Осы бізге не болды?
Осы бізге не болды?
Ал, күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жыл ілескен уақыт кешегі ата-бабаларымыздан қалған тұмардай өсиеттердегі береке мен бірлікті, ізігілік пен татулықты, мейірім мен иманды биік қойған аманатына халқымыз қылдай қиянат жасамай, ұлт тұтастығы мен ел бірлігін ойлаудан жаңылмай келе жатқан пейіліміз де көптің көзінен алыстаған емес. Бірақ, соңғы жылдары, оның үстіне биылғы жылғы еліміздің көптеген аймақтарын әлекке салған қарғын судың кесірі сынды нәубетке «жиі жолығып» жүрміз деген ой қалың бұқараны да, ел азаматы болған соң мені де жиі мазалауда. Қазақ халқы өз тарихында небір «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өткізіп, аласапыранды күндердің ауыр жолдарын да талай көрген ел. Осындай аласапыран заманның, күрделі кезеңнің жолдарынан қинала өткен қазақ халқы бүгінде еркін ел, азат мемлекет. Бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің арайлы таңын, шыққан шұғылалы күнін көрдік. Бірақ, тағдырлы қазақ халқы соңғы жылдары көп сынақты бастан өткерді. Кейде «Осы бізге не болды?», дегің де келеді! Ойлап қарасақ, Менделеев кестесіндегі барлық жерасты және жер үстіндегі қазба байлығы толықтай бар, әлемдегі шикізатқа бай елдердің біріміз. Кешегі жетпіс жыл жалауын көтерткен Кеңес одағы Қазақстанның бар байлығын шикізат ретінде өзіне қарай тасыды. Биыл Жайық жағасынан шығып, Тобыл мен Есіл арнасынан асып, Ұлытаудың дархан даласы да, жезі мен мысы арқылы қазақ халқының атын жаһанға шығарған Жезқазған да, кешегі Ақан мен Біржан қалықтата ән салып, халқына мейрам болған сұлу Көкше де, Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Торғай жері де әбігерге түсті. Өткен аязды қыстағы енжарлық салдарынан бірқатар өңірде мал шығыны орын алса, қара топан ырық бермей жеткен бұл көктемде үйлер опырылып, жол қирады, техникалар су астында қалды. Осылайша өзектері өртеніп, аспанға қол жайған халықтың жүзін еріксіз мұң басты. Әрине, бұл төтенше жағдайды Мемлекет басшысы тікелей өз бақылауына алды. Үкімет пен жергілікті атқарушы билік қолдан келген әрекетті жасап-ақ жатыр. Жақын күнде Солтүстік Қазақстан мен Қостанай жеріне арнайы барып, қиналған жұртты сабырға шақырған Президентіміз мемлекетіміз үшін аса жоғары мәндегі халықаралық форумды өткізуден бас тартып, Жапон жеріндегі Дүниежүзілік көрме мен күзге белгіленген «Көшпенділер ойындарына» бөлінген қаражатты қысқарту туралы жасаған өте құптарлық шешімімен бөлісті. Ел болып тоған жасап, жұрт болып жұмылып, көз жасы көл болып отырған бауырларымызға бүкіл Қазақстаннан көмек беріліп жатыр. Үкімет мүшелері де, сарбаздар да, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де, еріктілерге де, жергілікті тұрғындар да көз ілмей сонда жүр! Бұл да «жағамыздың да, жеңіміздің де бір екенін» көрсеткен халқымыздың таза пейілі екені даусыз! Жалпы, біздің халық, оның ішінде ауыл халқы басынан кешіріп отырған осындай жағдайлар еске түскенде, біз тым ас та төк астамшылдыққа барып, аса көп мөлшердегі ақшаны «армандап» халық қазынасына қол салдыратын қылмыс пен дүниеқұмарлыққа, ас атасы нан мен ұлт анасы ана тіліміздің қадірін жоғалтып, мейірімсіздік пен қатыгездікке жол беріп, үкілеген үмітіміз ұрпақтың ата-баба дәстүрлерінен сырттау қалып, басқасын қойғанда азық-түлік бағасын «шырқау» шегіне шығарған халық үстінен пайда іздеген сансыз саудагердің тірлігі басым болып, ең ауыры ішінен шыққан бейкүнә перзенттерін далаға тастап кетуі бір қазаққа тым көп сын емес пе? Ол аз десеңіз, даланың киелі жануары – ақбөкенге дейін «қырып» салдық. Бұған не айтамыз? Осыдан барып, «ана сүтімен келіп, сұлтан сүйекке дарыған ұлттық құндылықтарымыздың қадірін білмей жүрген жоқпыз ба?» деген ой тағы да көлденең тартып, санадан шықпайды. Осының барлығы еліміздің әр жерінде болып жатқан алапат апаттарға, от пен судан келетін «тілсіз жау» кесірі мен қасіретіне ұласып, түрлі сынақтарға әкеліп соқтырып жүрген жоқ па деген сан-саққа жетелейтін сауал да жоқ емес. Ойлай түссең ойды да, бойды да қорқыныш билейді! Ал, ұлт құраушы қалың қазақ өмір сабағын сонда қайдан алуы керек, табан тірер парасат биігі қайда қалып қойды? Ол, кешегі бабалардан мирас болып қалған мейірімге толы салт-дәстүрлерде, қараңғы түнде жарық айдай тура жол көрсететін әдеп-ғұрыптарда жатыр емес пе! Әрине, алдағы өміріміз, жарқын болашағымыз үшін үмітті үзбей, сенімді жоғалтпай, қолда барды бағалай білу ортақ мақсат. Алайда, оның терең тұңғиығы бір Аллаға ғана аян! Тағы бір әлеуметтік және тәрбиелік жөні бөлек жайт, ол біздің асыра тойшыл болып бара жатқандығымыз. Бұл мәселе аз айтылып, мерзімді басылымда аз жазылған жоқ. Бірақ, бесік тойынан басталатын түрі көп баяғы тойшыл дағды күшеймесе, төмендеген жоқ, сол қалпында. Сондықтан да, осындай қиын да күрделі кезеңде қоғам ортасында «той жарыстың» басылмай тұрғаны қатты алаңдатады. Бұл жағдайдың бүгінде оңтүстікте «өршіп» тұрғаны ешкімге де жасырын емес. Бірақ, ел шетін су басып, жұрт алаң көңілмен отырғанда тоқтаған той жоқ! Қайта тойда билеп жүрген бишілер әлеуметтік желі бетін бермей жүр. Осындай күндері той жасауға ниеттенген той иелеріне басу айтар, тоқтамға шақырар өңір басшыларының да, ел ағаларының да төбелері көрінбейді. Осындайда бір рулы елді ғана емес, бүтіндей бір өңірдің халқына аталы сөз айтып, тоқтамға шақырған даланың дана қарттарын аңсайсың, іздейсің... Дегенмен, ел арасында өз еркімен балаларына белгілеген той салтанаттарын мынадай табиғат апатына алаң болып, оның салмағы ауыр салдарын ескеріп, бас тартқан азаматтар да кездесіп жатыр. Оған Жамбыл облысында басқарма басшысы болып қызмет атқаратын, өмірден түйгені мол, қасиетті Құлан топырағынан шыққан Қайрат Бейсенбаев деген азаматтың отбасылық той қуанышына шақырып қойып, кейіннен көпшіліктің алдынан өтіп, кешірім сұрап, той мерзімін кейінге қалдырған өнегелі ісі мен оң қадамы ашық дәлел бола алады. Мен осы азаматтың бұл шешіміне шын пейілді ағалық ризашылығымды білдірдім! Бірақ, мұндай ар мен намысты, ұят пен парасатты жүрек төріне шығарып отырған жандар қатарын тым көп деп тағы да айта алмаймын. Өйткені, аса үлкен көлемде ауыртпалық әкеліп отырған қарғын судың қарқыны әлі басылған жоқ. Керек десеңіздер, ғалымдар мен ауа райын болжайтын тиісті мекемелер алдағы жаздың да қиын боларын, аптап ыстықтан өткен жылғыдан да қатты құрғақшылық келетінін ашық мәлімдеп отыр. Жақын күнде әлеуметтік желіге осындай ой тастаған атыраулық сала сарапшысы, әрі журналист Кирилл Павловтың мәлімдемесі ешкімді де бейжай қалдырмасы ақиқат. Өйткені, еліміздің он өңіріне орасан зор шығын әкеліп, ауыр зардаптарға душар еткен қарғын судың салдары ел қазынасына аса үлкен шығын әкелді. Оның зардабы мыңдаған отбасының баспанасыз қалуымен, төрт түлігінен айырылуымен шектелмеуі мүмкін. Жаз айларында мал өлекселерінен, қоқыс, басқа да азық-түлік қалдықтардан түрлі жұқпалы ауру тарап кетпесін деңіз. Түрлі деңгейдегі әкімдерден бастап, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, барша қоғам мұны да ойлауы керек! Сондықтан да, Алланың атымен Құран бағышталар астарға, әрине, дау жоқ, бірақ ат шаптырып, көкпар беруге құмар ағайынды той қызығының ешқайда қашпайтынын сергек сезінуге, көңіл жақын болғанымен алыста жатқан ағайын-бауырлардың тағдырлары таразы басында тұрған шақта даңғазылықтан бас тартып, ұят деген ұлы қасиетті алға шығарып, беймаза жеңіл ой жетегіндегі көңілден аулақ болуға шақырамын!
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ.
Тараз қаласы