттерді 70-тен асқан шағында да мүлт жібермей орындап жүрген орыс қызы абысын-ажынның ортасында да сый-құрметке бөленіп отыр. Бүгінде немере мен шөберенің бақытына бөленіп жүрген Люба әжей жастардың дәстүрден мүлт кетпеуін қадағалап, өз бойына үлкендерден сіңірген ұлттық құндылықты кейінгі ұрпаққа дәріптеп жүр. Үлкен қызы Нағиманы көргендер ақсары жүзі мен көгілдір көзіне қарап орыс ұлтының қызы деп ойлап қалады екен. – Той-жиындарға барғанда қазақша сөйлеп тұрған асаба да, маған келгенде орыс тілінде сөйлеп микрофон ұсынады. Үйде бала күнімізден тек қазақша сөйлеп, қазақша тәрбие көріп өстік. Ұлым Мақсат «татар қызына үйленемін» дегенде сәл-пәл ыңғайсызданғаным рас. Ұлым ниетімді бірден түсініп: «Мама, мен ол қызды жақсы көремін» дегенде, махаббаттан ұлы күштің жоқ екенін түсініп, келісім бердім. Бірақ басқа ұлттың еркін тәрбиесін көріп өскен жас қыздың, қазақи ортаға сіңуіне анамның көмегі көп тиді. Үнемі қалалықтарға болсын, мейлі замандастарына болсын: «қазақ олай жасауды ұят деп санаған, бұл қазаққа тән қасиет емес» деп түзетіп, рухани кеңес беріп отырады. Қазір қазақша түсінгенімен, тілге шорқақ татар келінім, орыс тілді бола тұра, екі бірдей ененің бабын тауып, алғысын алып отыр. Ақ жаулығын да тастаған емес, – дейді Нағима Әмірқызы.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ