Таразда неге жыл сайын көшелер қазыла береді?
Таразда неге жыл сайын көшелер қазыла береді?
Осындай жөндеу жұмыстары кезінде жол жабылып, көлік кептелісі туындайтыны тағы бар. Әдетте жаз айларында жүргізілетін жөндеу жұмыстары биыл ерте басталып, дәл қазіргі уақытта қаланың Төле би даңғылындағы №12 мектеп-гимназиясының алдындағы жол жабық. Мектеп алдындағы аялдамадан автобус күтетін оқушылар қазір Жамбыл даңғылы немесе Қолбасшы Қойгелді көшесінен айналып келіп жүр. Онсыз да жұрт жұмысқа, балалар сабаққа баратын және қайтатын таңертеңгі, түскі, кешкі мезгілде туындайтын көлік кептелісі дәл қазіргі уақытта тіптен еселеніп тұр. Үйреншікті уақытында үйінен шығатын тұрғындар әдеттегісінен күшейген көлік кептелісі мен автобустардың айналып өтуінің салдарынан жұмыстарына кешігіп, жылда жер астындағы құбырлардың жөнделуінен шаршағандарын айтып, мұң шағуда. Ал, темір тұлпарды тізгіндегендер қазба жұмыстарының соңынан жол ойдым-ойдым күйге түсіп, көліктеріне зақым келтіретінін айтып, налиды. – Бізде неліктен алдымен асфальт төсеп, содан соң жерасты жұмыстарын істейді? Үнемі солай. Сөйтіп жолдың ырың-жырыңын шығарады. Оның зардабын халық тартады. Мұндай жұмыстарға мемлекеттен қыруар қаржы бөлінетіні белгілі. Қазір де жылу жүйесінің құбырларын ауыстырып жатыр, ертең жолдың жағдайы қандай болатыны белгісіз. Осындай жұмыстың салдарынан Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы көшесінің жолы қазір быт-шыт болып жатыр. Тұрғындар өзіміз жиналып, Көделі көшесінің жолын жөндеп алған едік. Неліктен халық өз қаржысына жөндеуі керек, онда неге салық төлеп жүрміз? Енді қазір Братская көшесіндегі «Алпамыс» аталатын балабақшаның алдындағы жол өте нашар. Мұндай шұрық-тесік жолдар көлікті тез тоздырады. Ал, көлік жөндеу дегеніңіз арзан емес. Осыдан 4-5 ай бұрын көлігімді 200 мың теңгеге жөндеткен едім, қазір тағы жөндететін жағдайға жетіп тұр. Көлік жөндеу ең кемі 100 мың теңге болады. Автокөлік жүргізушілері тиісті салықты төлеп отырмыз. Тіпті, ақылы жолдармен жүргенде де төлейміз. Сол ақшаға жолдарды тегістеп қоюға болады ғой. Мысалы, бір Тараздың көлік иелерінен түскен салығына осы қаланың жолдарын тақтайдай етіп қоюға болмас па еді? Көлік жүргізушілері осындай ой-шұқырлардан қашамын деп апатқа түсіп қалып жататын жағдайлар да кездеседі. Жолдың нашарлығы көліктерге зақым келтіріп қана қоймай, адам өміріне қауіп төндіретінін де ескерейік, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Дәурен Бубеков. Дәл осындай пікірді бірнеше тұрғындардан естідік те, осыны алға тартып, қаланың жолын, коммуналдық шаруашылығына жауапты мамандардан мәселенің жөнін сұрадық. – Жылыту маусымының аяқталуымен қатар жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізуге байланысты қала аумағында 2024 жылдың 15 сәуірінен бастап, 15 мамырына дейін ыстық су беру тоқтатылды. Гидравликалық сынақ өткізудің мақсаты – жылу желілерінің ақаулы учаскелерін анықтап, қалпына келтіру және алдағы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымын қауіпсіз өткізу. Тараз қаласы аумағында жылу және ыстық су тасымалдайтын жылу желілерінің бір болуына байланысты ыстық суды үздіксіз тасымалдау мүмкіндігі болмауда. Ал, бөлек ыстық су желісін салу қыруар қаражатты қажет етеді. М-1 жылу магистралі 1990 жылы пайдалануға берілген. Жылу желілерін пайдаланудың нормативтік ресурсында пайдалану мерзімі – 25 жыл. 2023 жылы аталған жылу желісіне техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, қорытындысы алынған болатын. Қорытындыға сәйкес, тозу деңгейі 80 пайызды құрады. Осыған орай, магистралдық жылу желісін қайта жаңғыртудан өткізу үшін 2023 жылы қала әкімдігімен «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасы әзірленіп, жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 6138 метр. Қазіргі таңда жоғарыда көрсетілген жұмыс жобасына сәйкес, Төле би даңғылында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекзат Болатбеков. Қазір Төле би, Жамбыл даңғылдарының қиылысында жүргізіліп жатқан жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары 19 сәуірде Аққозиев көшесінде, 20 сәуірде Төле би, Абай даңғылдарының қиылысында басталған. Жалпы, құрылыс жұмыстарын 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Жөндеу жұмыстарынан кейін жолдың жағдайы қандай болатыны сол күннен кейін белгілі болады.
Қамар ҚАРАСАЕВА