Су тасқыны: қорғаныс министрі үндеу жолдады
Су тасқыны: қорғаныс министрі үндеу жолдады
Бүгінде су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштердің "Оңтүстік", "Астана", "Шығыс", "Батыс" өңірлік қолбасшылықтары әскери бөлімдерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, аумақтық қорғаныс бригадаларының, РХБҚ бөлімшелерінің әскери қызметшілері және әскери инженерлер қатысуда. Табандылық әрі моральдық күш-жігерді қажет ететін мұндай сындарлы жағдайға алғаш тап болған сарбаздар үшін министрдің үндеуі маңызды болды.
Ол сондай-ақ, өткен жылы әскери қызметшілер ТЖМ және басқа да күштік ведомстволардың мамандарымен бірге күрделі жағдайда орман өртін сөндіруге үлкен үлес қосқанын атап өтті. Енді олар елді мекендерді тасқын су басуынан қорғап, келетін зиянды азайтуға және жергілікті тұрғындарға табиғи апатты жеңуге көмектесіп жатыр.
Өз кезегінде 31775 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері Илья Кузьмин қиын сәтте сарбаздар елге қолдан келген көмегін аямайтынын алға тартты.
«Астана» ӨңҚ-да әскери қызмет өткеріп жатқан көптеген сарбаздар Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылған. Сондықтан елді мекендерді топан судан қорғау міндетіне олар ерекше жауапкершілікпен қарап, жерлестеріне көмектесуге бар күшін салуда. Телекөпір барысында Қорғаныс министрі лайықты ұл тәрбиелегені үшін сарбаздардың ата-аналарына алғысын жеткізді. Ол барлық әскери қызметшілерге шыдамдылық пен төзімділік тілеп, тұрақты орналасқан орындарына аман-есен оралуға тілектестігін жеткізді.