Бюджет қаражаты жіті бақылауда
Бюджет қаражаты жіті бақылауда
Тексеру комиссиясының құзыреті – Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде айқындалған. Аталған Заң мемлекеттік аудитпен және қаржылық бақылаумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыруды айқындайды. Тексеру комиссиясының мақсаттары мен міндеті, өңірдегі қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл ретте, аудиторлық іс-шаралар нәтижесімен Тексеру комиссиясы тарапынан анықталған бұзушылықтар бойынша, заң талаптары негізінде ден қою шаралары жүзеге асырылады. Осы тарапта, 2023 жылы лауазымды тұлғалардың тарапынан заңсыз іс-әрекеттердің орын алуына байланысты 13 материал қылмыстық қудалау органдарына жолданды, аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік аудит объектілерінің 185 қызметшісі тәртіптік, 133 қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 56 415,2 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін, Әдеп жөніндегі кеңес отырысының қарауына 1 материал жолданып, аталмыш тұлғаға қатысты қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Жалпы, 2023 жылы жүргізілген мемлекеттік аудит іс- шараларының нәтижесінде Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің дәйектілік, негізділік, нәтижелік және тиімділік принциптерінің талаптарын сақтамау көріністері орын алған. Сондай-ақ, бірқатар жағдайларда бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар және бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бюджеттік өтінімдерде бюджет қаражатын негізсіз жоспарлануына жол берілген. Мысалы, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2023 жылға арналған бюджеттік өтінімінде Тектұрмас көшесі, Талас көшесінің 2-ші бұрылысы және Жалпақ төбе көшелерін сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сараптама жүргізілмей, қаражат негізсіз жоспарланған. Қазақстан Республикасының құрылыс саласындағы заңнама талаптары басшылыққа алынбай, білім саласы бойынша 5 жоба, денсаулық саласы бойынша 3 жоба технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызылғанымен мемлекеттік сараптамадан өткізілмей, өзге сараптама ұйымдарымен өткізілген. Сонымен қатар, «Таразэнергоорталық» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға аударылған қаражат кредиторлық берешекті өтеуге пайдаланылып, Бюджет кодексінің талаптары өрескел бұзылған. Бұдан бөлек облыс аумағындағы ауылды елді мекендердегі, аудандар мен қалаішілік автомобиль жолдары бағдарлама әкімшілерінің теңгеріміне алынбай, олардың жөндеу шығындары, бюджет заңнамасының негізгі принциптері сақталмастан жүргізілген. Кейбір мердігерлер тараптарынан сметалық құжаттамада көзделген жұмыстар толық орындалмаған немесе сапасыз орындалған. Әлі де жасалынған ескертулер назарға алынбай, мемлекеттік аудит объектілері тараптарынан мемлекеттік сатып алулар бір көзден алу тәсілімен жүргізілуде. Мысалы, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қызметінің тиімділігіне және ұлттық жоба шеңберінде бөлінген қаражаттың пайдалану тиімділігіне аудан әкімдіктерінің тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне жүргізілген мемлекеттік аудит шеңберінде 31 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс уәкілеттік берілген органға жолданды. 2023 жылы жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындыларына сәйкес, еңбекақы, қосымша төлемақы және іссапар шығындарын төлеу кезінде, әлі де қаржылық тәртіптің сақталмай отырғандығына көз жеткізудеміз. Кәсіпорындардың жарғыларында қаралмаған қызметті атқаратын автокөліктер мен техникалар сатып алу фактілері орын алған. Мысалы, «Жаңатас-Су-Жылу» ШЖҚ КМК Toyota Highlander автокөлігін, қарда жүретін көлік (снегоход) тіркемесімен және фронталды тиегіш құралдары бюджет қаражаты есебінен негізсіз сатып алынған. Орын алып жатқан бұзушылықтарды жою бойынша Тексеру комиссиясы тарапынан тиісті нұсқамалар беріліп, бұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар үнемі қадағалауда. Сонымен қатар, 2023 жыл ішінде Әдеп жөніндегі кеңестің көшпелі отырысын өткізу аясында Жамбыл ауданы, Ақбастау ауылдық округі және Байзақ ауданы, Қостөбе ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлерімен кездесулер өткізілді. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларының, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің, мемлекеттік қызметтегі және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда, өңіріміздің табысты дамуында әлеуметтік- экономикалық маңызы бар аудиторлық және сараптамалық- талдау шаралар кешенін жүргізу бойынша жұмыстарды сапалы және уақтылы орындау жалғастырыла беретін болады.
Р. МЕЛДЕБЕКОВ,
Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы,
Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі.