Ынтымағы жарасқан елдің болашағы жарқын
Ынтымағы жарасқан елдің болашағы жарқын
Құрметті жамбылдықтар!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Татулық пен тыныштықты ту еткен еліміз үшін бұл мерекенің маңызы зор. Бірлік – береке бастауы. Ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Жақында ғана Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессиясында Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келе жатқандығын атап өтіп, жоғары баға берген болатын. Бүгінде қасиетті Әулиеата өңіріндегі 87 этнос өкілдері де ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға үлес қосып келеді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен 75 этномәдени бірлестіктің ұйымдастыруымен қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар мен жобалар жемісті жүзеге асуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы және «Қоржын» акциясы аясында ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктер Алғыс айту күніне орай 4,5 миллион теңге көлемінде 200 осал отбасына қайырымдылық көмек көрсетті. Еліміздің су тасқынынан зардап шеккен бірқатар өңірлеріне облыс кәсіпкерлерінің, депутаттардың, еріктілердің күшімен 376 тонна азық- түлік, 76 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Оның ішінде облыстық Ассамблея жанынан құрылған «Жомарт жан» орталығы 57 миллион теңгеге гуманитарлық көмек жолдады. Сонымен қатар, облыстан 106 арнайы техника жіберілді. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына барлық жамбылдықтар белсене атсалысуда. 2020 жылдан бері өңірімізде қолға алынған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы өз нәтижесін беруде. Бірлік – біздің негізгі күшіміз! Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең негізгі құндылықтарымыздың бірі. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен тағы да құттықтап, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Достық пен ынтымағымыздың мәртебесі биік болсын!
Облыс әкімі Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ.