Мүмкіндігі мол жоба
Мүмкіндігі мол жоба
-Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасының екінші кезеңін бастау туралы тапсырма берді. Өздеріңіз білесіздер, елімізде қарызын 90 күннен артық төлей алмай жүрген адам саны 2 миллионға жақындады. Бұл Қазақстан халқының 10 пайызы, ал экономикалық белсенді азаматтардың 20 пайызын құрайды. Бұл – үлкен мәселе. Біз халықтың қаржылық сауатын ашатын оқу курстарын өткізіп келеміз, енді нақты дағдыларды үйрету арқылы қарыздан құтылуға көмектесетін мүмкіндіктерді ұсынатын боламыз, – деді Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев. Сарапшылар елдегі әрбір ауылдық округке скрининг жүргізіп, экономикалық перспективасына талдау жасаған. Сол талдау нәтижесінде Меркі ауданында 9 бағытта тауар өндіріп, адамдардың табысын көбейтуге болатыны анықталған. – Бір отбасын мысал ретінде айтар болсақ, олардың 1,5 миллион теңге қарызы бар және 10 сотық жері бос жатыр. Соған көп сұранысқа ие құлпынай өсіру жолдары үйретілуде. Бұл бизнесті бастап кетуге бар жағдай жасалады. Дәрістен кейін, құлпынай сортының көшеттері, пленка, тамшылатып суару жүйесі, гербицид, пестицид секілді 2 миллион теңгеге жуық құралдар тауарлық несие ретінде беріледі. Ауданның табиғатын ескерсек, бір жылда 5-6 рет өнім жинауға болады. Отыз күнде 2 тоннаға жуық өнім түседі. Осылайша, табыстың жартысы қарызды өтеуге жіберілсе, 25 пайызы құрал-саймандар ақысын өтеуге жұмсалады, ал қалған 25 пайызы өзіне қалады. Бұл жердегі басты принцип – балық емес, қармақ беру! Қарызды жай ғана кешіре салу ұзаққа апармайды. Халық нақты кәсіпті үйрену арқылы тұрақты түрде табыс таба алуы шарт, – деген Эльдар Тынышбайұлы жобаның жөнін түсіндірді. Жаңа орталыққа жидек өсіру, қант қызылшасын егу, жем-шөп, сүтті ірі қара, етті ірі қара, құс шаруашылығы секілді шаруашылықтар ашып, 150 адамды қарыз деңгейінен шығару мақсаты қойылған. Болашақта «қара тізімнен» шыққан тұрғындар әрі қарай мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламаларына, «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2,5 пайыздық несиесін алуға қатыса алады. «Агросауат» орталығын құру бастамасы мен ауылдық бизнесті кредиттеуге салынған ауқымды инвестициялар Amanat партиясы мен «Халық» қорының Қазақстанның аграрлық секторын орнықты дамытуға, жергілікті қоғамдастықтарды қолдауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканы дамытудың басым бағыты ретінде аталған болатын. Өңірлерде экономикалық белсенділік пен кәсіпкерлікті ынт а ландыруға бағытт а лған «Ауыл шаруашылығын дамыту» стратегиясында да ауылдық жерлерде жаппай жұмыспен қамту үшін жағдайды жақсарту шаралары көзделген. Осы межеленген мақсаттарға жетуге «Агросауат» орталығының қосар үлесі зор болатынына сенеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Меркі ауданы