Көркі көңіл құлазытады
Көркі көңіл құлазытады
Облысымыздың әкімшілік орталығы саналатын Тараз қаласы жылдан-жылға түрленіп, тотыдай таранып келеді. Өңір экономикасы қуат алған соңғы жылдары қалада зәулім болмаса небір әсем ғимараттардың бой көтергені, саябақтар мен гүлзарлардың ашылуы көптің көңілінен шығуда. Қаладағы негізгі көшелердің бойында көгалдандыру, абаттандыру шаралары жүйеленді. Одан бөлек, әкімшілік ғимараттардың қасбеттері де бірыңғай сәулет үлгісімен қайта әрленіп, қалаға одан әрі көрік бере түсті. Әсіресе, орталық «Достық» алаңындағы сәулет адам танымастай өзгерді.
Қазақ хандығының 550 жылдығы Таразда тойланатын болды. Осы тойға жиналған қауымның шаһардың келбетіне назар аударатыны жасырын емес. Осы орайда айтар уәж де бар. Мәселен, қаланың батыс бетіндегі Тәуке хан мен Төле би көшелерінің қиылысар тұсындағы қатар тұрған тоғыз қабатты үш үйдің бүгінгі сұрқы көңіл құлазытады. Пайдалануға берілгелі бері сырты мен қасбеті боялмаған. Ал көшелердің қиылысындағы көпір де жаңалауды қажет етіп тұр. Тараз қаласының әкімдігі 550 жылдыққа дайындық шаралары барысында осы мәселелерді де ескерер деген ойдамыз.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.