Жаңалықтар

Білім ошақтары толық жабдықталады

Білім ошақтары толық жабдықталады

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов журналистермен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Кездесуге білім басқармасы басшысының орынбасарлары Мұхит Нысанбаев, Күнімжан Жанғожаева және Ляззат Қызылқұлова да қатысты. Еркін форматта өткен жиынға жиналғандар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өңірдің білім беру саласының жұмысы туралы өз ойларымен бөлісті.

«Жабағылы-Манас» тау-кен клубы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Рауф Сәбитов ұйымның білім басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын атап өтті. – Біз Жамбыл облысында мекендейтін және өсетін сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер туралы нұсқаулық әзірлеп, таратып жатырмыз. Оқушылардың туған өлкенің флорасы мен фаунасына қызығушылық танытып, эндемикалық өсімдіктерді ажыратып, табиғатымызды қорғағанын қалаймыз. Осы нұсқаулықты мектептерге тарату бойынша жұмыс жалғасса дейміз. Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін геоботаникалық зерттеу жүргізу қажет. Менің білуімше, бізде ондай мамандар жоқ. Мен мұғалімдерді және олармен бірге мектеп оқушыларын осы жұмысқа тартуды ұсынамын. Балаларға мектептен тыс, табиғатта осындай зерттеу жұмыстары қызықты болады және мұғалімдер өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға көмектеседі, – деді Р.Сәбитов. Рауан Садырқұлов «бұл ұсыныс қызықты және егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді» деп, сондай-ақ, қалай ұйымдастыруға болатындығы туралы ойлануға уәде берді. Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеясының медиаторы Ғайни Көшекбаева да пікірімен бөлісті. – «Мектеп медиациясы» жобасы оқушылар үшін өте маңызды. Бұл жобаны аудан мектептерінде жүзеге асыруды жалғастыруды ұсынамын. Балалар кішкентай кезінен бастап жанжалдарды бейбіт түрде, диалогта шешуді үйренуі керек. Одан бөлек, көптеген аудандық мектептерде химия, физика, биология кабинеттері нашар жабдықталған. Көрнекі құралдар, зертханалық жұмыстар жүргізуге арналған жабдықтар жоқ. Осы мәселені де шешу керек, – деді ол. Рауан Садырқұлов бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отырғанын, мектептерді жабдықтауға, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп қаражат бөлінгенін, уақыт өте келе бұл мәселе толығымен шешілетіндігін атап өтті. Ал, ұстаз әрі «Обелиск» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Михаил Платовты оқушылардың Жеңіс күнін қалай атап өтетіні, Кеңес Одағының Батырларының есімімен аталатын мектептерде ерекше іс-шара жоспарланатындығы қызықтырады екен. – Патриоттық тәрбие тақырыбы мектептердегі күн тәртібінен ешқашан алынбайды. Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, жыл бойы басқа күндерде мұғалімдер тақырыптық сынып сағаттарын өткізеді, онда оқушыларға жерлестеріміздің даңқты ерліктері туралы айтылады. Ал, мерекеде, әрине, түрлі әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, биыл өңірдің әскери қызметшілерімен бірлесіп, әскери-далалық жиын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп жауап берді басқарма басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ