Жаңалықтар

Бүгінгі бала – ертеңгі маман

Бүгінгі бала – ертеңгі маман

Қай дәуірде болмасын, көзі ашық, көкірегі ояу, саналы да сауатты ұлттың келешегі жарқын. Бүгінгі бала – ертеңгі маман. ХХІ ғасырда әр баланың ертеңгі еңбек нарығында табысты және бәсекеге қабілетті болуы оның санасына құйылған білімнің тереңдігінде, оқушыға қойылған талап пен оның мазмұнында болып тұр.

Облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар беру мақсатында наурыз-сәуір айларында «Кәсіби бағдарлау жұмыстарын сапалы ұйымдастыру» айлығы өтуде. «Менің болашақ мамандығым», «Мен және менің болашақ кәсібім», «Менің таңдауым – менің болашағым», «Жаңа ғасырға лайық педагог маман даярлаудың тиімді жолдары», «Мамандықты дұрыс таңдау – баланың бақытты болу кепілі», «Мамандықтар әлеміне саяхат», «Жаңа заманауи кәсіп түрлері», «Менің ата-анамның жұмыс орны», «Мен нені қалаймын?», «Мамандық таңдау – болашаққа нық қадам», «Мамандық таңдау – маңызды!» тақырыптарында түрлі кәсіп иелерімен кездесіп, тәрбие сағаттары, дискуссиялық алаң, дөңгелек үстел, ата-аналарының жұмыс орнына онлайн саяхат, кездесулер, видеопрезентациялар байқауы, ашық есік күндері, викториналық ойындар өткізіліп, мамандық таңдауда оқушыларға бағыт-бағдар берілген. – Менің таңдауым – менің болашағым. Мен өз таңдауымды ата-анамның қалауымен емес, өз мақсатыма қол жеткізу үшін жүзеге асырғым келеді. Мен қолөнер бұйымдарын жасап, түрлі байқаулардан жүлделі оралдым. Бірақ бұл менің осы саланы ғана қолға алуыма ықпал етпейді. Мен болашақта мәселен заңгер болуды арман етемін. Және сол жолда аянбай білім алып, тер төгемін. Ата-анам ісмерлігіме қарап, «Дизайнер бол» деген сияқты кеңес бергенімен, мен өз қалауымды жасаймын, – дейді 9-сынып оқушысы Дина Нұрғалиқызы. Әр бала өз мамандығына көңілі толып, өз ісінің білгірі, озығы болуы үшін ең алдымен қабілетіне сай келетін мамандықты таңдауына үлкендердің ықпалы орасан. «Баланың бойында жезқоңырау бар. Сол қоңырауды дұрыс бағытта қаға білу үлкендер үшін шарт» деген екен бір данышпан. Расында, кейде ата-аналар өз қызығушылығын баласының бойынан көргісі келіп, сол бағытта жетілдіреді. Мәселен, өзі бала күнінен мұғалім болуды арман етіп, қандай да бір кедергінің салдарынан арманына қол жеткізе алмаған ата-ана баласын міндетті түрде мұғалім етіп шығарғысы келеді. Алайда, өз жүрегіндегі кәсіпті емес, айналасындағылардың көңілін табу үшін сол кәсіпті игеруге талпынған баланың жүрегі олқы болады. Себебі, ол біреудің мақсатын жетілдіру жолында ғана сол жолды таңдады. Балаға дұрыс таңдау, дәл бағыт-бағдар беру жолында қателесу – өмірінде көп кедергі келтіреді деген сөз. Ал, осы орайда «Жамбыл облысында өңірге қажетті және сұранысқа ие қандай жаңа мамандықтар бар?» деген сұрақ туындайды. Өңірде сұранысқа ие мамандықтарды білу үшін биыл «Жамбыл облысының жаңа мамандықтар атласы» бағдарламасына жергілікті бюджеттен 70 миллион теңге бөлінген. Облыстың жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атласы жасалып, сұранысқа ие өңірдің нақты бағыттары анықталып жатыр. – ІТ саласындағы жетекші Жамбыл инновациялық жоғары колледжі осы бағытта Силикон алқабындағы үздік ІТ-компаниялардың біліктілік талаптарына сәйкес үш тілде мамандар дайындап отыр. Колледж халықаралық аккредитациядан өткен Ұлыбритания және SDU университетінің қамқорлығында. Аталған колледжге 2025 жылға материалдық базаны модернизациялау мақсатында 190 миллион жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, ІТ-ХАБ ашу жоспарлануда. Облыстағы 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 25 939 студент білім алса, 15 844 мемлекеттік білім тапсырысы аясында оқып жатыр. Осы орайда, кадрларды даярлаудың басым бағыты ауыл шаруашылығы, химиялық, техникалық, ІТ және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Білікті мамандарды даярлау 104 мамандықтың 139 біліктілігі бойынша жүзеге асырылса, оның ішінде Тараз қаласында орналасқан 7 колледждің 8 мамандығы қайталанып даярлануда, – дейді облыстық білім басқармасы «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының» директоры Дархан Есжанов. Мамандық таңдау барысында түрлі пікір айтылып, көзқарас та сан-саққа бөлінетіні белгілі. Әркім өзіне лайық мамандықты оп-оңай таңдап, соны игеріп, соңыра сол салада кәсіби мансабын құрып, жетістікке жете салуы оңай дүние емес. Қазіргі еңбек нарығының өте құбылмалы болып тұрғанын ескерсек, қажетті мамандықтарды болжау да қиын. Мамандардың пікіріне сүйенсек, ең әуелі ата-ана үшін ұстанатын қағида – баланы болашағы жоқ мамандыққа баруға мәжбүрлемеу. Оның үстіне қазіргі таңда көптеген жастар оқыған мамандықтарының емес, игерген тәжірибелік дағдыларының арқасында ақша табады. Негізі жас баланың болашақ мамандығын неге бейім екендігінен, нені жақсы көретіндігінен білуге болады. Мысалы, баланың икеміне қарап, мамандығын таңдауға ықпал ету қажет. Ата-ана тарапынан балаға жасалатын ең үлкен жауапты қадам, осы сәтте баланы түрлі үйірме мен секцияға беру арқылы болашағын айқындайды.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.