Алтын ұя мерейін асқақтатты
Алтын ұя мерейін асқақтатты
Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауларының бірінде «Білімді, сауатты адамдар – бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушысы» деп, білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру – ұстаздар қауымына жүктеліп отырған маңызды іс екенін ерекше атап көрсеткені белгілі. Ауданымыздағы Гүлмира Есентаева басшылық ететін Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің ұжымы осы үдеден шығып та отыр. Мұнда 2012 жылдан бері эксперимент алаңы жұмыс істейді. Оқушыларымыз облыста үздік деп танылған авторлық бағдарламаларын халықаралық байқауларға да ұсынуда. Олар үшін жаңа жыл табысты басталды. Жуырда ғана Санкт-Петербург қаласында «Қоршаған ортаны қорғау» тақырыбында өткен оқушылардың Х қашықтықтық командалық олимпиадасына Ш.Илибай, З.Дүйсенова, Ж.Әжіғалиева, С.Уалихан, Н.Уразбаев сынды бес бірдей оқушымыз қатысып, «Алтын сертификатты» жеңіп алды. Сондай-ақ, мектебімізде шығармашылық ізденіспен жұмыс жасайтын ұстаздар да баршылық. Республикалық «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген авторлық бағдарламалар байқауынан Алма Молданбаева, Рая Қосмұратова, Асылтас Қалмұратова бірінші, Роза Айдаралиева екінші, Шолпан Сазымбаева үшінші орындар жүлделерін, Ғазиз Мақұлбеков, Ләззат Қонысбекова, Нұрлыбек Жанназаров арнайы сертификат иеленіп, олжалы оралды. Мектебіміздің үздік мұғалімдері мен оқушыларын аудан әкімі М. Шүкеев арнайы қабылдап, түрлі деңгейдегі байқауларда алған сертификаттары мен дипломдарын салтанатты жағдайда табыс етті.
Ғазиза БЕРДІБАЕВА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Байзақ ауданы.