Жаңалықтар

Берілген тапсырмалар орындалмаған

Берілген тапсырмалар орындалмаған

Жыл басында «Aq jol» газетінің №9 санында «Салақтық па, салғырттық па?» тақырыбымен Тараз қаласының көркіне нұқсан келтіріп тұрған нысандарды көрсетіп жазған едік. Мақала ішінде ғимараттардың сыртқы келбеттерінің кемшілігін, түсіп қалған әріптерін уақтылы түземеген мекемелерді атап айтып, мұндай кемшіліктерді қадағалап, сол ғимаратты пайдаланушы ұйымның әкімшілігіне ескертіп отыратын Тараз қалалық әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне хабарласқанымызды да жазғанбыз. Аталған бөлімнің бас маманы қызметкерлер әрдайым қаладағы ғимараттардың сыртқы келбетін бақылап жүретіндерін айтқан еді. Алайда, одан бері төрт ай уақыт өтсе де біз атап көрсеткен нысандардағы кемшіліктер сол қалпында тұр. Яғни, ескертілмеген.

Жыл басындағы облыс әкімдігінің аппараттық кеңестерінің бірінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті газеттерде көтерілген сыни мақалаға қатысты жауаптыларға тиісті тапсырма беріп, аймақтағы әкімдер мен басшыларға газет оқып отыруды ескертіп, ел ішінде жүретін журналистер басшылар байқай бермейтін кем-кетікті көріп, жазатынын айтқан еді. Бірақ, әлі де кей басшылардың газет оқымайтыны тағы көрінді. Қала келбетіне көрік қосудың орнына, олқылық келтіріп тұрған нысандардың ішінде жекеменшік кәсіпкерліктен бөлек, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы «Ақпаратты қабылдау және өңдеу орталығының» ғимаратындағы «өңдеу» сөзінің «ң» мен «у» әріптерінің жоқ болып тұрғанына бірнеше жыл болғанын атап көрсетіп едік. Сол қателігімен әлі тұр. Ал, бізге пікірін білдірген Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы «Тараз қаласындағы 11 округке біздің бөлімнен 11 маман бекітілген. Сол мамандар өз округтеріндегі ғимараттардың сыртқы келбетін бақылап жүреді. Егер қандай да бір кемшіліктерді байқаса, архитектор болғандықтан міндетті түрде мекемеге кіріп, әкімшілігіне ескертеді. Олардың кемшілікті жөндеу мүмкіндігіне қарай уақыт белгілеп, сол кезде реттелгенін бақылауға алады», деген болатын. Бұл сөздің де жалған екеніне осы төрт ай ішінде түзетілмеген қателіктер көз жеткізіп отыр. Газет қателерді тізіп көрсетіп берді, облыс басшысы газет оқып, тілшілер көтерген мәселелерді назарға алып, оның шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Бірақ, дәл біз қозғап отырған мәселеге келгенде, ешқайсысы да, орындалмады. Нағыз немқұрайлылық деген осы.  

Қамар ҚАРАСАЕВА