Жаңалықтар

Тіл үшін толғанып өткен тұлға

Тіл үшін толғанып өткен тұлға

Белгілі сатирик ақын Шона Смаханұлының туғанына биыл 100 жыл. Қаламгер мерейтойы қарсаңында өңірімізде де бірқатар іс-шаралар өткізілуі жоспарланған. Осы бағыттағы жұмыстар Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының ұйымдастырған «Шоқтығы биік тұлға» атты іс-шарамен басталды. Жиынды журналист Ерман Әбдиев ашып, жүргізіп отырды. Іс-шарада сөйлеген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ жазушының кең көлемде жарық көрмеген «Сүрінсең де, жығылма» хикаятын талдап, салмағы ауыр сатираларына тоқталды. Ашаршылық кезеңі жайлы жазылған шығармасында зұлмат жылдарды: «Нағашымның атына мінгесіп бір ауылға келдік. Қаз-қатар қара үйлер тігіліпті. Үйлерге кіріп-шығып жатқан жан адам жоқ» деп суреттеген сәтіне назар аударып өтті. Сондай-ақ: Жазығы жоқ жазған ұл, Көп білем деп көкиді. Әкесінің жазғанын, Аудармадан оқиды, – деген Шона Смаханұлының өлеңін жатқа оқып беріп, осы өлеңді Сәбит Мұқановтың жоғары бағалағанын айтып берді. Жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы Шонаның шығармаларына, кеңестік саясаттың жағымсыз әсері мен қысымдарын жүрегі ауырып қабылдағанына, сол партияның қылышынан қан тамып тұрған кезде Алматы қаласынан қазақ мектептерін ашуға ерекше ықпал еткеніне кеңінен тоқталды. «Соншалық елім деп тер төгіп жүрсе де, Шона кеудесін керген емес. Ауылға кәдімгі жолаушыларға арналған автобуспен келіп кететін. Бірақ, Шонаны әйгілі Бауыржан Момышұлы да құрметтеп, бағалаған. Сол Шона атаның 70 жылдығы Талас ауданы, Ойық ауылында бірқатар зиялы қауымның қатысуымен, сол кездегі аудан әкімінің қолдауымен өтті. Бірақ, облыс орталығында еш іс-шара өткен жоқ. Биыл 100 жылдығы. Шона Смаханұлының тойы дүркіреп өтуі керек. Шона Смаханұлы атындағы сатиралық, прозалық байқаулар өтуі тиіс», деді. Мұнан соң медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков өзінің ойларын жеткізсе, Жансерік Шонаұлы әкесінің өнегелі өмір жолынан сыр шертті. Кеш барысында Тараз қаласындағы №45 гимназиясының оқушысы Нұрқанат Жандарбек Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйін тартып берсе, №8 және №30 мектеп-гимназиясының оқушылары Шона Смаханұлының сатираларын жатқа оқыды. Сондай-ақ, Шона ақынның сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлінің «Анамның тілі» әнін хормен орындап берді. Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев іс-шараны қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.  

Есет ДОСАЛЫ