Жаңалықтар

Әсерге толы әсем кеш

Әсерге толы әсем кеш

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, «’Құрмет» орденінің иегері Үміт Битенованың мерейтойына орай, «Жырла, жүрек!» атты шығармашылық кеші өтті. Аталған ғимараттың фойесінде кеш иесінің фотокөрмесі ұйымдастырылып, онда ақының Халық жазушысы Шерхан Мұртазадан ,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметовамен кездескен сәттері бейнеленген. Іс-шара Үміт Қыранқызының оқуындағы « Туған жер» әнімен басталды.

Кешті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан жүргізді. Танымал актер Аманғали Сыпабек орындаған кеш иесінің «Мама», «Өкпелемеші» әндері көптің көңілінен шықты. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының жас актерлері Үміт ақынның бірнеше өлеңін оқыды. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі, Мәдениет саласының үздігі Мәдина Сағымбекова да ел көңілін әнімен серпілтті. Оның орындауындағы кеш иесінің « Ақ қанат көбелек аппақ қар», «Гүл сыйлашы» әндері жүректерге жетіп жатты. Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді. Ол хатта: «Құрметті Үміт Қыранқызы! Сіз белгілі ақын, композитор, қоғамдық істердің белсендісі ретінде бағаңыз биік. Сізге әрқашан ел құрметі ерекше. Кешіңіз құтты болсын, абыройыңыз арта берсін» делінген. Лесбек Ілебаев ақынға облыс әкімінің атынан құрмет көрсетті. Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтауын жеткізді. Ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай 60 жастың асуына шығып отырған Үміт Битенованың жары, белгілі айтыс ақыны Ербол Қамбатырға да жылы лебіз айтты. Ғажайып кеште облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев сөз сөйледі. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өз сөзінде Үміт Қыранқызын Парламент Мәжілісінің Аманжол Әлтай мен Ринат Зайтов бастаған депутаттарының да құттықтауын жеткізді. Мұнан соң Үміт Битенова өзінің бірнеше өлеңдерін оқып берді. Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков те арнайы келіп, қос ақынға құрмет көрсетті. Кеш барысына Үміт Битенова мен Ербол Қамбатырдың сөзіне жазылған бірнеше әндер орындалып, өнер аспанында аққанат құстай қалықтап тұрды . Сахнаға облыс әкімдігінің ықылас гүлі әкелінді. Кеш соңында Үміт Қыранқызы барша көпшілікке алғысын білдірді.  

Есет ДОСАЛЫ