«Қызыл кітапқа» енген жануарлар бақылауда
«Қызыл кітапқа» енген жануарлар бақылауда
Наурыздың 20-сынан басталған авиасанақ үш ай бойы өткізіледі. Сирек кездесетін тұяқты жануарлардың ішіндегі арқар санын санау мақсатында «Охотзоопром өндірістік бірлестігі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қызметкерлері облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен және «Зоология институты» РМК өкілдерімен бірлесе отырып әуе санағын жүргізуде. Бұл іс-шара біздің облыста 26-31 наурыз аралығында өткізілді. Облысымыздың Үлкен Ақтау, Шабақты, Қарашат, Жамбыл тау, Хантау, Аңырақай, Жетіжол, Байқара тауларының жоталарында жүргізілген әуе санағы 40 сағатты құраған. – Облыстағы тікұшақтың орналасатын жері – Мойынқұм ауылы. Сондықтан әуесанағына осы аймақтан шықтық. Жылына бір рет әуе санағы көктемде өткізілсе, күз мезгілінде жер үсті санақ жүргізіледі. Біз негізінен Аңырақай, Байқара, Жамбыл, Қордай, Хан тауларын барладық. Негізінен мұнда Жамбыл облысының тауларын мекендейтін қарақұйрық пен арқардың саны зерделенеді. Олар мамыр айында төлдейді. Төлдемей тұрып ерте көктемде саналады. Содан соң күзгі жер үсті санағында төлдерімен бірге тізімге алынады. Қазіргі уақытта жүргізілген санақ нәтижесін әлі нақты айта алмаймыз. Себебі, бұл санақ жалпы республика бойынша жүргізіліп жатыр. Барлығы өткізіліп болғаннан кейін, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің Зоология институтымен бірлесіп, нақты саны шығарылады. Мекемеміздің басты мақсаты – тұяқты жануарлардың санын көбейту. Осы бағыттағы жұмыстар тек санақпен шектелмей, бекітілген жоспармен жалғаса береді, – дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жануарлар дүниесін есепке алу және мониторинг бөлімінің маманы Дидар Оспанов. Дидар Дәулетұлының айтуынша, арқар өңірімізде кіші Қаратауда, яғни Қаратау жотасының Жамбыл бөлігінде мекендейді. Кіші Қаратау сілемінің оңтүстік-шығыс бөлігінде, яғни Жамбыл облысының шегінде бұл жолғы авиациялық есеп жүргізу кезінде жануарлардың елеулі аумақтық қайта бөлінуі байқалмаған. Кіші Қаратаудағы арқар Билікөл ойпатына қарайтын солтүстік-шығыс макро еңісінде де, үлкен Ақтау тау жотасында да, Шабақты және Қарашат тауларында да кездескен. Солтүстік-шығыс беткейінде арқарлар бұрын оңтүстігінде Тұттысай шатқалынан солтүстігінде Еліксай шатқалына дейін кең таралған болса, қазіргі уақытта ол тек Саясу шатқалынан, одан әрі Беркар мен Еліксайда бары байқалыпты. Соңғы жылдары саны біршама өскен және жеке аңшылық шаруашылығының құрылуына байланысты үй қойларының саны өскендіктен арқар Күйік, кіші және үлкен Алмалысай, Арбатас, кіші және үлкен Сайжол, Қасқабұлақ шатқалдарына ығысыпты. Қыс мезгілінде кіші Қаратаудағы арқарлар Билікөл бассейніне қарасты Оңтүстік-Шығыс қарлы беткейлерде шоғырланып, жазғы уақытта жануарлардың бір бөлігі осы алқаптарда жаз мезгіліне қалады екен. Ал, бір бөлігі биік таулы аймақтарға, соның ішінде Талас Алатауына, Ақсу-Жабағылы қорығына қоныс аударады.
Қамар ҚАРАСАЕВА