Сән саңлақтары Таразда
Сән саңлақтары Таразда
Әлемдік сән саңлақтарының жыл сайын Әулиеата жерінде бас қосуы айнымас дәстүрге айналған-ды. Белгілі отандық дизайнер Айдархан Қалиев негізін қалаған сән апталығы биыл төрт күнге жалғаспақ. Сәнгердің қалтқысыз қызметінің нәтижесінде елімізде алғаш рет отандық және орталық азиялық дизайнерлердің ғана емес, сонымен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мамандардың қатысуымен халықаралық сән көрсетілімдері ұйымдастырылуда. Aspara fashion week екі жылдық пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпаған әлемдегі алғашқы ресми сән апталығы ретінде онлайн режимде жұмыс жүргізген болатын. Aspara Fashion Week-тің жаңа маусымы әртүрлі елдердің, халықтар мен континенттердің сәні мен мәдениеті жақындасатын мәдени диалогты жалғастырады. Aspara Fashion Week ХІІІ маусымын өткізудің негізгі мақсаты – ұлттық құндылықты қалыптастыру және оны түсіну. Aspara Fashion Week ХІІІ маусымы бұрынғыдай ежелгі Таразды, ұлттық рухтың жаңғыруын дәріптеуді, патриотизм, қадір-қасиет және дәстүр мен мәдениетті насихаттауды тоқтатпақ емес. – Терең тарихы бар Тараздың төрінде бүгін Aspara Fashion Week апталығы басталғалы отыр. Айтулы іс-шарада Қырғызстан, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Италия, Франция, Біріккен Араб Әмірлігінен келген қолөнершілер бас қосып жатыр. Дәстүрге айналған игі іс-шараның қаламыздың мәдени дамуына берері мол екеніне сенімдіміз. Себебі, осындай іс-шаралар арқылы халқымыздың ұмытылып бара жатқан ұлттық нақыштағы қолөнері заманауи үлгіде жаңғырып, кеңінен насихаттауға жол ашылады. Бұл өз кезегінде ұлттық рухымызды асқақтатып қана қоймай, құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа жеткізері анық. Сондай-ақ, сән апталығының жаңа маусымы қолөнершілеріміздің өзге мемлекеттерден келген қолөнершілермен тәжірибе алмасуына үлкен септігін тигізеді. Баршаңызды Халықаралық сән апталығының ашылуымен құттықтай отырып, барлық елден келген қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Сәттілік тілеймін, – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова. Биылғы сән апталығының өзіндік ерекшелігі баршылық. Жобаның бас ұйымдастырушысы, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуші, «Aspara» брендінің негізін салушы Айдархан Қалиев бұл туралы салтанатты іс-шараға келген меймандарға кеңінен баяндап берді. – Өздеріңіз де білетіндей мұндай ауқымды іс-шараның ХІІІ маусымын өткізу аз көрсеткіш емес. Осы ХІІІ маусымның ішінде сән апталығына 50-ден аса мемлекеттен 600-ге жуық дизайнер қатысты. Биылғы іс-шараның ерекшелігі көп. Апталықтың алғашқы күні жастарға арналған. Оларға біз көп сенім мен үміт артамыз. Бүгін ұсынылатын 13 топтама ұлттық өнер және қазақы дүниетаныммен тікелей байланысты. Одан бөлек, биылғы маусымның тағы бір басты ерекшелігі – іс-шарамызды көбіне мейірім мен қамқорлыққа, қайырымдылыққа бағыттап отырмыз. Тараз қаласы даналық пен ізгілік ұштасқан қасиетті қала болғандықтан, біз де өз іс-шарамыз арқылы осындай адами қасиеттерді насихаттағымыз келеді. Өздеріңіз білетіндей, қазір Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Сәнгерлер де осы тазалық науқанына атсалысып, Тараздың шығыс қақпасының маңына және «Жеңіс» саябағына ағаш отырғызбақ. Тағы бір айта кететін жайт, биылғы апталыққа біз қонақтарды шақырып қана қойған жоқпыз, келуге ниетті жандарға билет сатылымын аштық. Билет сатылымынан 500 000 теңге көлемінде қаражат түсті. Осы соманы түгелдей су тасқынынан зардап шеккен еліміздің батысындағы өңірлерге қайырымдылық ретінде жібереміз, – дейді Айдархан Қалиев. Сән апталығының алғашқы күнінде подиумда «NEW GENERATION» ұранымен, 13 жас дизайнер – «Аспара» модельдеу өнері және бизнес колледжінің студенттерінің топтамалары көрсетіледі. Жас дизайнерлер көне Таразды асқақтатып, ұлттық рухты жаңғырту, отансүйгіштік сезімдерімен астасқан туындыларын тараздықтар мен шетелден келген меймандардың назарына ұсынды. Одан бөлек, «Aspara» брендінің жуырда ғана Милан сән апталығына қатысып келген жаңа маусымға арналған топтамасы да сән саңлақтарын таңдай қақтырды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ.