Шың мен шындық
Шың мен шындық
Өркениетті қоғам дамуында қанша заман өзгерсе де ел бастаған тарихи тұлғалар мен қайраткерлердің ұлтқа қызмет ету өнегесі – ең қажетті, еш тозбайтын құндылық болып саналады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихында Тұрар Рысқұловтың өмір жолы, мемлекет пен қоғам дамуына атқарған қызмет абыройы, жалпақ жұртқа кеңінен тараған күрескерлік даңқы, саяси салмағы мен қайраткерлігі айрықша екені басы ашық мәселе. Кешегі кеңестік дәуірде мемлекеттік мансапта Т.Рысқұловтың шыққан тұғыры мен дәрежесіне басқа замандас, үзеңгілес әріптестерінің бірде- біреуінің қолы да, ойы да жеткен жоқ. Жаңа дәуір туғызған жарқын тұлға шыңыраудан шыңдалып шықты. Ол күні кешегі он бес одақтас республиканың орталық кеңістігінде ең ірі партия және совет қайраткерлері, саяси көшбасшылары санасқан қазақ саясаткерлерінің бірегейі болды. Сес, айбын және ақылды тұрпаты өзгенің мысын басты. Оның «Түбі бір түркі жұрты бірге бол!» деген саяси идеямен Орта Азиядағы мұсылман мемлекеттерін бір тудың астында Түркістан одағын құру жолындағы әрекеттері мен ұмтылысы талайғы ұлт көсемдерін мойындатқаны да рас. Тарихтың әр кезеңінде ат құлағы көрінбес қара түндерде жарқ етіп сөнген жасындай «түрік баласы, түгел бол!» деп дабыл қағып өткендер аз болмаған. Бірақ оларды кім естіді? Бірігудің жылнамасын осы Тұрар Рысқұловтың бар болғаны жиырма жасында жанұшырып ұмтылған идеясының арнасынан табамыз, онысы алысқа естіліп, алысқа тарағаны да ойлап тұрсаң, қоғам дамуының бір қалың қатпары мен озық ойы болып шығады. Бұл ата тарихқа мәлім ерекше жағдайлар, олар жөнінде ресми құжаттар да жеткілікті, көптеген ғылыми зерттеулердің арқауына айналған. Ел жадында сақталған ХХ ғасырдың өшпес кезеңі, қазақтың елдік, мемлекеттік тарихы Тұрар Рысқұловтың аса ірі қайраткерлігі мен жанкешті қызметінсіз жалаң болып қалары хақ. Қазақ жастарының арасында саяси көзқарасы от боп оянған бірден-бір азамат Тұрар Меркідегі қазақ мектебінде хат таниды. Бішкекте ауылшаруашылық училищесінде үздік оқиды, Ташкенттегі мұғалімдер институтына қабылданады. Дәл осы кезде Қазақстан мен Орта Азияда ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түскен еді. Тұрар осы қозғалыстың ортасында жүрді. 1917 жылдан бастап алғыр өреннің саяси өршіл қызметі тұтас Тұран елінің көз алдында болды. Саясаттанушы және экономист ғалымдар айтып жүргеніндей, оның саяси, тарихи және басқа да өзекті тақырыптарда 250-ге жуық құнды еңбегі бар. Біз бұл ретте Т.Рысқұловтың ел мен ұлт мүддесі үшін халықаралық деңгейде атқарған сан қырлы саяси басшылық қызметі мен көшбасшылық күрескерлік ерен еңбегін толық қамти алмаймыз. Бұл жөнінде елімізге танымал тарихшы ғалымдар мен мемлекет тарихын тиянақтап жүрген беделді оқымыстылардың зерттеу еңбектері мен ойлары баспа бетінде жарық көргені көпшілікке аян. Алайда, аса көрнекті тұлғаны мәңгілікке алғысқа бөлейтін, саналы ұрпақтары ұмытпайтын және екі мәселені бөлежара айта кеткенді орынды деп білеміз. Біріншіден, ол байтақ даламызда ірі өзгерістің өзегі, экономикамыздың күретамыры Түрксіб теміржолын салу комиссиясының төрағасы болған. Екіншіден, оның тікелей ұсыныс- тілегімен Ташкентте Орта Азия университеті ұйымдастырылса, Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті шаңырақ көтерді. Ендеше Тұрар Рысқұловтың е сімімен тығыз байланысты тұтас еліміздің айрықша маңызды кезеңі және сілкіністі өзгерістерге толы әрі тағдырлы жылдарының тағылымы мен сабақтарын бағалай алғанымыз абзал. Халық арасында зор беделге ие және Орта Азиядағы басшылардың ішінде ең көрнекті, ықпалды тұлға тұғыры сол сұрапыл уақыт бедерінде-ақ жоғары тұрды. Дегенмен, біздің құрметті тарихшы ғалымдар мен саясаткерлер еш ренжімейтін шығар, қазақ халқына және жалпы оқырмандарға ұлы тұлғаны толыққанды танытқан көркем әдебиет, хас таланттардың суреткерлік табандылығы деп айтуымызға болады. Дәлірек айтқанда, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» романы екені айдай анық. Шын мәнінде Тұрар Рысқұлов өте күрделі тұлға. Қырық жылғы қазақ басынан өткерген тарихы , қиямет-қайым өмірі, жеке арыстардың іс-әрекеттері, мың құбылған саясат соқпағы, пендешілік тартыстар, сан түрлі көзқарастардың арпалысы, кемеңгерлік қадамдар осы ұлы тұлғаның бітім-болмысымен ғана шынайы және сенімді болмақ. Бұл кеңестік дәуірдің алапат сұмдықтары ақыл таразысына түскенде сүттің бетіне шыққан ұлт қаймақтарын ұрындырған ненің зорлығы екенін қазір айтуға ғана оңай. Тақсырет біткеннің бәрі жеке ірі тұлғаларға ғана қатысты болмаған, жалпы сол заманның зобалаңы мен зұлматы қарапайым халық үшін өте қымбатқа түскен еді. Сондықтан дәл осы жаралы да ауыр жылдар жайында, тарихи тақырып туралы роман жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа арналған «Абай жолы», «Оянған өлке», «Көшпенділер», «Ақ Жайық» және «Қан мен тер» романдарын, әлбетте, ойға алғанымыз жөн. Сонымен…Өзінің көркем шығармашылық биігін айқындап берген «Қызыл жебе» романының жазылуына не түрткі болды, аса қауіпті саналған тақырыпқа Шераға қалай қалам тартты деген сауалға келсек, бұл да намысқа тиген, жүрекке соққы жасаған сойқан құбылысқа толы. Автордың «Менің бала кезімде Тұрар Рысқұловтың есімі ауызға алынбайтын. Оны білетін ауылдың ересек адамдары: «Е, есіл ер, нақақтан кетті ғой, енді ондай қайраткер қайда?», – деп сыбырласып, күбірлесіп қана еске алатын. Тұңғыш рет Тұрар Рысқұловтың кім екенін 1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған қарт журналист, партия қызметкері Рахымалы Байжарасовтың көлемді мақаласынан оқып, білдім», деп жазады жазушы өз естелігінде. Бұл қанқұйлы 1937 жылдан соң Т.Рысқұлов туралы жазылған алғашқы мақала еді. Өзі де кезінде республикалық жастар газетінде басшылық жасаған, ақиқаттың аспанын тұман тұмшалаған кезде жазықсыз жалаға ұшырап, Сібірге айдалған Р.Байжарасовтың бұл мақаласы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысының шымбайына түскен шоқтай болады. Саяси қырағылық танытпағаны үшін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы мен оның орынбасары қызметінен босатылады. Дереу редакциялық қарсы мақала жаздырып, бойын тіктей берген Тұрарды қайта «құлатады». Тағы да Рахымалы Байжарасовтың күрескерлік табандылығының арқасында арнайы комиссия құрылып, тиісті қорытынды шығарылып, ел перзентін ақтайды. Кейінірек, Мәскеуден шығатын «Вопросы истории КПСС» журналына Тұрар Рысқұловтың революционерлік еңбегі хақында жаңағы комиссияның бір мүшесі Ляховтың адал-ақ мақаласы жарияланады. Сол айтары мол мақаланы Шерағаң 1964 жылы өзі басқаратын «Лениншіл жас» газетіне аударып басады. Бұл жағдай да аяқ астынан дүрбелең туғызады. Орталық Комитеттің сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы газет редакторы Шерхан Мұртазаны өзіне шақыртып алып «Пантюркист, пиғылы жат адам жайындағы мақаланы неге басасың?» деп діңкелейді. «Тұрар азаматтық жағынан ақталғанмен, партиялық тұрғыдан ақталмаған» деп бой бермей, редакторлықтан алып тастайтындай ашулы болды. Әйтсе де жастығын ескеріп, әрең дегенде орнында қалдырады. Бірақ бұл талантты жазушыны Тұрардан бездірмей, қайта қайратын қайрай түсті. Содан асыл азаматтың күреске толы өмір жолын жан- жақты зерттеп, ұзақ жылдар бойы әбден шаң басқан түрлі-түрлі архивке барып, керекті ресми құжаттарды көз майын тауысып оқып, табандап отырады. Бұл қадам қаламгердің басын бәйгеге тігумен бірдей ерлік еді. Әлі де болса 1937 жылдың саяси қуғын-сүргініне ұшырап, сотталып, жер аударылып, атылып кеткендер жайында жылы лебіз айтуға да қорқынышты, үрейлі уақыт табы біржолата жоғалып кетпеген еді. Қызыл өкіметтің кедергі-кесепаттарынан өтудің өзі қаламгерді қаншама азапқа салып, қинайтынын елестетудің өзі ауыр болатын, қауіп сеңі сетінемеген жағдайда еді. Сол алға қойған мақсатына жету үшін жазушы бас кейіпкері Тұрар Рысқұловтың барлық тарихи дерек-дәйегін мұқият жинастырып, талайғы оқиғалар желісімен ой сарабынан өткізу үшін өз еліміздегі партиялық архивтерден бастап, Мәскеу, Ташкент, Баку, Бішкек, Қазан, Кисловодск, Орынбор, әріде Қиыр Шығыс, Моңғолия және басқа да қалалардың тиісті архивтеріне барып, саяси кітаптарда, түрлі журналдар мен газеттерде жарияланған саяси мақалаларды сараптамадан өткізіп, сан ондаған саяси қайраткерлердің өмірі мен қызметіне терең ой жіберуіне тура келді. Сол өткен заманғы саяси оқиғаларға қатысты көзқарастарын талдап, талқылау, сол тағдырлы жылдарда өмір сүрген, небір сұмдықты көрген адамдармен әңгімелесу қаншама уақыт пен зейінді, ыждаһаттылық пен еңбекті қажет еткенін жүрекпен сезінуге болады деп ойлаймыз. Адалын айтайық, қоғамдағы қайраткерлігі айқын жазушы осы өзі таңдаған шығармашылық жолда мақсатына жету үшін тек өз күш-жігеріне, дүниетаным, терең біліміне, интеллектуалды қарым-қабілетіне, ақылы мен қажымас қайрат- жігеріне, жолсапарларында жеке қаржысына иек артты. Зор еңбектің нәтижесі қандай болғаны зерделі, зейінді жандарға белгілі. Сонымен бірге жазған кітаптарын шығаруда сырт көзге көріне бермейтін қиямет-қайым, іштарлықтан туындаған тартыс, қызғаншақтық, көреалмаушылық секілді алаңдататын, кедергі жағдайлар да кездеспей қалмады. Текті ұрпақтың аса талантты айбары, тұтас ұлттың мақтанышы Тұрар Рысқұлов туралы әрбір кітабы шыққан сайын жазушы жасанды, жалалы кедергілерге бетпе-бет келетінін білмей қалған жоқ. Әсіресе, алғашқы кітабы «Қызыл жебе» шыққан сәтте жалалы арыз жан-жаққа қардай борады. Орталық Комитетке, жоғары тұрған органдарға «Рысқұлов – пантюркист, оны жазған Мұртаза – неопантюркист. Мұндай кітапты шығаруға болмайды», деген қара таңбаны жағуға тырысып бақты. Салмаған талқысы жоқ. «Қызыл жебенің» бір бөлігі «Жұлдыз көпірді» тұтқындауға «жаулар» ерекше жабылады. Бұл тартыстың барысы қалай болғанын Шерағаның күнделік жазбаларынан оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Қара күйе күйдірмейді, бірақ былғайды. Жазғыштар ойсыздық әрекеттерімен Алматы мен Кремльдегі «политбюро» мүшелеріне дейін шағымданады. Бірақ шыңдағы шындық пен бұлтартпайтын тарихи ақиқат мойындатады. Ақыл-ой кемерінде Ш.Мұртазаның суреткерлік таланты әдеби-көркем биіктерден, шынар шыңдардан шынайылықтың шырайын келтіргені бірден аңғарылды. «Қызыл жебе» – қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болды. Ұлттың рухын түлеткен көркем шығарма атанды. Ең көп оқылған кітапқа айналды. Қазақ әдебиетінің алыптары мен әдеби сыншыларының «Қызыл жебе» романы туралы өз ойларын жазбағандары кемде-кем. Шігесіне қорғасын құйғандай мығым, терең ойлы, парасатты суреткер Ш.Мұртазаның әр кітабы шыққан сайын жүріс-тұрысы, мінезі мен айбарлы келбеті Тұрар Рысқұловқа ұқсап бара жатқанындай сезілді. Оны әріптестері мен әдебиет сыншылары ашық айта бастады. Негізі «Қызыл жебе» романын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып жүргенінде жазғанын айтатын болсақ, оның тигізген әсері шығармашылық ортасында анық байқалды. Қоғам көз тіккен тұлғаның ой-жосығы, шындық пен әділеттілік жолындағы қайтпас күрескерлігі, қоғамның өткір мәселелерін батыл айтып, барынша батырып жариялауының іргетасы қатая түсті деуге болады. Алаштың ардақтысы кешегі мен бүгінгінің тарихында қазақ баспасөзінің «жүрек жұтқан жолбарыс редакторы» атанды. Өз кейіпкеріне қасиетті қыр-сырымен ұқсаудың құдіреті де, киесі де бар емес пе?! Халықтың басына күн туғанда ерекше қайрат көрсеткен Тұрар Рысқұлов тәрізді қалың елдің қорғаушысы және шындықтың жебесі атанған Шерағаның шыңы дәл осы жалғастықтың тамырлас болуынан шығар деген ойдамыз. Шераға Т.Рысқұловтың екі теңдессіз ерлігі мен абадан еңбегін ерекше келтіреді. Біріншісі –1918-1919 жылдарда Орта Азияда, Қазақстанда үлкен аштық болды. Сонда Тұрар Рысқұлов аштықпен күрес комиссиясын басқарып, халықты жаппай аман алып қалуға барын салды. Күресті. Айқасқа түсті. Ақыры, аштарға жедел көмек көрсету туралы өкіметке қаулы қабылдатты. Екіншісі – тағы да аштық. Тарихтан белгілі, 1932-1933 жылдары жаппай коллективтендіру кезеңінде Қазақстанда өрескел бұрмалаушылық орын алды. Халықты коллективтендіру туралы Лениннің өсиеті ұмыт қалып, қоғам дамуының объективті диалектикалық заңы бұзылды. Осының салдарынан халық көпе-көрінеу аштыққа ұшырап, өмірде сирек кездесетін нәубетке тап келді. Ал, Голощекин бастаған республика өкілдері Қазақстанда коллективтендіру тамаша өткізіп жатырмыз деп Москваға ақпар жазумен болды. Халық жаппай күйзеліске ұшырады. Міне, осындай сын сағатта Т. Рысқұлов 1932 жылы тамыз айында Сталинге бірінші хатын жазды. Одан нәтиже бола қоймаған соң араға бірнеше ай салып Сталин, Молотов, Кагановичтердің атына екінші хатын жазды. Тұтас халықтың басына солақай саясаттың алапат қауіп төндіргенін батылдықпен ашына айқайлап айтты. Дәл осы тұста, жеке адамға табынудың дерті белең алған шақта мұндай орасан батылдыққа барып, жанұшыра қайраткерлік көрсету – теңдессіз ерлік еді. Көп ұзамай Голощекин Қазкрайкомның бірінші хатшылығы қызметінен алынып, республика ауыр бұлттан арылып, әділеттілік орнай бастады. Осы тұста Ш.Мұртаза: «Тұрар Рысқұловтың бұдан басқа да орасан қызметтерін былай қойғанда, тек туған халқы үшін, туысқан халықтар үшін жанқияр осындай абадан істері үшін ғана оның ұлы рухын ту етіп ұстап жүруге болады», деп жазады. Белгілі сыншы Тұрлыбек Мәмесейіт «Алысқа атылған жебе» деген көлемді мақаласында «Рысқұловтың халқына жасаған еңбегі қандай өлшеусіз болса, Шерхан Мұртазаның да Рысқұловты «тірілтудегі» еңбегі сондай зор» деп бағалайды. Бұл жалпыхалықтық баға деп санаймыз. Талғампаз қаламгер Елен Әлімжан «Қызыл жебені» жұрт Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұловқа қойған ескерткіші деп жатады. Солайы солай да шығар. Дегенмен, мен үшін «Қызыл жебе» ұрпақтан ұрпаққа қаһармандықтың мәңгілік аманаты, қоғамнан қоғамға ескертпе», деп жазады. «Қаһармандықтың мәңгілік аманаты!», дейді. Қоғам мұны ұмытпауға тиіс. «Оян, Тұрар!» деп басталатын осы шығармасы маған да «Оян, қоғам!» деп тұрғандай болып көрінеді. Көрнекті жазушының «Сталинге хат» пьесасы да Тұрар Рысқұловтың рухын тірілткен дара туынды. «Қызыл жебенің» жалғасы іспеттес. Сол жылдарда, бүгіндері келмеске кеткен Кеңестер Одағындағы қайта құрудың дүмпуімен Алматы сахналарында батыл шешімге құрылған спектакльдер қойылып жататын. Бұл қойылымды көру үшін сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин бастап, Үкімет төрағасы қостап, Республика басшылығындағы адамдар түгелге жуық театрға барады. Жарық дүниенің, қоғамның, адамның ақиқатын теңдей таспалап танудың мәні алдында бас ию, жоқ, бас идіруде сахнаның сиқырлы сыры мен көркем ойдың құдіреті санаға ауыр жүк түсірмей қоймайды. Тарихтың көзі де, өзі де адам. Сол әйгілі драмалық шығармада Сталин: «Халқы үшін шырылдап отқа түсе жаздаған пәруана. Сен сөйтіп қарлығаштай қанатыңмен су себелеген халық саған не жақсылық көрсетер екен? Күндердің күнінде атыңды да ұмытып кетпес пе екен? Білесің бе, аш бала қарны тойған соң жаңа ғана жылағанын ұмытып кетеді», дейді. Рысқұлов: «Еңбегім үшін ақы тілемеймін. Ұмытса, несі бар, ұмыта берсін. Тек қарғамаса болғаны, дүниеде бір-ақ нәрседен қорқамын». Сталин: «Ол не?» Рысқұлов: «Қарғыс»… Бұл енді тұла бойыңды дір еткізетін ұғым, ұлы түсінік. Сұмдық ой. Сұрапыл сауал. Қасиетті сөз жауабы. Қазақтың биік те тұңғиық ақыл иесі Тұрар Рысқұловтай абзал азаматы еліміздің ХХ ғасыр белесінде ұлт болып ұйысып, жұрт болып қалыптасу кезеңдеріне сіңірген тарихи еңбегі мен қызметі үшін туған халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілік алғысын алды. Қазір Тұрардың заманы туды. Тәуелсіздік, Бостандық еліміздің басына орнады. Бұл дәурен үшін Тұрар Рысқұлов өмір бойы күресті. Жемісін өзі көре алмады, елі көріп жатыр. Ақиқат аманат: ұлтқа қызмет етудің биік үлгісі болған ұлы қайраткер, қоғамдық санада өшпес із қалдырған көрнекті саясаткер Тұрар Рысқұловтың туабітті қайсар да қаһарман тұлғасы, біздіңше, әділетті қоғам тұрғысында ешқашан аласармайды, есімі ешқашан да ұмытылмайды, енді егемен елімен бірге биіктеп, саналы ұрпақтарымен жасай беретін болады. Бұл күндері Әділетті Қазақстан құру кезінде ар-ождан тазалығы, адал еңбек, адал табыс қаншалықты маңызды болып отырғанын жақсы білеміз. Ал, ел басқару ісінде ұлтқа қызмет ету мен ұлттық мүддені жоғары қоя білуде, ең алдымен өз халқын ойлауға міндетті мемлекетшілдік қасиеттер аса қажет. Ол шешімді шарт болуы тиіс. Дәл осы биікте Тұрар Рысқұловтың тәуелсіз ел жастары үшін қайраткерлік өнегесі, азаматтық ұстанымы, озық ойлары мен тағдырлы, тарихи тағылымы – өміршең ұлт байлығы, таусылмас қазына. Өркениетті өмірдің дәстүрінде Тұрар Рысқұлов есімі қазақ ұлты үшін ешқашан ескірмейтін құндылық болып саналады. Енді әңгіменің түйіні, өршіл ұрпақ бүгінгі заманда әр нәрсенің байыбына барып, түсінуді үйрену керек деп ойлаймыз. Ең бірінші кезекте ұлтқа қызмет етудің жалпылама мәнін түсіну үшін ел мұратына адалдық танытқан тарихи тұлғалардың атқарған істерін замандар үрдісінде танып, білуіміз қажет.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.