Бабалар салған сара жол
Бабалар салған сара жол
Облыс әкімдігі білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен ұлттық тарихымызды насихаттау мақсатында жалпы білім беретін орта мектептердегі тарих пәні мұғалімдерінің қатысуымен «Қазақ хандығына – 550 жыл: тарихнамасы мен зерттеу перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді.
Әңгіме барысында Елбасымыздың мемлекеттіліктің тарихына қатысты ой-толғамдары, тарихи сананы жаңарту бағытындағы бастамалары, «Мәңгілік Ел» идеясының ұлттық идеологияға айналуы жайлы ой-пікірлері арқау болды. Өзекті тақырыптар талқыланған кездесуде тарих пәнінің мұғалімдерімен қатар жоғары оқу орындарының ғалымдары да қатысты. Тарихқа қатысты деректерді саралауда мектеп мұғалімдері белсенділік танытты. Қалалық №16 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Серік Кеңесұлы, Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Зәуре Аманжолқызы және №8 гимназияның тарих пәні мұғалімі Әлішер Әзімбайұлы өз ойларын тиянақты жеткізді. Дөңгелек үстел отырысында қазақ хандығының құрылу тарихы, ондағы тұлғалардың рөлі кеңінен сөз болды. Жиналғандар төл тарихтың парақтарында алтын әріптермен хатталған дәуірлердің бүгінде назардан тыс қалмауы керектігін, насихатталуы тиіс екенін қадап айтты.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».
Тараз қаласы.