Тапсырмалар тиісті деңгейде орындалуы керек
Тапсырмалар тиісті деңгейде орындалуы керек
– Өздеріңізге белгілі, жылыту маусымы өткен жылдың 12 қазанынан басталып, 15 сәуірде аяқталды. Бүгінде облыс аумағындағы 9 жылу энергетика кешендері мен 593 автономды қазандық арқылы 1646 көпқабатты тұрғын үйлер мен 1 737 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі. Жалпы, өткерілген жылыту маусымында жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде ірі сипаттағы авариялық және технологиялық бұзушылықтар тіркелген жоқ, – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, Дамир Тұңғатов алдағы жылыту маусымына дайындық барысына тоқталып өтті. Ол осы мақсатта Тараз қаласында алдағы бір ай мерзімде ыстық судың уақытша берілмейтіндігін жеткізді. Басқарма басшысының айтуынша, шаһарда 1328 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ал, оның 964-і жаз айында ыстық суды пайдаланады. – Алдағы жылыту маусымына Тараз қаласының жылу желілері мен жылу көздерін сапалы дайындау мақсатында ағымдағы жылдың 15 сәуірінен бастап ыстық судың берілуі уақытша 30 күнге тоқтатылды. Сәйкесінше, бұл аралықта жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу, анықталған ақауларды, жарылған құбырларды қалпына келтіру, жылу көздеріндегі қазандар мен жабдықтарды түгендеу, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Болжам бойынша бұл шараларға шамамен 14,7 миллиард теңге қарастырылып отыр, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 10 миллиард 253 миллион теңге қарастырылған деді, – Дамир Сейсенбекұлы. Бұдан бөлек, әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі екінші мәселе жергілікті атқарушылық органдардың орындаушылық тәртібі бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ернар Әбілдаев баяндама жасап, мерзімінен кешіккен тапсырмаларды тізбектеді. Ернар Ғалиұлының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тапсырмалардың орындалу мерзімінің кешігуі аудан әкімдері мен тиісті салалық басқармалардың арасында бірлескен жұмыстың жүзеге аспауынан орын алған. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аталған мәселелерді шешу бойынша жұмыстардың сапалы атқарылуы керектігін баса айтты. Аймақ басшысы осы тұста жауаптыларға жалған ақпарат бермей, нақты көрсеткішке жұмыс жасау керектігін айтып, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында орын алған табиғи апат салдарынан болған жайтты мысалға келтірді. – Облыста жаңбырлы маусым енді басталды. Аудан әкімдері мен салаға жауапты орынбасарлары жағдайды бақылауға алып, тұрақты түрде тексеру жүргізу керек. Күні кеше Жамбыл ауданында орын алған оқиға баршамызға сабақ болуы қажет. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың орындаушылық тәртіп мәселесі қатаң бақылауға алынсын. Бұл ретте жылыту маусымына дайындық барысында тұрғындарға жылыту жүйесін дер кезінде жаңарту ісі бойынша түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі керек, – деді Ербол Шырақпайұлы. Жиын соңында аймақ басшысы аталған мәселелер бойынша жұмыстардың аудан басшылары тарапынан назарға алыну керектігін атап өтіп, кемшіліктердің алдын алу мақсатында тиісті тапсырмалар берді. Бұдан бөлек, Ербол Қарашөкеев облыс әкімінің аппараты басшысына орындаушылық тәртіп бойынша төмен көрсеткіштерге ие болған аудан әкімдеріне тиісті әкімшілік шара қолдануды тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК