Бұл не сұмдық?
Бұл не сұмдық?
Иракта футбол көргені үшін 13 адамды атып тастады
Ирактың Мосул қаласында «Ислам мемлекеті» террористік тобының мүшелері футбол көргені үшін 13 адамды атып тастапты. Олардың пікірінше, Иракта тіпті футбол көруге де болмайды екен. «International Business Times» басылымы хабарлаған мәлімет көздеріне сенсек, «Ислам мемлекетінің» содырлары Ирак – Иордания матчын тамашалаған 13 жеткіншекті футбол көріп, харам іс жасады деп халықтың алдында өлім жазасына кескен. Мұнымен қоймай олар бұл істерін әділ ұйғарым деп ойлайтындарын да жасырмайды. Осылайша әлгі қаныпезерлер өздерінше үкім шығарыпты. Ирак Иорданияны 1:0 есебімен ұтып, ширек финалға шыққанын да айта кету керек. «Ислам мемлекеті» содырлары футбол батыс елдері ойлап тапқан, жастарды адастыратын, дұрыс жолдан жаңылдыратын, пайдасы жоқ құрал деп санайтындарын да ашық айтқан. Бұған қоса әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрімен "ауыратын" жанкүйерлерді мүлде жақтырмайды екен. Иә, төрткүлдүние көз тігетін теңбіл доп бәсекесіне Ирактағы содырлардың қырын қарап, жанкүйерлерді шейіт қылғандары шын мәнінде жан түршігерлік жағдай. Өкінішті, әрине...