Жаңалықтар

Кен орнының бүгіні мен болашағы

Кен орнының бүгіні мен болашағы

Кешегі күнге зер салсақ, 1991 жылы Кеңестер одағы тарағаннан кейін еліміздің оңтүстік өңірлері табиғи газдан тапшылық көре бастады. Себебі, келісімшарттар қайта қаралып, қысқы мерзімде оның жетіспеушілігі туындап, Өзбекстан өз тарапынан жаңа талаптар қойып, табиғи газдың бағасын өсіріп жіберді. Міне, осы тұста Жамбыл облысындағы Амангелді газ конденсаты кен орнын пайдалану күн талабындағы негізгі мәселеге айналды. Осы мақсатта сол кездегі Үкімет басшылары мемлекет деңгейінде кен орнының қорын анықтау негізінде Амангелді газ конденсаты кен орнын қайта барлау жұмыстарын қолға алды. Барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша кен орнындағы табиғи газдың қоры 20-25 миллиард текшеметр газды құрайтыны анықталды. Соның ішінде өндірілетін газ көлемі 17 миллиард текшеметр және 2160 мың тонна газ конденсатының қорлары бекітілді. Бұл Жамбыл облысының тұрғындарын табиғи газбен 30-40 жыл қамтамасыз етуге жеткілікті еді.

Амангелді кен орындары тобы облысымыздың Мойынқұм және Талас аудандарында, Тараз қаласынан солтүстікке қарай 190 километр жерде орналасқан. Аймақта геологиялық барлау жұмыстары 1947 жылы басталды. Бірақ, кен орындарын пайдалану жұмыстары, яғни ұңғыларды бұрғылау жұмыстары тек 2000 жылы қолға алынды. Үш жылдан соң, яғни 2003 жылы 23 қазан күні «Амангелді Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. 2022 жылдың 22 қазанында «QazaqGaz» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің шешімі негізінде «QazaqGaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Қайта құру негізінде компания өзінің өндірістік потенциалын кеңейту үшін газ және газконденсатты кен орындарын барлау және өндіру бойынша ауқымды көлемде жұмыстар жүргізіп жатыр. Мұндай жұмыстар тек біздің облыста ғана емес, еліміздің барлық аумағында жүргізіледі. Жоғарыда айтылғандардың айғағы ретінде қазіргі күнде Амангелді, Айрақты, Жарқұм және Анабай төрт кен орны сәтті жұмыс істеп тұрғанын айтқым келеді. Ал, былтыр ашылған Барханное кен орнын 2025 жылдан бастап іске қосады. Бұдан басқа да перспективалы кен орындары бар. Амангелді кен орнында жұмыс істеп тұрған кешенде газ дайындау қондырғысы болса, оның айналасындағы жаңа кен орындарының өндірісін одан әрі арттыруға зор мүмкіндік береді. Амангелді кен орны төңірегіндегі жаңа кен орындарын қосу арқылы ресурстық базаны ұлғайту бойынша Жол картасын жасауға кірісті. Яғни, жаңа жобалардың өсу нүктелерін іздейміз. Соның бірі – Түркістан облысы Бетпақдала ойпатындағы «Придорожное» кен орнында барлау жұмыстары өткізіледі. 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс деңгейі «Амангелді» кен орнындағыдай жылына 300-350 миллион текшеметр болмақ. Осыған байланысты жоғары білімді мамандарды даярлау үшін өндіріс саласында жұмыс істеген тәжірибесі бар бас мамандарды білім беру саласына тартып, жоғары квалификациялы мамандарды дайындау керек. Ол үшін студенттерге білім беру кезеңін, өндірістегі негізгі технологиялық үрдістермен байланыстырып оқытуды қолға алу маңызды. Өндірістік, дипломалды тәжірибелерін өндіріс орнында өту кезеңінде мұнай, газ және тау-кен ісі саласындағы технологиялық процестерді толық меңгеруін қамтамасыз ету үшін осы салада жұмыс істейтін бас мамандарды, яғни бас маркшейдер, бас геолог, учаске бастықтары, шеберлерді шақырту көзделіп отыр. Елімізде жылына 54 миллиард текшеметр газ өндірілсе, оның 2,4 миллиардын Жамбыл облысы тұтынады. Ал, жылына тұтынылатын 310 миллион текшеметр газдың 21 мың тонна тұрақты конденсаттың үлесі «Амангелді» кен орнына тиесілі. Мұнда 20 жылдан бері 6,2 миллиард текше метрден артық газ және 420 мың тоннадан артық тұрақты конденсат өндірілген. Айта кетерлігі, ауқымды жоба тәуелсіздік жылдарында ел бюджеті есебінен ашылған. «Амангелді» кен орны тобы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жер қойнауын пайдалану бойынша шетелдік капитал салымдары мен инвестициясыз, ел бюджеті есебінен жүзеге асқан, Қазақстан мамандары іске қосқан бірінші газконденсатты кен орны. Жамбыл облысын газбен қамтуда үлкен үлесі бар бұл өндіріс орнының пайдалануға берілгеніне биыл – 20 жыл. Кен орны 20 жыл бойы еліміздің оңтүстік өңірін газбен қамтамасыз етіп келеді және ол республикамыздың энергетикалық секторында стратегиялық маңызы бар нысан. «Амангелді» кен орны тобының ашылуына байланысты еліміздің оңтүстік өңірін энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін өз үлесін қосты. Салтанатты жиынға еңбегі сіңген азаматтар мен ел басқарған тұлғалар жиналды. Олар кеніш басында болып, ширек ғасырға жуық уақытта жеткен жетістіктерге тоқталды. Осындай айтулы мерейтойға сала мамандары мен ардагерлер де қатысты. «Амангелді» кен орны тобының 20 жылдығы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институты, «Мұнай, газ және тау-кен ісі» кафедрасының ашылуының 20 жылдығына тұспа-тұс келді. Аталған кафедра кен орнының дамуына өз үлесін қосып отырғанын да айта кеткен жөн. «Мұнай, газ және тау-кен ісі» мамандықтары бойынша білім алған түлектер бүгінде «Амангелді» газконденсатты кен орнында ғана емес еліміздің мұнай-газ және тау-кен ісі салаларында да табысты еңбек етуде. «Амангелді» кен орнында 160-қа жуық қызметкер жұмыс істейтін болса, оның 80-85 пайызы осы кафедраның түлектері. «Амангелді» кен орнының газы өте таза, «Тенгиз», «Қарашығанақ», «Қашаған» газдарымен салыстырып қарасақ, мұнда күкірт жоқ. Кен орнында 2300-2500 метр тереңдікте газ бар деп болжанған болатын. Бұрғышылар ұңғыны бұрғылап газ конденсатын алуға қол жеткізді. Талас және Мойынқұм аудандарында орналасқан кен орындары бүгінде кеңейіп келеді. Компанияда 160 адам жұмыс істейді. 2023 жылдың соңында «Амангелді» кен орны тобының жалғасы ретінде Анабай кен орны іске қосылды. Аталған кен орны жылына 40 миллион текшеметр газ өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Qazaq Gaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Алмас Қуандықов геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыратындарын баса айтқан болатын. Бүгінде компания табиғи газдың ресурстық базасын жоспарлы түрде арттырумен тұрақты шұғылданып келеді. Өткен жылы компанияның портфелі Придорожный кен орнымен толықтырылды, одан өндірілетін газ қоры 10 миллиард текшеметр шамасын құрайды. Өндіріс орнының жиырма жылдық мерейтойында кен орнында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев сала мамандарын құттықтады және кен орнын кешенге айналдырып, газ өндіруге үлкен үлес қосқандары үшін мерекелік медальдармен марапаттады. Мерейтойлық жиынға, «QazaqGaz» Ұлттық компания» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов, «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорны қызметкерлері мен кен орнының еңбек сіңірген мамандары және газ саласының ардагерлері қатысты. Кен орнының 20 жылдығына орай «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорны облыста бірқатар әлеуметтік және мәдени жобаларды жүзеге асыруда және компания студенттерді тікелей өндірісте тәжірибе алмасу арқылы оқыту жобасын жүргізуде. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды оқыту үшін арнайы гранттар бөлді. Талас ауданының бірқатар кенттерінде спорт және балалар алаңдары салынды, жолдар мен саябақтар жөнделді.  

Юлдашбай ДӘРІБАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институты «Мұнай, газ және тау-кен ісі» кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент.