Денсаулық

Мәуліт мерекесі ұлықталды

Мәуліт мерекесі ұлықталды

Бесағаш ауылында Мәуліт мерекесі аталып өтті. «Бесағаш» мешітінде өткізілген сауапты да, салауатты ғибратқа толы рухани шараға облыстың бас имамы Данияр Жұмабаев, Жамбыл ауданының бас имамы Ғарифулла Әмірбеков, Жамбыл ауданының әкімі Рүстем Дәулет және басқа да сыйлы қонақтар қатысты. Өнегеге толы басқосуда қасиетті Құран оқылып, Аллаға мадақ, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, тәуелсіз еліміз­дің рухани тұтастығы мен кемелді болашағы үшін дұға жасалды. «Тараздың іргесінде орналас­қан берекесі мен бірлігі жарасқан Бесағаш ауылы дінді берік ұстауымен қашанда белгілі. Бұл ауылда азан айтылып жатқанда көшеде кетіп бара жатқан жұрттың бәрі отыра қалып, бата қылып жатқанын көресіз. Бесағашта қандай жағдай болмасын қариялар қауымының ақылы мен кеңесінен ауыл тұрғындары асып кете алмайтыны тағы бар» дейді, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әсет Сапиев. Сонымен қатар, мұсылман жұрты үшін ұлық саналатын Мәуліт мерекесінде бесағаштық көнекөз қариялар жастарға ғибратты ақыл-кеңестерін айтып, «Бесағаш» мешітінің бас имамы Мұса Сүлейменов мерекелік іс-шараға жиналғандарға ақ батасын берді. Басқосуға жиналған барша жамағат өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, бір-бірін құттықтап тарасты.

Әлішер Ғарипуллаев, тарихшы.

Жамбыл ауданы.