Бұрымды боксшылар бәсекесі
Бұрымды боксшылар бәсекесі
Тараздық Юлдуз Маматкулова Сербиядан алтын, Әйгерім Асқарова қола жүлдемен оралды
Әйелдер боксынан Сербияның Суботица қаласында IV «Nations Cup – 2015» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Төрткүл дүниенің 21 елінен келген бұрымды боксшылар арасындағы жарыста жасөспірімдер және ауыр салмақтағы боксшы арулар аса көп болған жоқ. Бойжеткендер және әйелдер сапындағы бұрымды боксшыларымыз 3-4 кездесуден өткізді. Біздің қоржынымызға жалпы 9 алтын, 6 күміс, 17 қола жүлде түсті. Алтын жүлде әйелдер арасында Жайна Шекербекова (51 келі), Зарина Цолоева (64 келі), Юлдуз Маматкулова (81 келі) сынды боксшыларға бұйырса, бойжеткендер арасында Айгерім Ошақбай (57 келі) Жамбыл облысы, Назым Ищанова (60 келі), Аида Әбікеева (64 келі), Баян Ақбаева (69 келі), Аида Оңдаш (81 келі) алтыннан алқа тағынды. Ал жасөспірім қыздар дуында Надира Маратованың (+80 келі) жұлдызы жанды. Сондай-ақ, әйелдер бәсекесінде Алина Тұрлыбаева (48 келі), Жанна Басқаева (57 келі), Ерке Бақытжан (81 келі) сынды былғары қолғап шеберлері күміс медальмен күптелсе, бойжеткендер арасында Динара Какенова (48 келі), Махаббат Әбдіманапова (51 келі) күміске қол жеткізді. Жасөспірімдер арасынан Аделя Дүйсембаеваға да (57 келі) күміс жүлде бұйырды. Әйелдер додасында Әйгерім Асқарова (48 келі), Алуа Балқыбекова (48 келі), Ақерке Наурызбаева (57 келі), Мадина Нұршаева (64 келі), Виолетта Князева (75 келі), Анастасия Зайкина (75 келі), Зура Құсайынова (69 келі), Мөлдір Базарбаевалар (81 келі), бойжеткендер сынында Назерке Жұрғараева (51 келі) Жамбыл облысы, Камила Ешова (54 келі), Айдана Түзенова (81 келі), Алтын Мұқышбекова (75 келі), жасөспірімдер арасында Меруерт Русланқызы (48 келі), Айша Асқарова (60 келі), Айғаным Бакытбаева (50 келі), Елена Шуренкова (63 келі), Маржан Есекен (63 келі) сынды аруларымыз қола медальды қанжығаға байлады. Сербиядан келген бетте редакциямызға атбасын бұрған Юлдуз Маматкулованың бапкері өз ойымен бөлісті. «Сербиядағы жарыста Юлдуз, Әйгерім Асқарова, Әйгерім Ошақбай, Назерке Жұрғараева да тамаша бокс көрсете білді. Юлдуздың жарысқа қатысуына мүмкіндігінше жағдай жасап жүрген ТарМУ ректоры М. Сарыбековке алғысымызды білдіреміз. Бізді алда әлі талай дода тосып тұр. Басты мақсат – Рио олимпиадасында олжа салу», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрхат Жапаров.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».