Жаңалықтар

Жамбыл облысында браконьерлерге 145 мың теңге айыппұл салынды

Жамбыл облысында браконьерлерге 145 мың теңге айыппұл салынды

Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан 5 шақырымға жуық қараусыз ау құралы табылды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz сайты 24KZ-ке сілтеме жасап

Балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының айтуынша, ау құралы браконьерлерден қалған болуы мүмкін. Олар уылдырық шашу кезеңінде де табиғат байлығына заңсыз қол салуды тоқтатар емес. Инспекторлар табиғат қаскөйлерінің жолын кесу үшін күні-түні рейд жүргізумен қатар су айдындарын тазартып жатыр. «Уылдырық» шарасы аясында браконьерлерді ұстау кезінде көлік ішінен 30 келіден астам заңсыз ауланған шаян табылды. Ал келесі көліктің жүксалғышынан бірнеше дорба балық тәркіленген. Жедел-профилактикалық шара басталғалы өңірде 10-ға жуық осындай дерек анықталған. Құқық бұзғандарға 145 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Табиғат қаскөйлерінің су астында қалдырып кеткен 5 шақырымға жуық ау-құралы Тасөткел су қоймасынан шығарылды. Оны қоғам белсенділері мен балық инспекциясының мамандары су айдынын тазалау барысында тапқан. Айта кетейік, бұл су қоймасының жағалауы «Таза Қазақстан» акциясы аясында ретке келтірілген. Арнайы техникалармен 10 тоннаға жуық қоқыс жиналды.